450 қыздың ішінен таңдап алынған: Алматылық бүркітші ару өнерімен жұртты тәнті етіп жүр
20 жастағы алматылық Аяжан Даниярқызы құсбегілік өнерімен көпті тәнті етіп жүрген ару. Бүркіттің ауырлығы мен жұмыстың қиындығы болса да, бойжеткен бұл істен бас тартпаған. Ару бүркітші ғана емес мергендікті де игерген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Аяжанның ұлттық спортпен айналысып жүргеніне екі жыл болған. Ол атқа мініп, бүркіт баптамас бұрын, әуелі садақ атуды меңгерген.
“Қыз баласы болған соң барлығы мені құспен айналыса алмайды деп ойлайды. Бірақ бұл іс адамның өзіне ұнаса болды. Ыстығына да, суығына да төзеді. Ең басында бүркіттің ауырлығы қиын болды. Қолым талып, ауырып кететін. Қазір үйреніп кеттім. Бұл да тірі жан ғой, онымен байланыста болу керек”, – деді бойжеткен.
Ал оның ұстазы Сұлтансері Есентаев қазақ қыздарының ұстамдылығын әлемге танытуды мақсат еткен. Сол үшін арнайы іріктеу өткізіп, 450 арудың ішінен ынталысын таңдап алған. Ол басқа бұрымдылардың қиындықты көрген соң қызығушылығы тез басылғанын айтады.
“Ұлттық спортта ер азаматтар өте көп. Сол үшін бір жағынан қазақтың қыздарының қолынан да келетінін дәлелдеп, бүкіл әлем білсін деп құсбегілікке баулып жатырмын. Аяжан – өте епті қыз. Көрсеткен нәрсені бірден қағып алады. Аяжанға дейін де біраз қыздар болды. Бірақ көбінің бұған шыдамы жетпеді”, – деді ұстазы Сұлтансері Есентаев.
Аяжанның бүркіті 6-7 келідей тартады. Ол иесінің айтқанын бұлжытпай орындайды. Ал бойжеткен одан бөлек мерген.
“Садақ атудың екі түрі бар. Дәстүрлі және еуропалық. Еуропалық тәсіл фильдерден көріп жүрген үш саусақ. Ал менің ұстағаным дәстүрлі. Мұнда қолымызды кілттеп жабамыз да тартып атамыз”, – деп қосты ару.
Аяжан қалада туып-өскен. Отбасыда төрт баланың үлкені. Сәтбаев университетінде IT мамандығының 3-курс студенті.
“Қызым күндіз сабақта кешке дайындықта. Шаршайсың ғой, кішкене үйге барып демалып ал десем, “жоқ дайындығым аз, жарысқа барамын” деп көзінен от шашып тұрады. Сол кезде қызымның жұмысына деген ынтасын түсіндім”, – деді анасы Зәуреш Дормағанбетова.
Аяжанның ендігі мақсаты – ел біріншілігінен жеңіп, өнерін әлемге дәлелдеу.
"Кәрісің, бізге жастар керек дейді": Қазақстандықтар 35-40 жастан кейін жұмысқа тұра алмайтындарын айтып, шағымданды