Қазақстандық 50 миллион теңге алу үшін әйелімен ажырасып, төрт баласы бар жеңгесіне үйленген
Ақтөбеде мемлекеттен қомақты тұрғын үй төлемін алу үшін көпбалалы әйелмен жалған некеге тұрған әскери қызметкер сотталды. Тергеу дерегінше, ол жаңа "отбасының" құрамына әйелдің төрт баласын қосып, 50 миллион теңгеден астам төлем алған. Кейін әйелмен ажырасып, бұрынғы жұбайымен қайта некелескен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Времяға” сілтеме жасап хабарлайды.
Іс Ақтөбе гарнизонының әскери сотында қаралды. Сотталушы – 45 жастағы Азамат Қарабаев. Ол ҰҚК Шекара қызметі Маңғыстау облысы бойынша департаментінің қарсы барлау және барлау қызметі басқармасында аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкіл болып жұмыс істеген, подполковник шенінде болған.
Төрт баласы бар әйелмен некелескен
Іс материалдарына сәйкес, Қарабаев мемлекеттен берілетін тұрғын үй төлемінің көлемін арттыру үшін отбасы мүшелерінің санын көбейтуді көздеген. Осы мақсатта төрт кәмелетке толмаған баласы бар әйелмен некеге тұрған.
Болашақ “жұбайын” ол алыстан іздемеген. Екеуі “Туысқандар” атты отбасылық чат арқылы таныс болған. Ол кезде әйел Қарабаевтың жұбайының немере туысына тұрмысқа шыққан еді.
Көп ұзамай Қарабаев өз әйелімен ажырасады. Төрт баланың анасы да күйеуімен некесін бұзады. Осыдан кейін екеуі АХАТ органында ресми түрде некесін тіркеткен.
Қарабаев неке туралы куәлік пен төрт баланың құжаттарын жұмыс орнындағы тұрғын үй комиссиясына өткізген. Комиссия ұсынылған құжаттардан күмәнді жағдай байқамаған.
Нәтижесінде подполковникке 50 миллион теңгеден астам тұрғын үй төлемі берілген.
50 миллион теңге қалай бөлінген?
Алынған ақшаға Қарабаев бұрынғы әйелінің туысынан пәтер сатып алған. Алайда істегі қаржы қозғалысы мұнымен аяқталмаған.
Пәтерді сатқан адам ақшаны Қарабаевтың бұрынғы енесіне берген. Ол қаражаттың 3 миллион теңгесін өзіне қалдырып, тағы 3 миллионын бұрынғы келініне, яғни сол кезде Қарабаевпен некеде болған төрт баланың анасына берген.
Ал қалған 44,5 миллион теңге Қарабаевтың өзіне қайтарылған.
Одан кейін ол сатып алған баспанасын қайтадан бұрынғы енесіне сатқан. Артынша төрт баланың анасымен ажырасып, өзінің алғашқы әйелімен қайта некелескен.
Кейін бұл әрекеттерге қатысты күдік туып, қылмыстық іс қозғалған.
“Арамызда шынайы сезім болды”
Сотта Қарабаев тағылған айыппен келіспеді. Оның айтуынша, екінші некесі жалған болмаған және әйелмен араларында шынайы қарым-қатынас болған.
“Ол маған жазып, қоңырау шалатын. Отбасында мәселелер барын, төрт кәмелетке толмаған баласы барын айтатын. Мен оған қолдау көрсеттім. Біз белсенді түрде хат жазысып жүрдік, кейін жақындасып кеттік. Өйткені ол менен тірек, үміт пен қолдау көрді”, – деді сотталушы.
Қарабаевтың сөзінше, ол әйелдің балаларына да көмектескісі келген. Мәселен, ұлдарының жоғары әскери оқу орындарына, соның ішінде Шекара академиясына түсуіне жәрдемдесуді ұсынған. Алайда әйел одан бас тартқан.
Сотталушы кейін қарым-қатынастарының бұзылғанын айтты. Оның нұсқасы бойынша, жаңа әйелі бұрынғы жұбайының жүкті екенін білгеннен кейін аралары суып, ажырасуға тура келген.
Қарабаев тұрғын үй төлемдерін де заңды түрде алдым деп есептеген. Ол төлем берілген кезде әскери қызметтегі еңбек өтілі 25 жылға жеткенін алға тартып, өзіне қатысты істі тоқтатуды сұрады.
Әйел: “Неке жалған болды”
Алайда төрт баланың анасы сотта мүлдем басқа жағдайды баяндаған.
Оның айтуынша, Қарабаевпен некелесуге Азаматтың әйелінің туған ағасы өтініш жасаған. Ол Қарабаевқа “бір ақшаны шешіп алуға көмектесу керек” деп түсіндіріпті.
Әйел бастапқыда сөз зейнетақы жинақтары туралы болып жатыр деп ойлаған. Оның үстіне сол кезде өзі де күйеуімен ажырасуды жоспарлап жүргендіктен, ұсынысқа келіскен.
Сотта ресми некеде болған уақыт ішінде Қарабаев пен әйел бірге тұрмағаны белгілі болды. Қарабаев Ақтауда, ал оның жаңа әйелі Қостанай облысында тұрған. Әйелдің айтуынша, ол Азаматқа бір-ақ рет, ажырасу үшін барған.
Ал мемлекеттен 50 миллион теңгеден астам тұрғын үй төлемі алынғанын әйел тек тергеу кезінде білген. Осыдан кейін өзінің және балаларының деректері пайдаланылғанын айтып, арыз жазған.
Бастапқыда тергеу кезінде әйел некені шынайы деп көрсеткен. Кейін мұны Қарабаевтың өтініші бойынша айтқанын мойындаған. Жалған жауап бергені үшін жауапкершілікке тартылуы мүмкін екенін түсінген соң, болған жағдайды ашып айту туралы шешім қабылдаған.
“Неке жалған болды”, – деді әйел сотта.
Подполковник шенінен айырылды
Ақтөбе гарнизонының әскери соты іс бойынша басқа да куәгерлерден жауап алды. Олардың арасында Қарабаевтың бұрынғы енесі мен қайын ағасы да бар. Сондай-ақ сот қаржы операциялары мен басқа да құжаттарды зерттеген.
Нәтижесінде сот Қарабаевты алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп таныды.
Ол 6 жылға орташа қауіпсіздік мекемесінде бас бостандығынан айырылды. Бұдан бөлек, Қарабаев подполковник әскери шенінен айырылды.
Сондай-ақ сот оны мемлекетке 43 миллион теңгеден астам қаражатты қайтаруға міндеттеді.
Әзірге сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.