Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандық зорланған соң дүниеге әкелген, кейін америкалықтар асырап алған қызын іздеп жүр

Наталья Қалымбетова (1)
Фото: Наталья Қалымбетованың жеке архивінен

Батыс Қазақстан облысының тумасы Наталья Қалымбетова Stan.kz тілшісіне берген сұхбатында осыдан 30 жылдан астам уақыт бұрын бастан өткерген зорлық-зомбылық туралы алғаш рет егжей-тегжейлі айтып берді. Оның сөзінше, сол оқиғадан кейін дүниеге келген қызы кейін өзге отбасының қолына өтіп кеткен. Бүгінде қызының нақты тағдырынан бейхабар ана Қазақстан жұртынан көмек сұрап, жоғалған қызын табуға үміттеніп отыр.

 

"Төрт ер адам мені қорлап, кейін Жайық өзенінің жағасына апарып тастады"

Батыс Қазақстан облысы Ақжайық ауданының Үшінші ауылында тұрған Наталья Қалымбетова 17 жасында ауыр қылмыстың құрбаны болғанын айтты. Кезінде топтық зорлыққа ұшыраған Наталья Қалымбетова 30 жылдан кейін жан сырын ақтарды. Әйелдің айтуынша, зорлаудан кейін туған қызы кейін өзге отбасының қолына өтіп кеткен. Қазір ол қызын іздеп, шындықтың ашылуын талап етіп отыр.

"Мені зорлаған төрт ер адам әлі күнге дейін аман-есен өмір сүріп жүр. Ал мен сол оқиғаның зардабын отыз жылдан бері арқалап келемін. Маған қазір елуге таяп қалды, бірақ жан жарам әлі жазылған жоқ. Сол кезде небәрі 17-18 жаста едім. Ол кезде үйде анам екеуміз ғана қалдық. Ағаларымның бірі оқуға кеткен, бірі әскерде болды. Сол сәтті пайдаланған төрт ер адам мені қорлап, кейін Жайық өзенінің жағасына апарып тастады", – дейді Наталья Қалымбетова.

Наталья ол өзін қатарластары сияқты қарапайым ауыл қызы ретінде өскенін айтады. Оның сөзінше, жастық шағы ешкімнен ерекшеленбеген, алайда бір күнде болған қайғылы оқиға оның тағдырын түбегейлі өзгерткен.

"Кейін есімді жиғанда, таң ата өзен жағасында жалғыз жатқанымды көрдім. Үстімде дұрыс киім де болмады. Суықтан тоңып жатқан едім. Сол кезде маған "Екі-ақ жолың бар, не осы жерде өлесің, не өмір бойы үндемейсің" деген сөздер айтылды. Үнсіз қалдым. Себебі маған айтар адам болмады. Шағымданатын, қорғайтын жан табылмады. Тіпті болған жағдайды білген туыстарымның өзі менің сөзімді сөйлемеді. Мен өмір бойы осы жарамен өмір сүріп келемін", – деді Наталья Қалымбетова.

Наталья Қалымбетованың айтуынша, түні бойы төрт жігіт оны зорлап, ұрып-соғып, азаптаған. Олар қызды тірі қалмайды деп ойлаған. Кейін олардың бірі Наталья өзен жағасына апарып, тағы да зорлап, өлуге тастап кеткен. Қуанышқа орай, Наталья аман қалды. Ол үйіне артқы көшелермен әрең жеткен. Үйге кірмей, сарайға тығылып отырған. Анасы жұмысқа кеткен соң құдықтан су тасып, оны жылытып, денесіндегі іздерді жуып кетіруге тырысқан. Бірнеше күн бойы анасынан жасырынған. Көгерген жерлері мен жарақаттары өте көп болған, тіпті жақ сүйегі сынған.

