Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандық әйел такси жүргізушісімен танысып, кейін ер адамды интим видеомен бопсалап келген

Жұп
Фото: Magnific.com

Ақтөбеде 29 жастағы әйел танысқан ер адамды жеке видеосымен қорқытып, бірнеше рет ақша талап еткен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Diapazon-ға сілтеме жасап хабарлайды.

Оқиға Жаңақоныс ауданында басталған. Әйел такси тоқтатып, жол бойы жүргізушімен әңгімелескен. Кейін екеуі телефон нөмірлерімен алмасқан.

Келесі күні жолаушы жүргізушіге дауыстық хабарлама жіберіп, оның ұнағанын айтып, кездесуге шақырған.

Екеуі 11-шағынауданда жалдамалы пәтерде кездескен. Жақын қарым-қатынастан кейін ер адам жуынуға кеткен кезде әйел оны жалаңаш күйінде жасырын видеоға түсіріп алған. Сондай-ақ оның әйелінің телефон нөмірін жазып алған.

Келесі күні әйел видеоны ер адамға жіберіп, ақша бермесе, оны туыстарына тарататынын айтқан. Бұған қоса полицияға зорлық жасады деп арыз жазатынын айтып қорқытқан. Видеоны таратпау үшін 200 мың теңге талап еткен.

Ер адам ақшаны шешіп алып, әйелге кездескен кезде берген. Алайда талап мұнымен тоқтамаған. Әйел оның кездесуге 50 минут кешіккенін айтып, тағы 50 мың теңге сұраған.

Осыдан кейін де әйел ақша талап етуін тоқтатпаған. Ер адам жеке өміріне қатысты видео жұртқа тарап кетпеуі үшін әйелге жалпы 420 мың теңге берген.

Ақыры такси жүргізушісі полицияға арыз жазып, болған жағдайды баяндаған.

29 жастағы әйел бопсалау ісі бойынша сот алдына келді. Ол кінәсін толық мойындап, жәбірленушіден алған ақшаны қайтаруға уәде берген.

Сот барысында айыпталушының бұған дейін де сотталғаны белгілі болды. Сот осыны ескеріп, оны 2 жыл 6 айға бас бостандығынан айырды. Алайда төрт баласы бар болғандықтан, жазаны өтеу мерзімі бес жылға кейінге шегерілді.

Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда жігіт 15 жастағы қыздың интимдік суреттерін таратып, бопсалағаны хабарланған еді.  Күдікті – Алакөл ауданының 22 жастағы тұрғыны. Тергеу мәліметінше, ол TikTok арқылы кәмелетке толмаған қызбен танысып, кейін онымен мессенджерде сөйлескен. Қыздың сеніміне кіргеннен кейін оған қысым көрсетіп, қорқытып, сондай-ақ 20 мың теңге беремін деп алдап, интимдік сипаттағы фото және видеоларын жіберуге көндірген.

Кейін ол қыздан алған интимдік фото мен видеоларды мессенджердегі жабық арналарда таратып, одан ақша тапқан.

Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазір тергеу жүріп жатыр. 

Балнұр Рахматуллақызы
Дүйсенбі, 10 Тамыз, 2026 15:10