Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қызыл кітапқа енген құстарды асыраған қазақстандық бүркітші жазадан жеңіл құтылып кетті

бүркітші
Фото: dknews.kz

Ондаған жыртқыш құсты заңсыз сатып алғаны үшін сотқа тартылған белгілі құсбегі Таңат Оспанқұлов бас бостандығын шектеу жазасына кесілді. Алайда ол рақымшылыққа ілініп, сот залынан бірден босатылды. Ал бірнеше ай бұрын Қаржы мониторинг агенттігінің өкілдері оның ұсталғанын қоғамға сенсация ретінде таныстырған еді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Қарағандылық құсбегі Таңат Оспанқұлов 2022 жылы халықаралық саятшылар чемпионатында бірінші орын алған соң көпшілікке кеңінен танылды. Оның лашын сұңқары сегіз елден келген 60 қатысушының арасынан үздік деп танылған.

Сол кезде Таңаттың жыртқыш құстарды үйретумен мектеп кезінен айналысқаны белгілі болды. Кейін ол Қазақстанның ұлттық құсбегілік құрамасына енді. Биыл шілде айында көлеңкелі экономикаға қарсы күрес жүргізетін мамандар құсбегінің жеке үйіне тінту жүргізді. Агенттік мәліметінше, Оспанқұловтың заңсыз панажайынан Қызыл кітапқа енген 35 жыртқыш құс тәркіленіп, олар уақытша Қарағанды хайуанаттар бағына тапсырылған.

Тергеу аяқталған соң агенттік өкілдері журналистерге Оспанқұловтың 2017 жылдан бері өз үйінде заңсыз панажай ұйымдастырғанын айтты. Ол әлеуметтік желілер арқылы табиғаттан заңсыз ауланған сирек кездесетін жыртқыш құстарды жеткізіп беретін адамдармен байланыс орнатқан. Сирек кездесетін және жойылып кету қаупі бар жануарларды заңсыз сатып алғаны және сатқаны үшін үш жылға дейін бас бостандығынан айыру, мүлкін тәркілеу және белгілі бір лауазымдарды атқару құқығынан бес жылға дейін айыру жазасы қарастырылған.

“Мидя” ЖШС-де ресми түрде ветеринар болып жұмыс істейтін құсбегінің қылмыстық ісін Қарағанды қаласының Қазыбек би аудандық сотының судьясы Ақмарал Жаманғараева қарады. Сот үкімінде Оспанқұловтың “Құсбегілер” республикалық құрамасының мүшесі ретінде аңшылықта пайдаланылатын жыртқыш құстарды есепке алу және тіркеу тәртібін жақсы білгені, алайда оны сақтамағаны айтылған. Сот отырысында Оспанқұлов өзіне тағылған айыпты толық мойындады. Ол жасаған ісіне өкініп, келтірілген залалды толық өтеген. Соңында Оспанқұлов қылмысын толық мойындауына байланысты істі қысқартылған тәртіппен қарауды сұрады. Сот оның жауапкершілігі мен жазасын жеңілдететін бірнеше жағдайды ескерді. Атап айтқанда, Оспанқұловтың кінәсін мойындауы, шын жүректен өкінуі және төрт кәмелетке толмаған баласының болуы назарға алынды. Судья Таңат Оспанқұловтың орташа ауырлықтағы қылмыс жасағанына қарамастан, түзелуге болады деген қорытындыға келген. Осылайша, Оспанқұлов 1 жыл 6 айға бас бостандығын шектеу жазасына кесілді. Алайда оған “Рақымшылық туралы” заң қолданылып, негізгі жазадан босатылды. Осыдан кейін ол сот залынан бірден еркіндікке шықты. Сот үкімі әзірге заңды күшіне енген жоқ. Дегенмен Оспанқұлов тергеу органдарымен процестік келісімге келгендіктен, үкімге шағым түсіруі екіталай.

Өкінішке қарай, тергеу мен сот процесі жүріп жатқан кезде Қарағанды хайуанаттар бағына уақытша сақтауға тапсырылған жеті жыртқыш құс түрлі себеппен өлген. Қалған 27 құсты хайуанаттар бағының басшылығы өзінде қалдыруы немесе табиғи ортаға жіберуі мүмкін. Айта кетейік, сот үкімі шықпай тұрып-ақ, 2026 жылдың ақпанында Таңат Оспанқұлов “Құсбегілер” федерациясы мен ұлттық құрамадан шығарылған.

“Оспанқұловтың қылмыстық әрекеті спорттық этикаға және көне құсбегілік өнерінің негізгі қағидаттарына түбегейлі қайшы келеді”, – деп жазылған мәлімдемеде

Ұйым Қызыл кітапқа енген сирек кездесетін және жойылып кету қаупі бар құстарды заңсыз аулауға, сатуға және коммерциялық мақсатта пайдалануға қарсылық білдірді. Федерация өкілдері жыртқыш құстарды қорғау және заң талаптарын сақтау өздерінің негізгі міндеті екенін айтты. 

Айта кетейік, бұған дейін Қарағандыда құсбегілік федерациясының мүшесі Қызыл кітапқа енген 35 жыртқыш құсты заңсыз асырағаны туралы жазған едік. 

Нұрила Жұмаділлә
Бейсенбі, 03 Қыркүйек, 2026 16:27