Алматы облысында ер адамды мопед қағып, көз жұмды: Туыстары іс қозғалмай жатқанына наразы
Алматы облысы, Шамалған ауылында велосипедпен көшеде кетіп бара жатқан ер адамды мопедпен жасөспірім қағып кетіп, ауруханада қаза тапқан. Ал ер адамның жолдасы полиция бөлімшесіне барған кезде жасөспірімге ешқандай іс қозғалмайтынын айтқан. Бұл туралы Stan.kz ақпараттық агенттігі хабарлайды.
Редакциямызға марқұмның жақындары хабарласып, оқиғаны толыққанды баяндады. Жолдасы Гүлзардың сөзінше, оқиға 2 мамыр күні болған. Велосипедпен базарға бара жатқан Талғатты кәмелет жасына толмаған жасөспірім мопедпен қағып, ер адам ауруханада қаза тапқан.
“Бала жолдасының мопедін айдап жүрген. Велосипедке ештеңе болмаған, бірақ Талғат әрі қарай ұшып түскен. Бас сүйегі сынып, ота жасаған. Қаққан тарап күйеуімнің жағдайы туралы хабар да алған жоқ, дәріге де көмектескен жоқ. Тек 180 мың ғана төледі, болды”, – деді марқұмның жолдасы.
Талғаттың отбасы, оның жанын аман алып қалу үшін дәрі-дәрмектерді сырттан алдыртқан. Қазақстаннан оған керек дәрі табылмағандықтан, Ташкенттен алып отырған. Гүлзардың сөзінше, баланың әке-шешесі оған “балаға не істесең де, соны істе” деген сынды сөздер айтқан.
“Мен 30 сәуір күні перзентханада кесарь тілігімен бала босанып, ауруханаға баратын шамам келмей жатқан еді. Миы езілген, бірақ ота жасалғаннан кейін барлығы жақсы болды деген. Бір көзі мен бір қолы ғана жұмыс жасайды деді. Алайда 22 шілдеде қайтыс болды”, – деді Талғаттың жолдасы.
Гүлзардың айтуынша, марқұмның қазасы бойынша ешқандай іс қозғалмаған. Алдымен ол Қаскелең қаласына барып, істің не үшін қозғалмай жатқанын сұраған. Полиция департаменті Талғаттың өзі келіп, оқиғаның мән-жайын түсіндіріп айтуы керек деген.
“Ол түсіндіретіндей жағдайда болып отырған жоқ қой. Кейін жолдасым қайтыс болған соң, іс Қонаев қаласына өтті деді. Ол жаққа барсам, сараптама әлі де шықпай жатыр. Күту керек деді. Мерзімін айтпады. Бірақ департаментте “бала сотталмайды” деген сөздерді айтып жатыр. Ол қасақана өлтірсе ғана қозғалады екен”, – деп сөзін қорытындылады Гүлзар.
Заң жүзінде іс қалай болуы керек?
16 толмаған жасөспірімге заң тұрғысынан қандай жаза қолданылуы мүмкін екенін заңгер Абзал Қасымжановтан сұрап білдік. Заңгердің сөзінше, Қазақстанда жалпы ереже бойынша қылмыстық жауапкершілік 16 жастан басталады. Абайсызда адамның өліміне әкеп соққан жол қозғалысы ережесін бұзу 14 жастан бастап жауапкершілік қарастырылатын қылмыстардың қатарына кірмейді. Сондықтан жол апаты кезінде жасөспірім 16 жасқа толмаған болса, оны көлік қылмысы бойынша қылмыстық жауапкершілікке тарту мүмкін болмауы ықтимал. Бірақ бұл полиция істі мүлде тергемейді деген сөз емес.
“Егер жол апатынан кейін зардап шеккен адам бірнеше айдан соң қайтыс болса, ең алдымен оның өлімі мен жол апаты арасында байланыс бар-жоғын анықтау қажет”, – деді заңгер Абзал Қасымжанов.
