Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

“Теңізшевройл” компаниясына 53,7 миллион теңге көлемінде айыппұл салынды

Теңізшевройл жұмысшылары кен орнында
Фото: tengizchevroil.com

“Теңізшевройл” ЖШС 53,7 миллион теңге көлемінде айыппұл төлеуге міндеттелді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Бұл туралы Атырау облысының экология департаменті хабарлады.

Мемлекеттік орган ластаушы заттар шығарындыларының белгіленген нормадан асқанын анықтаған. Осыған байланысты "Теңізшевройлға" қатысты әкімшілік құқықбұзушылық туралы іс қозғалып, Жылыой аудандық соты қарауына жолданған.

"Істерді қарау нәтижесі бойынша 20 сәуірдегі сот қаулысымен ЖШС кінәлі деп танылып, 53,7 миллион теңге көлемінде айыппұл түріндегі әкімшілік жауапкершілікке тартылды", – делінген хабарламада.

Осыған дейін компания 2025 жылдың шілде айында зиянды заттарды ауаға шығарғаны үшін 639,6 миллион теңге көлемінде айыппұл төлеген.

Қазір "Теңізшевройл" компаниясымен бірнеше ірі компания серіктестік орнатқан. Chevron – 50%, “ҚазМұнайГаз” – 20%, “ЭксонМобил Казахстан Венчурс Инк.” – 25%, “Лукойл” – 5% үлес тиесілі.  Яғни компанияның жартысы Chevron-ға тиесілі, қалған бөлігі басқа серіктестер арасында бөлінген.

Еске салсақ, Қазақстан билігі америкалық Chevron компаниясымен 2033 жылы мерзімі аяқталатын Теңіз кен орнын игеру жөніндегі келісімшартты ұзарту бойынша алдын ала келіссөздерді бастағанын жазғанбыз.

Теңіз кен орны Қазақстан үшін де, америкалық компания үшін де стратегиялық маңызға ие. Әртүрлі бағалауларға сәйкес, аталмыш кен орны елдің жалпы ішкі өнімінің 10%-ына дейін қамтамасыз етеді, ал мұнай өндіру көлемі тәулігіне шамамен 1 миллион баррельге жақындаған. Жоба дәстүрлі түрде Астана мен АҚШ арасындағы ұзақ мерзімді энергетикалық әріптестіктің символы ретінде қарастырылады.

Дана Русланқызы
Сейсенбі, 28 Сәуір, 2026 19:40