"Қазақша сөйлеп, туыстарымды таңғалдырды": Қазақ қызы жапон жігітімен махаббат хикаясын баяндады
Таразда туып-өскен 24 жастағы Элеонора үш жыл бұрын жұмыс істеу үшін Дубайға көшіп, сол жақта жапониялық Юмамен танысқан. Бүгінде екі жас бірге саяхаттап, бір-бірінің тілін үйреніп жүр: Элеонора жапон тілін меңгерсе, Юма қазақша сөйлеп, сүйіктісінің туыстарын таңғалдырған. Қазақстанға алғаш келгенде Юманы қазақтың қонақжайлығы мен үлкен отбасылық басқосулары ерекше әсерге бөлеген. Элеонора Stan.kz тілшісіне екі түрлі мәдениет өкілінің қарым-қатынасы, менталитет айырмашылығы және болашаққа жоспары туралы айтып берді.
Ауылда өскен қазақ қызы мен жапон жігіті Дубайда танысқан
Элеонора Тараз қаласының тумасы. Кейін Астанада тұрған, қазір оның ата-анасы сонда тұрады. Мамандығы – қонақүй және мейрамхана бизнесінің маманы.
Үш жыл бұрын ол жұмыс бабымен Дубайға көшіп, қонақүй саласында еңбек ете бастаған. Қазір Элеонора әлеуметтік желі жүргізіп, саяхаттары мен интернационалды жұп ретіндегі өмірі туралы бөліседі.
Юмамен де дәл Дубайда танысқан. Екеуін Элеонораның әріптесі таныстырған. Ал алғашқы кездесуге олар жапон мейрамханасына барған.
“Алғаш көргеннен-ақ ол маған өте жағымды әсер қалдырды. Нағыз джентльмен сияқты көрінді. Өте мұқият әрі қамқор болды: стақанымның бос қалмауын қадағалап, тамақ салып беріп, бәрі ұнап жатқанын сұрап отырды. Әңгімеміз де бірден жеңіл өрбіді”, – дейді Элеонора.
Бірнеше кездесуден кейін екеуі бір-бірінің жанында өздерін еркін сезінетінін түсінген.
Элеонораны Юманың өзгеге құрметпен қарайтыны, сабырлылығы және жеке шекараны сақтай білетіні баурапты. Ал жапон жігітін қазақ қызының ашықтығы мен энергиясынан бөлек, оның балалық шағы туралы әңгімесі ерекше қызықтырған.
“Алғашқы кездесуде оған балалық шағым туралы айттым. Мен ауылда өстім. Бала кезімізде сиыр, ешкі, қой, тауық бағып, табиғат аясында көп уақыт өткізетінбіз. Қарапайым ауыл тіршілігі ғой. Бұл оған өте қызық әрі ерекше көрінді. Юма әлі күнге дейін дәл осы әңгімемнің есінде қалғанын айтады. Дубайда осындай балалық шағы болған қызды кездестіремін деп күтпесе керек”, – дейді ол.
“Әр кездесудің алдында сұрақтар мен ойындар дайындап келетін”
Олар қарым-қатынастарының алғашқы кезеңінде күн сайын дерлік кездескен. Элеонораның айтуынша, екеуі сағаттап сөйлесуден жалықпаған.
Юма әр кездесуге ерекше дайындалып келген. Бір-бірін жақынырақ тану үшін алдын ала сұрақтар ойластырып, түрлі шағын ойындар мен тапсырмалар әзірлейтін болған.
“Қазір сол кезде сағаттап не туралы сөйлескенімізді есіме де түсіре алмаймын. Бізге бірге уақыт өткізу жай ғана қызық болатын. Юма басынан-ақ қарым-қатынасқа байыппен қарайтынын ашық айтты. Сондықтан бірнеше кездесуден кейін-ақ бұл жай ғана таныстық емес екенін түсіндім”, – дейді Элеонора.
Қазір жұп негізінен ағылшын тілінде сөйлеседі. Алайда екеуі де бір-бірінің ана тілін үйреніп жүр. Элеонора жапон тілінен арнайы курсқа қатысса, Юма қазақ тілін меңгеріп жүр.
