Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Құрылтайдың жаңа құрамына кімдер кірді: Ең жас және ең жасы үлкен депутаттар

депутаттар
Фото: Stan.kz

27 жастағы жастар белсендісі мен 65 жастағы тәжірибелі саясаткер бір Құрылтайда қатар отыруы мүмкін. Жас экологтан бастап, ауыл шаруашылығы саласының басшысы, ірі бизнес өкілі, бұрынғы министр, тележурналист және бірнеше шақырылым Мәжілісте отырған депутаттарға дейін жаңа құрамға енген. Қазақстанның саяси сахнасында кімдер әлі де салмағын сақтап отыр, ал кімдер жаңа буын ретінде келді? Құрылтайдағы ең жас және ең егде депутаттар, әйелдердің үлесі, өңірлік және кәсіби құрамы қандай екенін Stan.kz зерттеп көрді.

Қазақстандағы жаңа Құрылтай құрамына партиялар атынан ұсынылған депутаттардың тізімі саяси элитаның жасарып келе жатқанын, бірақ сонымен бірге тәжірибелі мемлекеттік қызметкерлер мен бұрынғы парламентшілердің де ықпалы әлі жоғары екенін көрсетеді.

Берілген тізімде "Әділет", "Ақ жол", ОСДП, Respublica және "Ауыл" партияларының өкілдері қамтылған. Жалпы құрамды жас ерекшелігі, жынысы, туған өңірі және кәсіби тәжірибесі бойынша саралау Құрылтайдың қандай әлеуметтік-саяси топтарға сүйеніп қалыптасып жатқанын түсінуге мүмкіндік береді.

Талдауда жас санаттары шартты түрде үш топқа бөлінді:

  • Жастар – 27 жастан 35 жасқа дейін
  • Орта буын – 36 мен 59 жас аралығы
  • Аға буын – 60 жастан жоғары

Құрылтайдағы ең жас депутаттар

Берілген тізімдегі ең жас депутаттардың басым бөлігі қоғамдық ұйымдардан, жастар саясатынан, кәсіпкерлік пен әлеуметтік жобалардан шыққан.
Русана Сулаймонова, 27 жаста. Русана Сулаймонова Құрылтайдағы ең жас кандидаттардың бірі. Ол Павлодар қаласында тұрады және жастар еңбек қозғалысы саласында жұмыс істейді. Қазір Павлодар облыстық "Жасыл Ел" студенттік құрылыс және жастар жасақтары штабының директоры әрі командирі. Сонымен бірге Павлодар қалалық мәслихатының VIII шақырылым депутаты. Оның негізгі қызмет бағыттары:

  • жастарды жұмыспен қамту;
  • қаланы көгалдандыру;
  • абаттандыру;
  • студенттік және жастар жасақтарын ұйымдастыру.
Русана Сулаймонова
Фото: kipyatkom

Русана Сулаймонованың ерекшелігі – ол кәсіби мемлекеттік аппараттан емес, жастар қозғалысы мен жергілікті өкілді органнан шыққан жаңа буын өкілі.

Динара Наумова, 28 жаста. Respublica партиясының өкілі Динара Рустамқызы Наумова 1997 жылғы 8 қыркүйекте Астана қаласында туған. Мамандығы бойынша мұнай және газ өңдеу технологы болғанымен, қоғамдық қызметте инклюзивті қоғамды дамыту мәселелерімен танылды.
Ол:

  • "Life+" инклюзивті фитнес-орталығын құрды;
  • Инклюзивті қоғамды дамыту қауымдастығының президенті болды;
  • Президент жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңестің мүшесі;
  • Мәжіліс депутаты ретінде Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінде жұмыс істеді.
Динара Наумова
Фото: Динара Наумованың жеке архивінен

Динара Наумова Құрылтайдағы әлеуметтік саясат пен инклюзия мәселелерін көтеретін ең жас саясаткерлердің бірі.

Ақерке Искандерова, 29 жаста. Ол 1997 жылғы 30 қарашада Тараз қаласында туған. Еуразия ұлттық университетін шетел филологиясы мамандығы бойынша тәмамдап, гуманитарлық ғылымдар бойынша магистр дәрежесін алған. 2018 жылдан бері "Жастар Рухы" жастар қанатында жұмыс істеп, 2024 жылдан бастап республикалық төраға қызметін атқарады.