Жайық өзені
Фото: Наталья Қалымбетованың жеке архивінен

"Ішім әбден білініп тұрған кезде оқуға түстім"

Алайда қорлық мұнымен аяқталмады дейді Наталья. Бірнеше айдан кейін, 1995 жылдың наурызында, әлгі жігіттер Натальяны тағы да аңдып, қорқытып, бопсалап, қайтадан зорлаған. Бәрі Ақжайық ауданы аумағындағы бір ауылдың тұрғындары болған.

Зорлағандардың бірі оның сыныптасының ағасы еді. Натальяның ағалары осы оқиғалар кезінде оқуға және бірі алысқа жұмысқа кетіп қалған. Отбасындағы көптен күткен жалғыз қыз болғанына қарамастан, оны ешкім қорғамаған.

 

Анасы болған жайтты білгенде үндемеуді талап еткен. Ағалары араласпаған. Барлығы ештеңе болмағандай өмір сүре берген. Наталья мектепті аяқтап, Орал қаласына оқуға кеткен. Сол жылдың қыркүйегінде педагогикалық колледжге түскенде жүкті екені байқала бастаған. Сол кезде зорлық-зомбылықтан кейінгі ең ауыр сынақтардың бірі колледж қабырғасында басталған. Ол көмек пен түсіністік күтсе де, айналасынан көбіне үнсіздік пен немқұрайлық көргенін айтады.

"Студенттік кезең менің өмірімдегі ең ауыр әрі жанға бататын кезеңдердің бірі болды. Колледжге жүкті күйімде, ішім әбден білініп тұрған кезде оқуға түстім. Сол уақытта адамдардың айыптаған көзқарасына, өсек-аяңына және айналамдағы адамдардың немқұрайлығына тап болдым. Өкінішке қарай, курстастарымнан да, мұғалімдерден де, оқу орнының басшыларынан да адамдық жанашырлық көрмедім. Ол кезде психологтар да болды, бірақ ешкім маған не болғанын сұрамады, ешқандай көмек ұсынбады", – дейді ол.

Егер сол кезде мұғалімдер жағдайына назар аударып, сұрақ қойып, ата-анасын шақырып, моральдық қолдау көрсеткенде, мүмкін өзіне зорлық көрсеткен адамдарды жауапқа тартуға болар ма еді дейді ол сол сәтті еске алып.

"Егер ересек, білімді адамдар маған дер кезінде қолдау білдіргенде, бәлкім, отыз жылдан астам уақыт бойы көтеріп келе жатқан осы ауыр жүктің біразынан құтылар ма едім. Босанғаннан кейін колледжге баласыз оралдым. Ішімде мұң, күйзеліс, шарасыздық болды. Бірақ ешкім менің жағдайыма қызығушылық танытпады. Ешкім "Бала қайда?", "Әкесі кім?", "Ата-анасы неге жоқ?" деп сұрамады. Тіпті менің зорлық-зомбылық құрбаны болуы мүмкін екенімді де ешкім ойлаған жоқ. Сол үнсіздік пен бейжайлық жүрегімде әлі күнге дейін жазылмаған жара болып қалды", – дейді ол.

"Қызымды уақытша перзентханада қалдыруға мәжбүр болдым"

1995 жылдың 30 желтоқсаны... Толғақпен бір тәулік арпалысқаннан кейін Наталья қыз баланы дүниеге әкелді. Босанған соң оған құжатқа қол қоюды ұсынған. Анасы баладан бас тартуын талап еткен. Бірақ қызын алғаш қолына алған кезде оны бауырына қысып, жібере алмаған. Акушерлердің бірі "Әлі осында жатады ғой, емізе берсін" деген екен. Сол тоғыз күн ішінде Наталья  сәбиіне бауыр басып қалған. Қыз бала анасын іздеп жылайтын, ал Наталья  көз жасын тыя алмайтын. Перзентханадан шыққаннан кейін Наталья қызын өзімен алып қалуға тырысқан. Ол колледждегі кураторынан көмек сұрап, ағасынан паналатуды өтінген.