“Ол біраз қазақша сөздер мен тіркестерді үйреніп алды. Қазақстанға бірге келгенімізде қазақша сөйлеп, тіпті туыстарымды таңғалдырды. Бұл менің отбасыма ерекше жағымды әсер етті”, – дейді бойжеткен.
Элеонораны ерекше таңғалдырған жапон мәдениетінің тұсы
Элеонораның айтуынша, алғашқы кезде екеуі мәдени айырмашылықты аса қатты сезбеген. Бір-бірін ең алдымен екі бөлек мәдениеттің өкілі емес, мінезі әртүрлі екі адам ретінде қабылдаған.
Дегенмен уақыт өте келе тұрмыста, эмоцияны білдіруде және адамдармен қарым-қатынаста ерекшеліктер байқала бастаған.
Элеонораға әсіресе Юманың өзгеге қолайсыздық тудырмауға тырысатыны қызық көрінген.
“Жапон мәдениетінде сыпайылыққа, айналадағы адамдарды құрметтеуге және өзгеге кедергі келтірмеуге үлкен мән беріледі. Мысалы, оған бір нәрсе ұнамаса да, басқа адамға ыңғайсыздық тудырмас үшін үндемей қалуы мүмкін. Ал мен керісінше эмоциясы көп, белсенді адаммын. Ұнаған немесе ұнамаған нәрсені ашық айтып үйренгенмін. Бастапқыда адамның өзгелердің сезімі мен жайлылығын соншалық ойлайтыны маған таңсық болды”, – дейді ол.
Оның сөзінше, уақыт өте келе екеуі осы мәселеде ортақ тепе-теңдік тапқан.
Қазақ қызына жапондардың ұсақ-түйекке дейін мән беруі, сапаға және атқаратын ісіне жауапкершілікпен қарауы ұнайды. Сондай-ақ оған жапон мәдениетіндегі “икигай” философиясы жақын.
Ал үйренуі қиындау болған қасиет – эмоцияны ұстамды көрсету.
“Мен эмоциямды ашық білдіремін. Сондықтан кейде одан да айқынырақ реакция күтетінмін. Қазір екеуіміз бір-біріміздің кейбір әдеттерімізді қабылдап, тіпті үйреніп те алдық”, – дейді Элеонора.
Юма қазақтардың қонақжайлылығынан мәдени шок алған
Юма Қазақстанға алғаш рет Элеонораның ата-анасымен танысу үшін келген. Сол сапарында қазақ отбасындағы қонақ күту дәстүрін жақыннан көрген.
Ең қатты таңғалдырғаны – бір үйге жиналатын адамның көптігі.
“Қазақстанға алғаш келгенімізде туыстарымыз бізді үйлеріне шақыра бастады. Бір күні қонаққа барсақ, үйде 15-20 шақты адам отыр екен. Оның реакциясы әлі есімде. Бұл Юма үшін нағыз мәдени шок болды. Өйткені олардың мәдениетінде мұндай ауқымды отбасылық басқосулар жиі кездесе бермейді”, – дейді Элеонора.
Жапон жігітін қазақ дастарханының молдығы да таңғалдырған.
“Алдымен ыстық тамақ келеді, одан кейін тәттілер, десерт, шай жалғасады. Оның үстіне дастарханда үнемі бірнеше тағам тұрады. Ол біздің қонақжайлығымызды, адамдардың ашықтығын және отбасыға ерекше мән беретінімізді жақсы көреді. Бірақ осының бәрінің ауқымы оған әлі де ерекше көрінеді”, – дейді бойжеткен.
Қазақтың тойын Юма әзірге тек видеодан көрген. Элеонораның айтуынша, оның жүздеген адам қатысатын қазақ тойын өз көзімен көруге қызығушылығы жоғары.
Бешбармақ пен қазы ұнады, бірақ құртты ұнатпады
Қазақстанға сапары кезінде Юма ұлттық тағамдардың да дәмін татып көрген.
Оған бешбармақ, кәуап және қазы ұнапты. Дегенмен жапон жігітінің ең сүйікті тағамы ұлттық ас емес, Элеонораның анасы дайындайтын палау болып шыққан.
“Ол анамнан үнемі палау дайындап беруін сұрайды. Кейін басқа жерлерден де палау жеп көрдік. Бірақ әлі күнге дейін “сенің анаңның палауы бәрінен дәмді” дейді”, – деп күледі Элеонора.
