2026 жылдың жазы аяқталар тұста температура бойынша тағы бірнеше рекорд жаңарды
2026 жылғы жаз Жер шарындағы ең ыстық кезеңдердің біріне айналды. Тамыз айында да бірнеше температуралық рекорд жаңарды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі BBC-ге сілтеме жасап хабарлайды.
Мұны Еуропаның орта мерзімді ауа райы болжамдары орталығының дерегіне сүйенсек, 2025 жылғы қарашадан бері алғаш рет тамыз айында жаһандық орташа температура индустрияға дейінгі 1850-1900 жылдардағы деңгейден 1,5 градусқа жоғарылаған.
Бұл көрсеткіш климаттың өзгеруіне қатысты аса маңызды шек саналады. 2015 жылы қабылданған Париж келісімінде әлем елдері жаһандық жылынуды осы межеден асырмауға күш салуға уағдаласқан еді.
Жылыну ауа температурасына ғана әсер етіп отырған жоқ. Мұхит суы да қыза түскен. Бұл ғалымдарды ерекше алаңдатады. Себебі мұхиттар Жер бетінің 70%-дан астамын алып жатыр және соңғы онжылдықтардағы артық жылудың шамамен 90%-ын өзіне сіңірген.

Тамызда полюстерден тыс аймақтардағы мұхит бетінің орташа температурасы осы ай үшін тарихтағы ең жоғары көрсеткішке жеткен. Сонымен қатар бұл деңгей 2024 жылғы наурызда тіркелген абсолютті рекордпен теңескен.
Еуропаның орта мерзімді ауа райы болжамдары орталығы өкілдерінің айтуынша, 2026 жылғы тамыз климаттық бақылаулар тарихындағы ерекше айлардың бірі болды. Ауа мен мұхит температурасының қатар рекорд жаңартуы климат өзгерісінің барған сайын күшейіп келе жатқанын көрсетеді.
Жағдайды Тынық мұхитында қалыптасып келе жатқан Эль-Ниньо құбылысы одан әрі ушықтыруы ықтимал. Ол әлі толық күшіне енген жоқ, бірақ мамандар биылғы Эль-Ниньо бақылау тарихындағы ең қуатты құбылыстардың біріне айналуы мүмкін екенін ескертіп отыр.
Әсіресе Батыс Еуропа аптап ыстықтан қатты зардап шекті. Мамыр айынан бері бұл өңірде кемінде бес ірі ыстық толқыны болған. Франция, Ұлыбритания мен Германияның бірқатар аймақтарында бірнеше ай бойы қалыпты деңгейде жауын жаумаған. Соның салдарынан көгалдар қурап, кей өзендердің суы тартылған.
Ал Португалия, Грекия, Түркия, Кипр, Еуропаның солтүстік-шығысы мен Ресейдің батысында, керісінше, жауын-шашын қалыпты мөлшерден көбірек түскен.
Жалпы Батыс Еуропада 2026 жылдың жазы бақылау тарихындағы ең ыстық жаз болып тіркелді. Жаңа көрсеткіш 20 жылдан астам уақыт бұрын орнатылған рекордтан да асып түсті.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда биыл аптап ыстықтан 26 адам көз жұмғаны хабарланған еді.
"1 миллион 200 мың теңге сұрады”: Қазақстандық мұғалімдер мектепке жұмысқа тұру ақша сұрайтынын айтып наразы болды