Ол 2023 жылы Мәжіліс депутаттығына кандидат болғанымен, мандат алмаған. 2026 жылы "Әділет" партиясы арқылы Құрылтай депутаттығына кандидат ретінде енгізілген.

Ақерке Искандерова
Фото: "Жастар рухы" жастар қанаты

Дидарбек Ділдәбек 1997 жылы Жамбыл облысы, Жуалы ауданында туған эколог және қоғамдық-саяси саладағы белсенді жас. Абай атындағы ҚазҰПУ-ды "Экология" мамандығы бойынша тәмамдаған. Студент кезінде университеттің Жастар ісі жөніндегі комитетін басқарған, 2019 жылы Алматы қаласындағы үздік жастар комитеті төрағасы атанған.

Дидарбек Ділдәбек
Фото: Дидарбек Ділдәбектің желідегі парақшасынан

Бүгінде "Жастар Рухы" жастар қанатының Алматы қалалық филиалының төрағасы. Сонымен қатар қоғамдық және әлеуметтік жобаларға белсенді қатысады.

Замира Кузиева, шамамен 30 жаста. 1996 жылы Алматы облысының Ұйғыр ауданында туған. Ол басқару және кәсіпкерлік саласынан келген жас саясаткер. Қазір Замира "Универсал" компаниялар тобы басқармасының төрайымы, "Әділет" партиясы Саяси кеңесі бюросының мүшесі және Конституциялық реформа жөніндегі комиссия мүшесі. Сонымен қатар ол 2026 жылы "Әділет" партиясын құру бастамасын көтерген ұйымдастырушылардың бірі ретінде көрсетілген.

Замира Кузиева
Фото: Замира Кузиеваның желідегі парақшасынан

Наурыз Сайлаубай, 32 жаста. Наурыз Саятұлы Сайлаубай 1994 жылы Жетісу облысының Ақсу ауданындағы Көкжайдақ ауылында туған. Мамандығы бойынша дінтанушы, мемлекеттік және жергілікті басқару магистрі. Қазіргі уақытта ОСДП жастар қанатының жетекшісі, бұрынғы мәжіліс депутаты.

Әбілхайыр Тамабек, 32 жаста. Әбілхайыр Ғалымұлы Тамабек берілген тізімдегі мемлекеттік қызметте өте жас кезінде жоғары лауазымға көтерілген саясаткерлердің бірі. Қазіргі уақытта Жамбыл облысы әкімінің орынбасары. Бұған дейін 27 жасында ауыл шаруашылығы вице-министрі болып, жер ресурстары мен агроөнеркәсіп саласында түрлі мемлекеттік қызметтер атқарған.

Ал Мұрат Иргибаев болса, 34 жаста. Ол аграрлық саланың жас әрі тәжірибелі басқарушыларының бірі, қазіргі таңда Ауыл шаруашылығы министрлігі комитеті төрағасының орынбасары қызметін атқарады. Қатарласы Елдос Баялышбаев та әлеуметтік кәсіпкер әрі қоғамдық бастамалар арқылы танылған белсенді жастардың бірі. Мүмкіндігі шектеулі жандарды қолдау мен қоғамға бейімдеуге бағытталған жобаларды жүзеге асырып келеді.уыл шаруашылығы вице-министрі қызметін атқарған.

жас депутаттар
Фото: Наурыз Сайлаубай, Әбілхайыр Тамабек, Мұрат Иргибаев, Елдос Баялышбаев және Ирина Тен

Ирина Тен де депутаттар құрамында төбе көрсетті. Оның жасы 34-те. Ирина Тен тележурналистикада өз орнын қалыптастырған, қоғамдық-саяси процестерден де тыс қалмай жүрген жас буын өкілдерінің бірі. Қазір "Qazaqstan" телерадиокорпорациясында еңбек етіп, сонымен қатар "Әділет" партиясын құру бастамашыларының бірі әрі партияның Саяси кеңесі бюросының мүшесі ретінде саясат алаңында да белсенді көрініп жүр.