Ал қазақтың құртынан бірнеше рет дәм татқанына қарамастан, оған үйрене алмаған.
“Құртқа бірнеше рет мүмкіндік беріп көрді. Бірақ әзірге оның сүйікті қазақ тағамдарының қатарына кіре қойған жоқ”, – дейді ол.
“Ата-анам үшін оның ұлты емес, маған қалай қарайтыны маңызды болды”
Элеонора сүйіктісінің жапон екенін алғаш естігенде отбасы мүшелерінің қызығушылық танытқанын жасырмады. Дегенмен бұл жаңалық ата-анасы үшін үлкен тосынсый болмаған.
Өйткені Элеонора бірнеше жылдан бері шетелде тұрады. Дубайға дейін Түркияда да өмір сүрген.
“Отбасым менің халықаралық ортада жүргеніме үйренген. Юма оларға бірден ұнады. Ата-анам үшін оның төлқұжатында қандай мемлекет жазылғаны немесе ұлты қандай екенінен гөрі, маған қалай қарайтыны әлдеқайда маңызды болды”, – дейді ол.
“Балаларымыз қазақ тілін міндетті түрде білсе деймін”
Қазір Элеонора мен Юма үйленбеген. Екі жақтың ата-аналары да әзірге бір-бірімен жүздеспеген. Жұп болашақта оларды таныстыруды жоспарлап отыр. Қазір бұл мәселеде визалық құжаттарды реттеп жатқан көрінеді.
Элеонора болашақта балалары болса, оларды екі мәдениеттен де алшақтатқысы келмейтінін айтады.
“Балаларымыздың Қазақстанмен де, Жапониямен де байланысын сезініп өскенін қалаймын. Мен үшін олардың қазақ тілін білуі міндетті. Ағылшын тілі отбасымыздағы ортақ тіл болуы мүмкін, ал жапон тілі де міндетті түрде болуы керек. Өйткені бұл – олардың әкесінің тілі мен мәдениеті”, – дейді ол.
Юма Германияда өскендіктен, неміс тілін де біледі. Сондықтан Элеонора болашақта әкесі балаларға неміс тілін де үйреткісі келсе, оны қолдайтынын жеткізді.
“Бала кезінен бірнеше тілде сөйлеп, бірнеше мәдениетті түсініп өсу – оларға бере алатын үлкен сыйымыз деп ойлаймын”, – дейді Элеонора.
Екі мәдениет бір-бірін өзгертті ме?
Элеонора Юмамен қарым-қатынасы өзінің де мінезіне әсер еткенін айтады. Ол бұрынғыдан сабырлы әрі шыдамды бола бастаған. Ең бастысы, сүйіктісі оған өзіне көбірек сенуге және мүмкіндігін шектемеуге көмектескен.
Ал Элеонора, керісінше, Юмаға сезімі мен ойын ашық білдіруге ықпал еткенін байқайды.
“Біз үнемі бір-бірімізден бірдеңе үйреніп келеміз. Ең маңыздысы – қиын сәттерде мұңайып қалмай, бір-бірімізді қолдап, кез келген жағдайдан жақсы нәрсе табуға үйрендік”, – дейді ол.
Элеонора мәдениеті бөлек адамдар арасындағы қарым-қатынастың негізгі шарты – ашық әңгіме деп есептейді.
"Кез келген қарым-қатынас еңбекті талап етеді. Екі адам бір елде, бір мәдениетте өсіп, бір тілде сөйлесе де солай. Ал интернационалды қарым-қатынаста бір-біріңмен ашық сөйлесу тіпті маңызды. Өз қалауың мен күткеніңді айту керек. Сіз үшін ненің қалыпты, ненің қабылдауға келмейтінін түсіндіруден қорықпау қажет. Серігің менің сезімімді немесе қалауымды өзі түсініп алады деп күтпеу керек”, – деп түйіндеді Элеонора.
Оның сөзінше, мәдени айырмашылықтар қарым-қатынасқа кедергі емес, керісінше, бір-бірін тереңірек тануға және жаңа дүниелерді бірге үйренуге мүмкіндік береді.
Мұғалімдерді аттестаттау жүйесі мен шетелден көлік әкелу тәртібі қайта қаралады: 1 қыркүйектен бастап Қазақстанда не өзгереді?