Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Басына пакет кигізіп, үйінен алып кеткен: Алматыда 61 жастағы тұрғынды өлтірді деген күдіктілер ұсталды (Видео)

Фото: Видеодан скриншот / Qumash.kz

Алматыда 61 жастағы ер адамның өліміне қатысты төрт күдікті ұсталды. Бұған дейін әлеуметтік желіде басына пакет кигізілген ер адамды көпқабатты үйдің кіреберісінен көтеріп алып шыққан сәттің видеосы тараған еді. Полиция қылмысқа қатысты жаңа мәліметтерді жариялады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Бұған дейін әлеуметтік желіде көпқабатты тұрғын үйдің кіреберісінде түсірілген бейнежазба тараған еді. Кадрлардан екі жігіттің подъезге кіріп, өзара бірдеңе талқылап тұрғанын көруге болады. Біраз уақыттан кейін олардың бірі басына пакет кигізілген ер адамды иығына салып, ғимараттан алып шығады.

Бұл видео қоғам назарын аударғаннан кейін полиция оқиғаға қатысты тергеу басталғанын және үш күдіктінің ұсталғанын хабарлаған еді.

Бүгін, 12 қазанда Алматы қалалық полиция департаменті Instagram желісіндегі ресми парақшасында қылмыстық іске қатысты жаңа мәліметтерді жариялады. 61 жастағы қала тұрғынының өліміне байланысты ұсталғандар саны төрт адамға жеткені белгілі болды.

Тергеу барысында қылмыстың мән-жайы мен күдіктілердің жеке басы анықталған. Сонымен қатар олардың марқұмның пәтерін заңсыз иемденуге қатысы болуы мүмкін екені мәлім болды.

“Тергеу барысында қылмыстың мән-жайы, күдіктілердің жеке басы және олардың марқұмның пәтерін заңсыз иемденуге ықтимал қатысы анықталды. Төртеуі де уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қажетті жедел-тергеу іс-шаралары жүргізіліп жатыр”, – деп хабарлады полиция.

Ведомство мәліметінше, бұл қылмысты тергеу үшін Ішкі істер министрлігінің тәжірибелі қызметкерлерінен арнайы тергеу-жедел тобы құрылған.

Қазір олар қылмыстың барлық мән-жайын анықтау және күдіктілердің әрекеттеріне құқықтық баға беру бағытында жұмыс жүргізіп жатыр.

Сондай-ақ тергеу барысы Ішкі істер министрінің ерекше бақылауына алынған.

Полиция тергеу мүддесіне байланысты әзірге өзге ақпарат жарияланбайтынын мәлімдеді.

Еске салайық, бұған дейін Теміртауда 20 жастағы жігіт ата-анасын өлтірді деген күдікпен ұсталғаны хабарланған еді.

Балнұр Рахматуллақызы
Дүйсенбі, 12 Қазан, 2026 10:15