35 жасқа дейінгі топқа берілген тізім бойынша шамамен 10-12 депутат кіреді. Топтың негізгі ерекшелігі олардың көпшілігі дәстүрлі мемлекеттік аппараттан емес:

  • жастар ұйымдарынан;
  • қоғамдық қорлардан;
  • әлеуметтік жобалардан;
  • кәсіпкерліктен;
  • өңірлік мәслихаттардан;
  • жастар саясаты ұйымдарынан келген.

Жастар үлесі әсіресе "Әділет" партиясы мен Respublica партиясында жоғары.

"Әділет" партиясы жастарды тек символикалық түрде емес, партиялық басқару органдарына да тартқан. Мысалы, Замира Кузиева, Ирина Тен, Ақерке Искандерова сияқты өкілдер партиялық құрылымдардың өзінде жұмыс істейді.

Respublica құрамында да жас буын өкілдері ерекше байқалады. Динара Наумова сияқты саясаткерлер әлеуметтік кәсіпкерліктен және қоғамдық белсенділіктен келген.

Құрылтайдағы орта буын

36-59 жас аралығы Құрылтай құрамындағы ең ірі жас санаты болып отыр. Мәліметтерге сенсек, депутаттардың шамамен 65-70%-ы осы санатқа жатады. Осы топқа мемлекеттік басқаруда, Парламентте, мәслихаттарда, бизнес пен қоғамдық секторда жеткілікті тәжірибе жинаған саясаткерлер кіреді.

Асхат Аймағамбетов 1982 жылғы 14 маусымда Қарағанды облысында туған. Тарих және құқық мамандықтары бойынша білім алған.

Ол:

  • 2019-2022 жылдары Білім және ғылым министрі;
  • 2022-2023 жылдары Оқу-ағарту министрі;
  • 2023-2026 жылдары Мәжіліс депутаты;
  • Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы.

Орта буын өкілдерінің ішінде ең ірі мемлекеттік басқару тәжірибесі бар саясаткерлердің бірі.

Әйелдер арасындағы тәжірибелі кандидаттарға келсек, Динара Зәкиева мен Снежанна Имашеваның саяси жолы ерекше назар аударады. 44 жастағы

Динара Закиева халықаралық құқық саласының заңгері, бұрынғы мәжіліс депутаты және қазіргі Бала құқықтары жөніндегі уәкіл. Оның басты бағыты — балалардың қауіпсіздігі, отбасы саясаты және әлеуметтік қорғау.

Ал 45 жастағы Снежанна Имашева – заңгер, энергетика саласының басқарушысы әрі парламентте қатарынан үш шақырылым жұмыс істеген тәжірибелі саясаткер. 2016–2026 жылдары Мәжіліс депутаты болған ол қазіргі таңда отбасы мәселелері жөніндегі уәкіл қызметін атқарады. Яғни, бұл екеуі

орта буындағы депутаттар
Фото: Асхат Аймағамбетов, Динара Зәкиева және Снежанна Имашева

Құрылтайға келсе, әлеуметтік саясат пен отбасы, бала құқығы мәселелерін жақсы білетін тәжірибелі өкілдердің қатарын толықтыра алады.

Екатерина Смышляева, Қостанай қаласында туған, жасы 44-те. 2021-2026 жылдары Мәжілістің VII және VIII шақырылымдарының депутаты болды. Парламентте цифрландыру, цифрлық даму, технологиялық саясат мәселелерімен айналысты. Бұған дейін Қостанай облыстық кәсіподақтар бірлестігін басқарған.

50 жастағы қос саясаткер Константин Авершин мен Айдос Сарым Құрылтайдағы тәжірибелі буынның өкілдері. Константин Авершин бизнес, мемлекеттік қызмет және қоғамдық жұмыстардан өткен, Алматы мәслихаты мен Мәжілісте депутат болған тұлға.

Бұрынғы депутаттар
Фото: Константин Авершин, Айдос Сарым және Екатерина Смышляева

Ал Айдос Сарым саясаттанушы әрі публицист ретінде танылып, соңғы жылдары Парламентте қоғамдық-саяси мәселелерге, әйелдер мен балалардың құқықтарына қатысты заңнамалық бастамалармен айналысты. Екеуін біріктіретін тұс саясатқа әртүрлі саладан келсе де, екеуінің де парламенттік тәжірибесі бар.