"Қатыгез зорлықтан кейін мен қыз баланы дүниеге әкелдім. Сол кезде мен ана болу мүмкіндігінен айырылғандай күй кештім. Шын мәнінде, менің бала болып қалу құқығымның өзін тартып алған еді. 1995 жылдың 30 желтоқсанында, педагогикалық колледждің студенті болып жүрген кезімде қызымды босандым. Салмағы 3200 грамм, бойы 52 сантиметр болды. Бірақ маған ешкім қолдау көрсеткен жоқ. Курс­тастарым да, куратор да, колледж басшылығы да көмектеспеді. Қызымды өзіммен алып қалғым келді. Алайда жатақханаға баламен тұруға рұқсат бермеді. Туыстарымнан да қолдау таппадым. Баспанам, тұрақты жұмысым, жанымда жақындарым болмады. Тоғыз-он күн бойы жылап, көмек сұрадым, бірақ еш нәтиже шықпады. Ақыры қызымды уақытша перзентханада қалдыруға мәжбүр болдым. Кейін оны сәбилер үйіне ауыстырды. Мен үш жыл бойы барып, тұрақты түрде көріп тұрдым", – дейді әйел.

"Нағашы ағам сол кезде балалар үйінің директоры еді"

Бір күні Наталья қызының жоғалып кеткенін, кейін оны басқа отбасы асырап алынғанын естіген. Ал аяғынан нық тұрып, анық-қанығына жеткен кезде қызын америкалық отбасы асырап алғанын білген.

"Сол кезде Қазақстаннан көптеген жетім балалар АҚШ-қа асырап беріліп жатқан еді. Құжаттарда оның тегі Боуг деп көрсетілген. Сәбилер үйінде жүргенде ол менің тегіммен Қалымбетова болып тіркелген еді. Қызымның есімі Анжелика болған, екінші аты – Николь. Қазір менің ең үлкен тілегім – қызымның тірі және аман екенін білу. Мен оны әлі күнге дейін іздеп жүрмін", – дейді Наталья.

Наталья қызын іздеуді ешқашан тоқтатпайтынын айтып, көзіне жас алды. Ең бастысы, оның аман екенін, бақытты өмір сүріп жатқанын өз көзіммен көріп, көз жеткізгім келеді дейді ол.

Наталья Қалымбетова
Фото: Наталья Қалымбетованың жеке архивінен

Қызының қайда екенін білмесе де, Наталья оған айтар сөзін жүрегінде жылдар бойы сақтап келгенін айтады. Егер бүгін қызымен тілдесу мүмкіндігі туса, оған ең алдымен кешірім сұрап, өзінің шексіз махаббатын жеткізгі келеді.

"Қызым, егер менің дауысымды естіп тұрсаң, тағдырымыздың осылай өрілгені үшін кешірші. Менің еш кінәм жоқ еді. Мен жексұрын адамдардың нәпсісінің құрбаны болдым. Ол кезде өмірдің ащы-тұщысын көрмеген, қорғансыз жас қыз едім. Менен нәзіктігімді де, пәктігімді де қатыгездікпен тартып алды. Кейін сен дүниеге келдің. Мен сені тоғыз күн бойы еміздім. Үш жыл бойы сенің қасыңа барып жүрдім. Бірақ ақыр соңында сені өзге адамдардың қолына беріп жіберді. Сол кезде сені өзіме қайтарып алатындай қаржылық жағдайымды дер кезінде түзете алмағаным үшін кешірші. Бірақ бір нәрсені білгейсің. Мен сені әлі күнге дейін жақсы көремін. Сенің мені түсініп, кешіретініңе үміттенемін. Ең бастысы – сенің бақытты болғаныңды қалаймын. Мен соған шын жүректен сенгім келеді", – деп Наталья жан сырын ақтарды.

Жылдар бойы үнсіз келген Наталья қызының тағдырын іздеуге бірден кірісуге түрлі жағдайлар кедергі болғанын атап өтті.

