Депутат үш бөлмелі қызметтік пәтеріне 60 мың теңге коммуналдық төлем төлейтінін айтты
Құрылтай депутаты Наурыз Сайлаубай елордада пәтері болмағандықтан үш бөлмелі мемлекет беретін қызметтік пәтерде тұратынын жеткізді. Ол сонымен қатар қыста коммуналдық төлемдер, интернет, автотұраққа айына 60 мың теңгеге дейін төлейтінін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Наурыз Сайлаубай Құрылтайда өңірлерден келген және пәтері жоқ депутаттар мемлекеттік басапанада тұратынын жеткізді.
“Нұрсаядағы қызметтік пәтерлер осындай депутаттарға елордада тұрып, жұмыс істеуі және әріптестерімен қоян-қолтық араласуы үшін берілген. Кейбір депутаттар өз еркімен қызметтік баспанадан бас тартқан. Бұл тәжірибе Мәжілістің сегізінші шақырылымында болған. Ал қазіргі шақырылымда ондай жағдайлар бар-жоғын білмеймін. Қызметтік көліктерде де артық шығын жоқ. Тек бір нүктеден екінші нүктеге жету үшін шақырылады. Көлік депутатты күтіп тұрмайды. Қажет болған жағдайда шақырып, межелі жерге жеткен соң босатасыз. Сондықтан бұл жерде артық шығын жоқ деп айта аламыз”, – деп түсіндірде ол.
Депутат сонымен қатар бүгінде Астанада өзінің пәтері жоқ екенін жеткізді. Айтуынша сол себептен қазір мемлекет тарапынан берілген қызметтік пәтерде тұрып жатыр.
“Коммуналдық қызметтердің ақысын өзіміз төлейміз. Яғни, бұл шығын мемлекетке жүктелмейді. Бізге пәтерде тұруға ғана мүмкіндік берілген. Мәжілістің сегізінші шақырылымында да маған үш бөлмелі қызметтік пәтер берілген болатын. Өкілеттік мерзімім аяқталған соң, Конституция талаптарына сәйкес, пәтерді мемлекетке қайтардым. Пәтердегі теледидар, шкаф, төсек секілді барлық мүлік сол күйінде тапсырылуы керек. Егер қандай да бір затты бүлдірсем, оның орнын өз қаражатыма толтыруға міндеттімін. Мысалы, теледидарды сындырып алсам, дәл сондай теледидар сатып алып, орнына қоюым қажет. Коммуналдық төлемдерге келсек, қыста интернет пен автотұрақ ақысын қоса есептегенде, айына шамамен 45–60 мың теңге жұмсалуы мүмкін. Пәтер үш бөлмелі”, – деді Наурыз Сайлаубай.
Еске салсақ, бұған дейін Мемлекет Құрылтай депутаттарына қандай жағдай жасап отырғанын хабарлаған едік. Оларға 1 миллион теңге айлық, пәтер мен қызметтік көлік беріледі.
"Алты рет тапсырдым": Алматылық студент IELTS-тан ең жоғары 9.0 балды қалай алғанын айтып берді