Құрылтай құрамындағы депутаттарды сараласақ, кемінде 28 адамның бұған дейін Парламентте тәжірибесі болғаны байқалады. Олардың қатарында Константин Авершин, Асхат Аймағамбетов, Тілектес Адамбеков, Марат Башимов, Нұрлан Бекназаров, Евгений Больгерт, Максим Рожин, Сергей Пономарёв, Айдос Сарым және Ерлан Сайыров сияқты бұрынғы Мәжіліс депутаттары бар. Сонымен бірге Екатерина Смышляева, Снежанна Имашева, Динара Закиева, Унзила Шапақ, Никита Шаталов, Арман Қалықов, Нұрлан Дулатбеков, Динара Наумова, Екатерина Смолякова, Нұргүл Тау, Олжас Нұралдинов, Юрий Ли, Дания Еспаева, Асхат Рахымжанов, Наурыз Сайлаубай, Ажар Сағандықова, Олжас Күспеков және Айдарбек Ходжаназаров та әр жылдары Парламент құрамында жұмыс істеген.

Құрылтайдағы аға буын

60 жастан асқан депутаттардың үлесі жастар мен орта буынға қарағанда аз болғанымен, олардың саяси және кәсіби тәжірибесі өте жоғары. Бұл топқа шамамен 15-20 депутат, яғни жалпы құрамның 15-20 %-ы кіреді.

Мәселен, 65 жастағы Дания Еспаева банк саласынан үлкен саясатқа келген тәжірибелі тұлға. Ол мәжілісте он жылға жуық депутат болып, кейін Мәжіліс төрағасының орынбасары қызметін атқарды. 

2019 жылы президенттік сайлауға түскен алғашқы әйел кандидат ретінде тарихқа енді. Бүгінде "Ақ жол" партиясын басқарып, Құрылтайдағы ең тәжірибелі әйел саясаткерлердің бірі ретінде ерекшеленеді.

Ал Ерлан Батырбеков ядролық физика саласында ұзақ жыл еңбек етіп, еліміздің Ұлттық ядролық орталығын басқарып отырған көрнекті ғалым. Сергей Пономарев болса, журналистикадан саясатқа келіп, қоғамдық және парламенттік қызметте тәжірибе жинаған тұлға. 

аға буын депутаттар
Фото: Дания Еспаева, Ерлан Батырбеков, Вадим Басин, Қайрат Айтуғанов және Нұрлан Дулатбеков

64 жастағы Вадим Басин, Қайрат Айтуғанов және Нұрлан Дулатбеков — Құрылтайдағы ең тәжірибелі буын өкілдерінің қатарында. Вадим Басин металлургия саласында 35 жылдан астам еңбек етіп, бүгінде QARMET компаниясын басқарады. Қайрат Айтуғанов аграрлық саладан саясатқа келіп, вице-министрден бастап ірі агроқұрылымдарда басшылық қызмет атқарған, бүгінде "Ауыл" партиясының төрағасы. Ал Нұрлан Дулатбеков заң ғылымының докторы, профессор және университет ректоры, бұған дейін мәслихат пен Мәжіліс депутаты болған. Үшеуі де өндіріс, ауыл шаруашылығы және ғылым-білім салаларынан келген, 64 жастағы салмақты буынның өкілдері.

Тізімді жас құрылымы бойынша салыстырғанда, ең жас құрам "Әділет" партиясында байқалады. Барлық партияларда негізгі саяси салмақ 36-59 жас аралығындағы орта буынға тиесілі.

Берілген тізімге сенсек, "Ауыл" және "Ақ жол" партияларында 60 жастан асқан тәжірибелі саясаткерлердің үлесі жоғарырақ. Бұдан бөлек, жыныстық құрамды есептегенде шамамен:

  • ерлер – 65-70%
  • әйелдер – 30-35% деңгейінде.

Яғни Құрылтай құрамында ер адамдар басым болғанымен, әйелдердің үлесі де айтарлықтай жоғары.