"Мен қартайған анамның жағдайына алаңдадым. Дегенмен ол – менің басымнан өткен қайғылы оқиғаның алғашқы куәгерлерінің бірі. Сондай-ақ балалар үйінің директоры болған нағашы ағам да бұл жағдайдан хабардар еді. Біздің тегіміз бір болғандықтан, қызымның кейінгі тағдыры туралы оның қандай да бір мәлімет білуі мүмкін деп ойлаймын. Әкем қайтыс болғаннан кейін мен нағашы ағаммен іс жүзінде мүлде кездеспедім деуге болады. Сондықтан оның не білетінін немесе сол кезде қандай оқиғалар болғанын нақты айта алмаймын. Бірақ қызымның қайда кеткені туралы қандай да бір ақпарат оған белгілі болуы мүмкін деген ой мені әлі де мазалайды", – дейді Наталья.

"Ағаларым сол кезде де, қазір де қорғай алмады"

Наталья туған-туыстарымның ешқайсысы онымен байланысқа шықпайтынын және қолдау да көрсетпейтінін айтады.

"Олар үшін менің өз құқығымды қорғап, әділдік іздеп, жазықсыз баламның тағдыры үшін күресіп жүргенім әлі күнге дейін ұят пен масқара болып көрінеді. Ал туған ағаларыма келсек, олардың бәрі мемлекеттік қызметте жұмыс істейді. Меніңше, олар ең әуелі, өз беделі мен абыройын ойлайды. "Ұят болады", "ел не дейді", "жұрт қалай қабылдайды" деген қорқыныш олар үшін маңыздырақ сияқты. Осы уақытқа дейін бірде-бір ағам хабарласып, халімді сұрамады. Олар мені кезінде де, жазықсыз, қорғансыз, жас қыз кезімде қорғай алмады. Қазір де сол үнсіздікті таңдап отыр. Сондықтан туғандарымнан екі рет көңілім қалды деп айта аламын. Қазір оларды ағам деп атағым да келмейді. Дегенмен жүрегімде үміт бар. Мүмкін, мен бұл істі соңына дейін жеткізген кезде олар мені түсініп, кешірім сұрап, қабылдар. Бірақ сол кезде кеш болуы мүмкін", – дейді Наталья.

Натальяның айтуынша, қазір оның басты тірегі – ұлы, адвокаты, Оралдағы тергеушілер және бірнеше жақын құрбысы оны қолдап, демеп отыр. Дәл осы адамдар оған қолұшын созып, әділдік үшін күресін жалғастыруға күш беріп келеді. Олардың сенімі мен жанашырлығы ұзақ жылдар бойы іште сақталған ауыр сырды айтуға және шындық үшін күресуге жігер берген.

Наталья Қалымбетова
Фото: Наталья Қалымбетованың жеке архивінен
"Ұлым 8 жасынан бастап шетелде өсті, британиялық мектепте білім алды. Қазір Қытайдың Шанхай қаласында студент. Ол менің ең үлкен тірегім, жан досым әрі қолдаушым. Бүгінде туғандарымның ішінде мені толық түсініп, жанымнан табылып отырған жалғыз адам – сол. Өзінің әпкесі бар екенін естігенде қатты қуанды. Қызымды іздеу жолындағы күресімді басынан бастап бері қолдап келеді. Ұлым екеуміз бір күні Анжелика-Никольмен (оған екі есім берілген) кездесеміз деп үміттенеміз", – дейді Наталья Қалымбетова.

Натальяның айтуынша, күдіктілердің қазіргі өмірі туралы мәлімет өте аз. Ол олардың туыстарына ешқандай кінә артпайтынын, себебі әр адам өз ісіне өзі жауап беруі тиіс екенін айтады. Бүгінде оған ешқандай қысым көрсетілмеген, алайда ол бұл істің толық әрі әділ тергелуін маңызды деп санайды.