Сөзінше, алдымен жол апатының барлық мән-жайы толық зерттелуі керек. Егер тергеу барысында жол ережесін бұзған жалғыз адам 16 жасқа толмаған жасөспірім екені анықталса, оған қатысты қылмыстық іс заңда көзделген негіз бойынша тоқтатылуы мүмкін. Бірақ полиция мұндай шешімді жай ғана ауызша қабылдай алмайды. Іс тиісті процестік құжатпен тоқтатылуы керек. Қайтыс болған адамның отбасы осы шешімнің көшірмесін алып, қажет болса оған шағымдана алады.
“Жасөспірімнің ата-анасын тек оның ата-анасы болғаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартуға болмайды. Қылмыстық жауапкершілік әр адамға жеке қолданылады. Алайда ата-аналардың өз әрекеттері де тексерілуі мүмкін. Мысалы, жасөспірімге мопедті кім бергені, оны басқаруына ата-анасы рұқсат етті ме, көлікті пайдалануға қатысты ережелерді өздері бұзды ма деген сұрақтар қаралады. Дегенмен ата-ананың баласына мопед сатып алып беруі немесе мопедтің ата-анасына тиесілі болуының өзі оларды автоматты түрде қылмыстық жауапкершілікке тартуға негіз болмайды”, – деді заңгер.
Заңгер келтірілген шығынді кім өтейтінін де тілге тиек етті. Оның айтуынша, егер жасөспірім 14 пен 18 жас аралығында болса, жалпы ереже бойынша өзі келтірген зиян үшін жауап береді. Егер оның зиянды толық өтеуге жеткілікті мүлкі немесе табысы болмаса, жетпеген бөлігін ата-анасы, асырап алушысы немесе қамқоршысы өтеуі мүмкін. Бұл ретте олар өз кінәсінің жоқ екенін дәлелдеуге құқылы. Бұдан бөлек, мопедтің иесі де жауапкершілікке тартылуы мүмкін. Себебі көлік заң бойынша ең қауіпті транспорт.
Заңгер қайтыс болған адамның отбасы нені талап ете алатынын да айтты. Олар:
- емделуге кеткен шығындарды;
- жерлеу шығындарын;
- моральдық зиянның өтемін;
- заңда көзделген жағдайларда асыраушысынан айырылуына байланысты төлемдерді талап ете алады.
“Марқұмның жұбайы жәбірленуші немесе қайтыс болған адамның өкілі ретінде танылуы үшін тиісті өтініш бере алады. Азаматтық талапты қылмыстық іс аясында да, бөлек азаматтық сот арқылы да беруге болады”, – деді заңгер.
Заңгердің сөзінше, егер полиция арызды тіркемесе немесе істі толық тергеп-тексермей тоқтатса, оның әрекетсіздігіне немесе қабылдаған шешіміне прокурорға шағым беруге болады. Сондай-ақ мұндай шешімге Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексінің 106-бабы тәртібімен тергеу судьясына шағымдануға мүмкіндік бар
Өз сөзін қорытындылай келе заңгер жасөспірімнің 16 жасқа толмауы оны қылмыстық жазаға тартуға кедергі болуы мүмкін. Бірақ бұл жол апаты мен адамның өліміне қатысты істі тексеруге кедергі емес екенін мәлімдеді.
“Полиция оқиғаның барлық мән-жайын анықтап, жол апаты мен өлім арасында байланыс бар-жоғын сараптама арқылы тексеруі керек. Ал қайтыс болған адамның отбасы кінәлі әрекеттердің анықталуын және келтірілген материалдық әрі моральдық зиянның өтелуін талап етуге құқылы”, – деп қорытындылады заңгер.
Аталған оқиға бойынша Алматы облыстық полиция департаментінен пікір сұрадық. Алайда әзірге ешқандай да жауап бермеді.
Еске сала кетейік, Донецкідегі әскери бөлімнен қашқан ресейлік сарбаз шекараны жаяу заңсыз кесіп өтіп, бір жылдан астам уақыт бойы Атырауда жүрген. 36 жастағы Александр Чабыевті полиция биыл маусымда анықтаған. Енді ол бес жылға Қазақстаннан шығарылмақ.
Алматы облысында ер адамды мопед қағып, көз жұмды: Туыстары іс қозғалмай жатқанына наразы