Құрылтай депутаттары қай өңірлерден шыққан?

Туған жері көрсетілген депутаттарды өңірлік тұрғыдан сараласақ, Құрылтай құрамында Қазақстанның барлық негізгі аймақтарының өкілдері бар. Ең көп кездесетіндердің қатарында Алматы қаласы мен Алматы облысынан шыққан депутаттар тұр.

Келесі кезекте Ақмола облысы мен Астана қаласынан шыққан өкілдер келеді. Қарағанды өңірінен шыққан саясаткерлер мен қоғам қайраткерлерінің де үлесі жоғары.

Шымкент пен Түркістан облысынан шыққан өкілдер де Құрылтай құрамында айтарлықтай көп. Оңтүстік өңірден саясат, мемлекеттік қызмет, кәсіпкерлік және қоғамдық салада тәжірибе жинаған азаматтар ұсынылған.

Одан кейін Ақтөбе облысы, Қызылорда облысы және Павлодар облысынан шыққан депутаттар келеді. Бұл өңірлерден негізінен саясаткерлер, кәсіпкерлер, мемлекеттік қызметкерлер және қоғамдық сала өкілдері бар.

Солтүстік Қазақстан облысының да Құрылтайдағы өз үлесі бар. Жалпы алғанда, депутаттардың туған жеріне қатысты мәліметтер Құрылтай құрамының өңірлік географиясы кең екенін көрсетеді. Жалпы алғанда, өңірлік құрамнан мынадай тенденция байқалады.

Дегенмен ауылдық аудандар мен шағын елді мекендерден шыққан депутаттар да аз емес. Мысалы:

  • Ақсу ауданы;
  • Жуалы ауданы;
  • Шет ауданы;
  • Ұйғыр ауданы;
  • Балқаш ауданы;
  • Жангелдин ауданы;
  • Түлкібас ауданы;
  • Кеген өңірі сияқты аудандардан шыққан өкілдер бар.

Депутаттардың басым бөлігі қай саладан келді?

Құрылтай құрамын кәсіби тәжірибесіне қарай сараласақ, ең үлкен топты мемлекеттік қызмет пен саясаттан келген өкілдері алып отыр. Олардың үлесі жалпы құрамның шамамен 35-40%-ына жетеді. Олардың қатарында бұрынғы министрлер мен вице-министрлер, әкім орынбасарлары, мемлекеттік мекемелердің басшылары, президент әкімшілігінде қызмет еткен тұлғалар және әр жылдары сенат пен мәжілісте жұмыс істеген саясаткерлер бар. 

Келесі ірі топ бұрынғы парламент депутаттары. Олардың үлесі шамамен әр төртінші мүшеге тең, яғни 25%-дың төңірегінде. Олардың арасында бірнеше шақырылым бойы мәжілісте қызмет еткен тәжірибелі саясаткерлер де, жаңа буын өкілдері де бар. 

Ал кәсіпкерлер мен бизнес өкілдерінің үлесі шамамен 10-12%-ға тең. Құрылыс, агробизнес, қаржы, қонақүй және мейрамхана бизнесі, тамақ өнеркәсібі, астық өңдеу және тоқыма салаларынан келген кәсіпкерлер Құрылтай құрамына енген.

Білім мен ғылым саласының өкілдері жалпы құрамның шамамен 8-10%-ына жуық. Құрамда университет ректорлары, профессорлар, ғылым докторлары, PhD мамандары және білім беру жүйесін басқарған тұлғалар бар. Олардың қатарында білім саласының бұрынғы басшылары, ғалымдар мен жоғары оқу орындарының жетекшілері кездеседі.

Ал қоғамдық және әлеуметтік сала өкілдерінің үлесі шамамен 8-10% деңгейінде. Бұл топ негізінен балалар мен әйелдердің құқықтарын қорғау, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, инклюзия, ерекше қажеттілігі бар адамдарды қолдау, жастар саясаты және әлеуметтік оңалту бағыттарында жұмыс істеген тұлғалардан құралған.

Айым Атамбаева
Бейсенбі, 27 Тамыз, 2026 16:13