"Күдіктілердің бірінің қарындасы, менің сыныптасым еді. Ол, өкінішке қарай, 19 жасынан бері психикалық дертке шалдыққан. Оған не болғанын ешкім нақты білмейді. Мектепте жүрген кезінде өте сұлу, сабақты жақсы оқитын қыз еді. Ал екінші күдіктінің қарындасы да менің сыныптасым еді. Кейін ол қыз да зорлық-зомбылыққа ұшырап, бала туғанын естідім. Қазір ол көпбалалы ана. Оларға қатысты менің ешқандай өкпе-назым жоқ. Өйткені ағаларының жасаған ісіне олардың кінәсі жоқ. Ал зорлық жасаған адамдардың өздері қазіргі таңда салауатты өмір салтын ұстанбайды, ішімдікке әуес дегенді естіп жүрмін. Ал маған қатысты ешқандай қысым болған жоқ. Осы уақытқа дейін ешкім тарапынан қорқыту, қоқан-лоқы көрсету немесе мазалайтын телефон қоңыраулары түскен емес", – дейді Наталья.

"Адамдардың айыптауынан, сұрақтарынан, көзқарасынан қорқып келдім"

Наталья Қалымбетованың айтуынша, ұзақ жылдар бойы болған оқиға туралы ашық айтуға қорыққан. 

"Осы жағдай туралы айтуға қорықтым. Адамдардың айыптауынан, сұрақтарынан, көзқарасынан қорықтым. Мен өскен ауылда мұның бәрінен қашып құтылу мүмкін емес еді. Ол кезде мен шын мәнінде әлі бала едім. Егер сіздің 17 жастағы балаңыз, немереңіз, ініңіз немесе қарындасыңыз болса, мені түсінесіз деп ойлаймын. Осы жаста адам әлі толық қалыптасып үлгермеген, өте осал болады. Психологиялық тұрғыдан да, материалдық жағынан да қорғансыз келеді. Мен осы қорқынышпен тым ұзақ өмір сүрдім. Бірақ шындық біреу. Үнсіздік ешкімді қорғамайды. Керісінше, адамды өз қайғысымен жалғыз қалдырады. Ол өмірді іштен баяу әрі аяусыз күйретеді", – дейді Наталья.

Наталья Қалымбетова бұл оқиғадан кейін үнсіз жүрген қыз-келіншектерге үндеу жасағысы келетінін айтты. Оның сөзінше, зорлық-зомбылық құрбандары қорғануға, қолдау алуға және әділдік талап етуге толық құқылы.

"Қыздар сіздердің сөйлеуге, қорғануға, қолдау алуға және әділдік талап етуге құқықтарыңыз бар. Біреуге қасақана зиян келтірген адамдар міндетті түрде жауап беруі керек. Бұл жәбірленушінің ұяты емес, заңның мәселесі. Мен өз оқиғамды дәл қазір үнсіз жүрген, шығатын жол жоқ деп ойлайтын адамдар үшін айтып отырмын. Шығатын жол бар. Тіпті арада қанша жыл өтсе де", – дейді Наталья.

2026 жылы Бали аралында тұрып жатқан Наталья Қалымбетова әлеуметтік желіде алғаш рет өз тарихын жариялады. Ол осыдан 30 жыл бұрын өзіне жасалған топтық зорлық үшін ешкімнің жауапқа тартылмағанын мәлімдеді.

Наталья Қалымбетованың айтуынша, қазір қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр. Тергеу аясында барлық қажетті процессуалдық және тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр екен. Сонымен қатар Наталья осы уақытқа дейін құқық қорғау органдарының жұмысын қанағаттанарлық деңгейде бағалайтынын айтты.

"Қазір құқық қорғау органдарының жұмысын қанағаттанарлық деп бағалаймын. Тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр, қызметкерлер байланыста болып, заң аясында тергеу барысы туралы ақпарат беріп отыр. Видео жарияланғаннан кейін көптеген адамдар хабарласып, қолдау білдірді. Олар түсіністік танытып, жылы лебіздерін жеткізді. Бұл мен үшін өте маңызды. Өйткені мұндай жағдайларға адамдардың бейжай қарамайтынын көрсетеді", – дейді Наталья.
Айым Атамбаева
Сәрсенбі, 03 Маусым, 2026 11:50