Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Аутист қызметкер Burger King-тегі жанжалдан соң қызметінен кетті: Анасы оның қысым мен буллингке ұшырағанын айтты

аутист Әлібек
Фото: threads.com желісінен скрин

Аутизмі бар қызметкердің жұмысына қатысты дау ақпан айында басталып, еңбек инспекциясының тексеруіне дейін жеткен еді. Арада жеті ай өткен соң Жанат Қаратай ұлы Әлібектің 11 қыркүйектен бастап Burger King-тен ресми түрде кеткенін мәлімдеді. Анасы компанияның жұмыстан шығу туралы өтініші тіркелгеніне қарамастан, ұлын неге бірнеше ай бойы әбігерге салғанына жауап талап етті. Даудың басы неден басталғанын Stan.kz толығырақ зерттеп көрді. 

Жанжал неден басталды?

Жарты жылдан бергі Burger King Kazakhstan-дағы жанжалдың басы аутизмі бар 27 жастағы Әлібек Қаратайдың жұмысына қатысты жағдайдан басталған. Төрт жылға жуық уақыт бойы желіде аспаз болып жұмыс істеген жігіттің анасы Жанат Қаратай жаңа басшылық келгеннен кейін ұлына жұмыстан кетуге қысым көрсетіле бастағанын мәлімдеген. Оның жазбасынан кейін Burger King-ке қатысты басқа да шағымдар айтылып, әлеуметтік желіде бойкот басталған.

Анасы Жанат Қаратайдың айтуынша, Әлібек Burger King-те төрт жыл бойы тұрақты жұмыс істеген. Ол ұжымға бейімделіп, қосымша ауысымдарға шығып, жұмыс кестесі мен демалысын жоспарлаған. Бір филиалдан екіншісіне де ауысып отырған. Анасының сөзінше, бұл оның қоғамға бейімделуі үшін маңызды жетістік болған. Алайда жаңа басшылық келгеннен кейін жағдай күрт өзгерген.

Қаратайдың айтуынша, ұлына қатысты "көзге көрінбейтін қысым" басталып, Әлібектің мінез-құлқы да өзгере бастаған. Анасы кейін ғана ұлын жұмыстан кетуге мәжбүрлеп жатқанын білгенін айтқан. Осы жағдай туралы жазба әлеуметтік желіде тарағаннан кейін Burger King Kazakhstan компаниясы Әлібектің жұмыстан шығарылмағанын мәлімдеді. Компанияның нұсқасы бойынша Әлібек уақытша жұмысқа шықпай жүрген, ал оның анасы 6 ақпанда ұлының атынан жұмыстан шығу туралы өтініш әкелген. Компания мұндай өтінішті қызметкердің өзі жазуы керек екенін алға тартты.
Компания Әлібекке жұмысты жалғастырудың түрлі жолдары, соның ішінде басқа мейрамханаға ауысу мүмкіндігі ұсынылғанын да айтты.

Бірақ жанжал осы жерден тоқтамады. Әлеуметтік желіде компанияның бұрынғы қызметкерлері жаңа менеджментке қатысты басқа да шағымдарын жариялай бастады. Олардың бірі Ресейден келген жаңа басшылық келгеннен кейін еңбек жағдайы мен ұжымдағы ахуал өзгергенін айтқан.

Бұдан бөлек, Қазақстан мен қазақтарға қатысты қорлайтын мемге байланысты дау шықты. Бұрынғы қызметкердің сөзінше, мұндай мемді Burger King мейрамханаларының бірінде басшылыққа жақын адам жариялаған. Қызметкерлердің бірі мұны Threads желісінде көтергенімен, кейін жазбаны өшіруге қысым болғанын мәлімдеді.

Әлібек
Фото: threads.com желісінен скрин

Жанжал қоғамның назарын аударып, қазақстандықтар Burger King-ті бойкоттауға шақыра бастады. Әлеуметтік желіде компанияға қатысты жүздеген жағымсыз пікір пайда болды.

Кейін іске Мемлекеттік еңбек инспекциясы араласты. Алматы қаласы бойынша департамент "QSR" ЖШС-ға қатысты жоспардан тыс тексеру жүргізіп, еңбек заңнамасының бірнеше рет бұзылғанын анықтады.

Тексеру кезінде жалақыдан заңсыз ұстап қалу, жалақыны жүйелі түрде кешіктіру, нақты жұмыс істеген уақытты есепке алмау, мереке және демалыс күндеріндегі еңбекақыны дұрыс төлемеу фактілері анықталған. Сондай-ақ ауысым кестелерін қызметкерлерге кеш жеткізу, қажетті арнайы киіммен қамтамасыз етпеу және еңбекті қорғау бойынша міндетті нұсқамадан өткізбей жұмысқа жіберу жағдайлары тіркелген.

Осылайша, компанияға бұзушылықтарды жою туралы нұсқама беріліп, әкімшілік істер қозғалды. Бұдан кейін бірнеше ай өткен соң осы оқиға қайтадан күн тәртібіне шықты.

“Команда тарапынан қысымға, буллингке ұшырады”

Жанат Қаратайдың айтуынша, Әлібектің Burger King-тегі төрт жылдық жұмысы бүгін ресми түрде аяқталған. Оның сөзінше, кейінгі айларда басшылық тарапынан болған қысым, буллинг, шовинизм мен эйблизм аутист ұлының психологиялық жағдайына ауыр әсер еткен. Отбасы бірнеше ай бойы Әлібектің эмоционалдық және психикалық жағдайын қалпына келтіруге тырысқан.

