Қостанайда әскери қызметкерді 6 адамнан тұратын отбасына берілген бір бөлмелі пәтерден бас тартқаны үшін үй кезегінен алып тастаған
Қостанайда әскери қызметкерді алты адамнан тұратын отбасына берілген бір бөлмелі пәтерден бас тартқаны үшін тұрғын үй кезегінен алып тастаған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қостанай облыстық сотының мәліметінше, мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты азаматтың тұрғын үйге мұқтаждар есебінен шығару және тұрғын үй төлемдерін тағайындамау туралы хаттамалық шешімді заңсыз деп тану және оның күшін жою туралы талап арызы бойынша істі қарады.
Тұрғын үй комиссиясы әскери қызметкердің отбасы құрамына (6 адам) сәйкес келмейтін тұрғын үй алаңына байланысты ұсынылған пәтерден бас тартқаны үшін оны тұрғын үйге мұқтаждар есебінен шығарып жіберген. Сонымен қатар оған тұрғын үй төлемдерін тағайындауды тоқтату туралы шешім қабылдаған.
Сот жауапкер тараптың қызметтік тұрғын үйді тұрғын үй алаңының белгіленген нормаларына сәйкес ұсыну туралы "Тұрғын үймен қамтамасыз ету туралы" заңның 101-1-бабы 1-тармағының 4-бөлігіндегі талаптарға сілтеме жасаған уәжін назарға алмады. Себебі "Тұрғын үй қатынастары туралы" заңның 75-бабында мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйді тұрғын үй алаңының белгіленген нормаларын сақтай отырып ұсыну талабы көзделген.

Бұдан бөлек, даулы хаттамада тұрғын үйді отбасы құрамында бір адамға есептелген тұрғын үй алаңына сәйкес бөлу көрсетілген.
"Алты адамнан тұратын отбасы бар талап қоюшыға бір бөлмелі пәтерді ұсыну тұрғын үймен қамтамасыз етудің мақсатына анық сәйкес келмейді, мөлшерлестік талаптарын бұзады және әскери қызметшінің және оның отбасы мүшелерінің тиісті тұрғын үй жағдайларына құқығын іске асыруды қамтамасыз етпейді", – делінген сот хабарламасында.
Сонымен қатар, талапкерге қызметтік тұрғын үй кезектілік тәртібі сақтала отырып ұсынылғанын растайтын дәлелдер сотқа ұсынылмаған. Ал талапкерден бұрын кезекте тұрған азаматтарға бұл пәтер ұсынылмаған.
Жиналған дәлелдемелердің жиынтығын ескере отырып, сот әскери қызметкердің талап арызын қанағаттандырып, оның тұрғын үймен қамтамасыз етілу құқығын қалпына келтірді.
Сот шешімі заңды күшіне енді.
Еске салсақ, бұған дейін қазақстандық әскери қызметкер 50 миллион теңге алу үшін әйелімен ажырасып, төрт баласы бар жеңгесіне үйленгені туралы жазған едік.
Қазақстандық оқушыны спорттық аяқ киіммен барғаны үшін мектепке кіргізбей қойған