Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Түнгі кезекшілікке шыққан қазақстандық полицей қою түтінді байқап, бір отбасыны өрттен аман алып қалды

Үй өртенді
Фото: Instagram.com/policebqo

Батыс Қазақстан облысында учаскелік полиция инспекторы түнгі кезекшілік кезінде өртеніп жатқан үйді байқап, бір отбасының аман қалуына себеп болды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Оқиға 1 қыркүйекке қараған түні Жаңақала ауданына қарасты Қырқопа ауылында болған. Учаскелік полиция инспекторы, полиция капитаны Нұрлыбай Нұрмұханов әдеттегідей түнгі аралауға шығып, ауылдағы қоғамдық тәртіпті бақылап жүрген.

Таңғы сағат 04:30 шамасында ол үйлердің бірінің ауласынан қою түтін көтеріліп жатқанын байқайды. Оқиға орнына жеткенде үйге жапсарлас салынған мал қораның өртеніп жатқанын, жалынның тұрғын үйге қарай тарай бастағанын көреді.

Полиция қызметкері бірден үй тұрғындарын оятып, балаларымен бірге қауіпсіз жерге шығарады. Бұдан кейін өрт сөндірушілер келгенше үй иелерімен бірге қорадағы малды сыртқа шығарып, жалынды құммен ауыздықтауға кіріскен. Соның арқасында өрттің тұрғын үйге таралуына жол берілмеді.

“Нұрлыбай келіп оятпағанда, бала-шағамызбен не боларымызды білмеймін. Отбасымызбен оған алғысымыз шексіз”, – дейді үй иесі Есқали Мұратов.

Полиция қызметкерінің жедел әрекеті бір отбасының өмірін сақтап қалуға көмектесті.

Үй өртенді
Фото: Instagram.com/policebqo

 

Балнұр Рахматуллақызы
Бейсенбі, 03 Қыркүйек, 2026 15:31