Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Өмір бойына сотталған Сұлтан Сәрсемәлиев сот үкіміне шағым түсірмеді: Іс бойынша жалғыз шағымды Kaspi Bank берген

Сұлтан Сәрсемалиев
Фото: Видеодан скрин

Атырау облысы Жангелдин ауылындағы бір отбасыны өлтіру ісі бойынша сот үкімі заңды күшіне енді. Өмір бойына бас бостандығынан айырылған Сұлтан Сәрсемәлиев пен оның адвокаты апелляциялық шағым бермеген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Осылайша сот тағайындаған жаза өзгеріссіз қалды. Алдағы уақытта Сәрсемәлиев өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын өтеу үшін қылмыстық-атқару жүйесі мекемесіне жөнелтілуі тиіс.

Іс бойынша жалғыз шағымды сот аяқталғаннан кейін "Kaspi Bank" АҚ өкілдері түсірген. Шағым Сәрсемәлиевке шығарылған сот үкіміне емес, соттың банкке қатысты шығарған жеке қаулысына байланысты түсірілген.

Сот талқылауы барысында 2025 жылдың 14 мамырынан 21 маусымына дейін Сәрсемәлиевтің қайтыс болған Наурыз Мұқанғалиевтің атынан тауарлық несие рәсімдеп, кейін алынған қаражатты қолма-қол ақшаға айналдырғаны анықталған еді.

Мұндай несиелердің жалпы сомасы 4 048 570 теңгені құраған.

Сот бұл қаражаттың банкке тиесілі екені туралы қорытындыға келген. Алаяқтық фактісі анықталғаннан кейін Kaspi Bank тиісті берешекті есептен шығарған.

Іс қорытындысы бойынша сот банкке қатысты жеке қаулы шығарды. Сот тауарлық несие беру тәртібіне қатысты ішкі ережелерді қайта қарауды, атап айтқанда, несиені осындай жолмен рәсімдеу мүмкіндігін болдырмау үшін клиенттерді міндетті түрде видео арқылы сәйкестендіруді енгізуді ұсынды.

Kaspi Bank өкілдері жеке қаулымен келіспеді. Банк бұл эпизод бойынша өзін жәбірленуші тарап деп те есептемейді. Банк сот шешімінің дәл осы бөлігіне шағымданған.

Еске салсақ, тұтас бір отбасыны өлтірген Сұлтан Сәрсемәлиев өмір бойына сотталған еді. 

Оқиғаның мән-жайы

2025 жылғы желтоқсанда полицияға 66 жастағы ер адам – Мақсот Қарабалин, 64 жастағы әйел – Насип Өтешқалиева және олардың балалары – 32 жастағы ұлы мен 35 жастағы қызының із-түссіз жоғалғаны туралы хабар түскен. Туыстарының айтуынша, отбасы мүшелері қараша айынан бері байланысқа шықпаған, олардың қайда екені белгісіз болған.

Төртеуі де хабар-ошарсыз кеткендер ретінде іздеуге жарияланды. Осы дерек бойынша соталды тергеу басталып, жедел-тергеу тобы құрылды.

Биыл 6 қаңтарда тергеу әрекеттері барысында үйлердің бірінің шаруашылық құрылысынан Мақсот Қарабалин мен Насипа Өтешқалиева мәйіттері көмілген күйде табылды. Осыдан кейін іс кісі өлтіру дерегі бойынша қайта сараланып, жоғалған балаларды іздеу жалғасқан.

Қылмыс жасады деген күдікпен 29 жастағы Сұлтан Сәрсемәлиев – қаза тапқан отбасының бұрынғы күйеу баласына халықаралық іздеу жарияланды. Онымен бірге марқұмдардың кенже қызы да халықаралық іздеуге берілген. Бұған дейін ол күдіктімен некеде болған.

Күдікті Индонезияда ұсталды. Онымен бірге отбасының кенже қызының да жүргені анықталған. Ұсталғаннан кейін ер адам кінәсін мойындап, тергеуге жауап берді. Оның жауабы бойынша, жедел-тергеу тобы қайта тергеу әрекеттерін жүргізіп, Атыраудағы үйдің ауласынан бұрын хабар-ошарсыз кеткен Мирамгүл Қарабалина мен Наурыз Мұқанғалиевтің мәйіттерін тапты.

Дана Русланқызы
Бейсенбі, 03 Қыркүйек, 2026 21:16