Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

БҚО-да үш жыл бұрын 4 адамның өмірін қиған тікұшақ апаты: Сотта тың деректер айтылды

құтқарушылар
Фото: t.me/kozachkow

Батыс Қазақстан облысында құтқару тікұшағы экипажының қазасына қатысты тың деректер белгілі болды. Екі адам апат кезінде алған жарақатынан көз жұмса, тағы екеуі құтқарушыларды күтіп жатып, тоңып қайтыс болған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

2023 жылдың ақпанында болған Ми-8 тікұшағының апатына қатысты екі сот процесі жүріп жатыр. Батыс Қазақстан облысы Бәйтерек ауданында “Қазавиақұтқару” компаниясының қаза тапқан екі ұшқышына қатысты іс қаралып жатыр. Тергеу нұсқасы бойынша, апатқа олардың әрекеті себеп болған.

Сонымен қатар Төтенше жағдайлар министрлігі апатқа ұшыраған тікұшақ үшін сақтандыру компаниясы “Евразиядан” 8 миллиард теңгеден астам өтемақы өндіріп алуды талап етіп отыр. Бұл талап Алматының ауданаралық экономикалық сотында қаралып жатыр. Өткен сот отырысында тараптар тікұшақтың нақты құнын анықтауға тырысты. Төтенше жағдайлар министрлігі мәліметінше, олар техниканы 2019 жылғы келісімшарт бойынша 8 миллиард теңгеден астам сомаға сатып алған. Сонымен қатар министрлік сақтандыру төлемінің кешіктірілгені үшін тұрақсыздық айыбын да өндіріп алғысы келеді.

Ал сақтандыру компаниясы “Қазавиақұтқарудың” өз құжаттарына сүйеніп отыр. Онда тікұшақ 2022 жылы сенімгерлік басқаруға берілген кезде 5 миллиард теңгеге бағаланғаны көрсетілген. Осыдан кейін тағы бір жылға жуық уақыт ұшқанын ескерсек, амортизацияға байланысты Ми-8-дің құны төмендеген. 2 қыркүйек күні өткен сот отырысында да тікұшақтың нақты құны қайта сөз болды. Алайда министрлік пен “Қазавиақұтқару” қажет құжаттарды әлі ұсынбаған. Ал соттағы ең күтпеген мәлімдемені сақтандыру компаниясының өкілдері жасады. Олар министрліктің талабын қолдап отырған “Қазавиақұтқару” заңгеріне бірнеше сұрақ қойды. Атап айтқанда, ұшқыштардың қауіпсіздік талаптарын сақтаған-сақтамағаны сұралды. Мысалы, олар жерге жақындағанын ерте ескертетін жүйені не үшін өшірген? Бұл жүйе тікұшақтың тым төмен биіктікте ұшып бара жатқанын ескертуі мүмкін еді.

“Қазавиақұтқару” заңгерінің айтуынша, биіктік өлшегішті өшіруге негіз болған. Себебі жүйе артық дыбыс шығарып, ұшқыштардың назарын бөлген. Осыдан кейін заңгерлер тікұшақта құлаған жердің координаттарын жіберуі тиіс КОСПАС-САРСАТ жүйесі неге жұмыс істемегенін сұрады. “Қазавиақұтқару” өкілі бұл сұраққа жауап беруден бас тартып, оның соттағы дауға қатысы жоқ екенін айтты. Сол кезде заңгерлер бұл жүйенің істемеуінен экипаждың екі мүшесі қаза тапқанын мәлімдеді.

Тергеу барысында белгілі болғандай, екінші ұшқыш Владимир Афанасьев пен инженер Жәрдем Досқалиев тікұшақ құлаған кезде алған көптеген дене жарақатынан көз жұмған. Ал бірінші ұшқыш Дәулетбай Қанатов пен бортмеханик Сиязбек Андосов жалпы дене температурасының төмендеуінен, яғни қатты тоңудан қайтыс болған. Демек, оларды аман алып қалуға мүмкіндік болған. Алайда құтқарушылар көмек тым кеш келген. Тікұшақ жергілікті уақыт бойынша сағат 14:38-де құлаған. Ал құтқарушылар апат орнына 19:07-де, яғни төрт жарым сағаттан кейін ғана жеткен. Сотта Көлік министрлігінің Авиациялық оқиғалар мен инциденттерді тергеу басқармасының бас сарапшысы Нұрбек Шәкішев куәгер ретінде жауап берді. Оның айтуынша, тікұшақ құлаған кезде әуе кемесінің командирі әлі тірі болған. Ол тіпті өзінің орналасқан жері туралы мәлімет беріп үлгерген.

“Бұл – “Қазавиақұтқаруға” қойылатын сұрақ. Себебі тікұшақ құлады, олардың қолында координаттар болды. Бірақ олар координаттарды кеш жіберген. Уақыт жоғалды. Адамдарды құтқарудың орнына, олар министрге (ол кезде министр Юрий Ильин болатын) есеп дайындаған. Координаттар ақыры берілген кезде жергілікті Төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлері оларды қалай пайдалануды және апат болған жерді қалай табуды да білмеген”, – деді Нұрбек Шәкішев сотта.

Еске салайық, осыдан екі ай бұрын Павлодар облысында “Қазавиақұтқаруға” тиесілі тағы бір тікұшақ апатқа ұшыраған. Оның нақты не себепті құлағаны әзірге белгісіз. Алайда қымбат тұратын авиациялық техника қайта-қайта апатқа ұшырап жатса, оларды пайдалану жағдайы, техникалық қызмет көрсету сапасы және қауіпсіздік талаптарының сақталуына қатысты сұрақтардың туындауы заңды.

Сот отырыстары келесі аптада жалғасады.

Айта кетейік, бұған дейін 2023 жылы Батыс Қазақстан облысында тікұшақтың апатты қонуы салдарынан төрт  адам қаза тапқанын жазған едік. Олардың “Қазавиақұтқару” қызметкерлері екені белгілі болған. 

Нұрила Жұмаділлә
Бейсенбі, 03 Қыркүйек, 2026 17:28