Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыда автобус кенет тоқтап жолаушының қабырғасы сынып кетті

Алматы автобус жәбірленуші
Фото: facebook.com

16 мамыр күні Алматыдағы №119 автобустың жүргізушісі кенет тежегішті басып, қоғамдық көліктегі жолаушылардың бірі қатты зардап шеккен. Егде жастағы әйелдің қабырғасы сынып кеткен. Жәбірленуші тарап полиция оқиға орнына келген жоқ, жүргізушіге шара қабылданбады деп арызданды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Әйел адам автобус кенет тоқтағанда оңбай құлап, сол жақ 6-қабырғасын сындырған. Сондай-ақ жамбас пен тізе тұсынан қатты соққы алған.

“Оқиға орнына жедел жәрдем шақырдық. Дәрігерлер заң бойынша жол апатынан жарақат алғандықтан барлығын тіркеп, телефонграмманы полицияға жолдады. Қызықтың көкесі содан кейін басталды. Оқиға орнынан полиция келген жоқ. Арада 4 күн өтті, ешкім бізбен сөйлесуге келген жоқ. Іс қозғалмады, жүргізушіні ешкім іздемеді", – деп жазды жәбірленуші тарап.

Зардап шеккен әйелдің туыстары бейнебақылау жазбалары өшіп кетуі мүмкін екенін айтып, биліктен істі тезірек қолға алуды сұрады.

“Автобустардың “дрифті” қашанға дейін жалғасады? Адамдар сүйектерін сындырып жатыр. Автопарк жолаушылардың қауіпсіздігі үшін қашан жауапкершілікке тартылады”, – делінген жазбада.

Алматы қаласының полициясы Әуезов ауданында, Шаляпин көшесі мен Алтынсарин көшесінің қиылысында жол-көлік оқиғасы болғанын растады. Ол бойынша әкімшілік материал тіркеліп, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 610-бабының 2-бөлігі бойынша және 611-бабының 2-бөлігі бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылған. Алайда ведомство “полиция оқиға орнына бармады” деген ақпаратты жоққа шығарды.

“Полиция қызметкерлері оқиға орнына барып, жол-көлік оқиғасы бойынша материал жинады. Дерек тіркелді. Зардап шеккен азаматша полиция жасағы келгенге дейін №7 қалалық клиникалық ауруханаға жеткізілді. Қазір әкімшілік құқық бұзушылық ісі бойынша дәлелдемелерді жинап, істі толық қамту үшін барлық қажет шаралар қабылданып жатыр”, – деп мәлімдеді қалалық полиция департаменті.

Қазір әкімшілік іс бойынша тергеу жалғасып жатыр. Ведомствоның берген жауабына сенсек, барлық қажет сараптамалар мен әрекеттер жүргізілгеннен кейін түпкілікті процессуалды шешім қабылданады. 

Айым Болатқызы
Жұма, 29 Мамыр, 2026 15:30