"Кейін бас директор Амилаханова бастаған команда тарапынан қысымға, буллингке ұшырады. Аймақтық басқарушы Сергей Петров тарапынан көрсетілген шовинизм мен эйблизм аутизмі бар ұлымыз Алибектің жан дүниесінде өшпес жара қалдырды. Бірнеше ай бойы оның эмоционалдық және психологиялық жағдайын қалпына келтірумен айналыстық. Бұл процесс әлі де жалғасып жатыр", – деп жазды Жанат Қаратай.

Жанат Қаратай Burger King-ке сұрақ қойып, ұлының өткен жылдың желтоқсанынан бері жұмысқа шықпағанын айтты.

"Ұлымыз өткен жылдың 17 желтоқсанынан бері алдымен еңбекке жарамсыздық парағына, кейін компания “жоғалтып алған” демалысқа байланысты жұмысқа шыққан жоқ. 3 ақпанда демалысы аяқталып, ол жұмыстан кетуге шешім қабылдап, өтініш жазды. Өтініші тіркеліп, тиісті рәсім басталды. Бірақ содан кейін бәрі тоқтап қалды. Біз оның Еңбек жүйесіндегі жұмыстан шығарылғаны туралы ақпараттың пайда болуын күте алмадық. Енді ол қайтадан өтініш жазып, 11 қыркүйектен бастап жұмыстан шығарылды. Тиісті бұйрық та шықты", – дейді Жанат Қаратай.

Қаратай компания Әлібектің жұмыстан шығу туралы өтініші әу бастан-ақ қабылданып қойғанын, алайда баланы әбігерге салғанын айтады.

"Компания 2026 жылғы 3 ақпанда қабылданып, тіркелген жұмыстан шығу туралы өтінішіне қарамастан, оны әдейі ұстап отырды. Компания тарапынан Әлібектен әлі күнге дейін кешірім сұралған жоқ. Бұған буллинг, жалақыдан заңсыз ұсталымдар, артық жұмыс істету, еңбек демалысы үшін өтемақы мәселелері, сондай-ақ жұмысқа берілген жалғыз киім жиынтығы мен аяқ киімді өз қаражатына химиялық тазалауға және жууға мәжбүр болғаны тағы бар", – деп Жанат Қаратай шағымданды. 

Жанат Қаратайдың жазуынша, бұрынғы Burger King қызметкерлері Өзбекстанға ауыстырылған. Ол бұл шешімге қатысты жергілікті заңдар мен мәдениеттің ерекшеліктерін атап өтті.

"Бұрынғы Burger King қызметкерлерінің айтуынша, оларды Өзбекстанға ауыстырған. Өзбектер жергілікті заңдар мен мәдениетті қабылдаудың ерекшеліктерін жақсы білуі керек", – дейді Әлібектің анасы.

Жанат Қаратай бұл жағдайдан қоғам мен мемлекеттік органдар қорытынды шығаруы керек деп санайды. Ол Үкімет пен Құрылтайды мұндай жағдайлардың қайталанбауы үшін шара қабылдауға шақырды. Сонымен қатар Burger King франшизасындағы "екі жүзділігіне" назар аударды. Әлібектің оқиғасы әлеуметтік желі қолданушыларының да наразылығын тудырды. Бірқатар оқырман Burger King-ке бойкот жариялап, енді бұл жерден тамақ алмайтынын жазды.

"Осы жағдайдан кейін Burger King-тен ештеңе сатып алмаймын. Бұрын тек сол жерден алатынмын. Өкінішке қарай, шетелдік компаниялар азаматтарымыздың құқығын бұзған кезде мемлекет оларды қорғамайтындай көрінеді. Ал олардың тарапынан болған шовинизмді қалай жұтып қойғаны тіпті қорқытады", – деп жазды оқырман.

Кейбір оқырман компаниядағы басқарушы қызметтерге шетелдіктердің тағайындалуына наразылық білдірді.

"Төрт жыл бойы жұмыс істеп келе жатқан, ерекше қажеттілігі бар қызметкерді сырттан келген біреу жұмыстан шығарады. Бұл елге деген құрметсіздік емес пе?" – дейді желі қолданушылардың бірі.

Әлеуметтік желі қолданушыларының тағы бірі осы оқиғадан кейін Burger King-ке бармайтынын айтып, желінің Қазақстандағы қызметіне наразылық білдірді.

"Ресейлік қызметкерлердің жергілікті персоналға қарым-қатынасы туралы жарияланымдардан және Әлібектің оқиғасынан кейін біз Burger King-ке бармаймыз. Қазақстаннан кетсін" деп жазды оқырман.

Алайда оқырмандар арасында Жанат Қаратайдың ұлын "Егер жағдай соншалықты нашар болып, ұзақ уақыт бойы жалғасса, ұлыңызды неге бірден алып кетпедіңіз?" деп сұрақ қойғандар да болды.

Редакция аталған мәселе бойынша Burger King Kazakhstan компаниясына да хабарласып, түсініктеме алуға тырысты. Алайда компанияның ресми сайтында көрсетілген байланыс нөміріне қоңырау шалғанымызға қарамастан, редакция қоңырауына жауап берілмеді.

Айым Атамбаева
Жұма, 11 Қыркүйек, 2026 14:34