Алматыда әскери қызметкер сағызға қақалған қыздың өмірін қалай құтқарып қалғанын айтып берді
Алматыда демалыста жүрген әскери қызметкер дүкенде сағызға қақалып, тыныс ала алмай қалған қызға алғашқы көмек көрсетіп, оның өмірін құтқарып қалды. Майор Хасен-Сұлтан Сәрсенбеков болған жағдайды айтып, сол сәтте не болғанын және қалай әрекет еткенін Stan.kz тілшісіне айтып берді.
Хасен-Сұлтан Сәрсенбековтің айтуынша, оқиға 28 тамызда 18:30 шамасында Алматыда Түрксіб ауданындағы "Нұршашқан" ықшамауданында болған. Қыздың кенеттен тұншығып қалғанын көрген әскери қызметкер бірден көмекке ұмтылған. Дер кезінде жасалған алғашқы көмектен кейін қыздың тыныс алуы қалпына келген.
Майор Сәрсенбеков сұхбат барысында оқиғаның қалай өрбігенін, қызға қандай көмек көрсеткенін және сол сәтте не ойлағанын айтып берді. Дүкенде ол қыздың анасының көмек сұрағанын ести сала, бірден жанына барған.
"Қыз бастапқыда күліп тұрған сияқты көрінді, сондықтан мән бермедім. Сол кезде қыздың қатты қақалып қалғанын түсіндім де, бірден жанына барып, көмек көрсеттім. Бір кезде шешесі “Көмектесіңдер!” деп айғайлап қалды. Алғашқы медициналық көмекті бізге әскери бөлімде күнделікті үйретеді. Сөйтіп, геймлих әдісін қолданып, (адамның тыныс жолына бөгде зат тұрып қалып, тұншығып жатқан кезде оны шығару үшін жасалатын алғашқы көмек тәсілі) құтқарып қалдым. Көмектескен кезде аузынан өрік сияқты үлкен сағыз шықты. Сағызды жұтып қойған екен. Құдайға шүкір, жаны қалды", – деді майор.
Әскери қызметкердің сөзінше, ол бұл әрекетін ерекше ерлік деп санамайды. 2018 жылдан бері Қарулы күштер қатарында қызмет етіп келе жатқан майор үшін қиын жағдайға тап болған адамға көмектесу азаматтық жауапкершіліктің бір бөлігі екен.
"Жанында басқа адамдар да қарап тұрды. Бірақ біз әскери қызметшіміз ғой, бізде сондай рефлекс қалыптасқан. Елге, халыққа көмектесу деген сүйіспеншілігіміз бар. Сол үшін қызмет атқарамыз. Адамның өмірін құтқару оңай нәрсе емес, мұндай жағдай күтпеген жерден болады", – деді Хасен-Сұлтан Сәрсенбеков.
Хасен-Сұлтан Сәрсенбеков 2018 жылдан бері Қарулы Күштердің Әуе қорғанысы күштеріне бағынысты бөлімшелерінде қызмет етіп келеді. Қазір Алматы гарнизонындағы Әуе күштеріне бағынысты бөлімшесінде дивизион командирінің тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары қызметін атқарады.
Әскери қызметкердің айтуынша, оқиғадан кейін қыз бен оның анасы қатты қобалжып, шок жағдайында болғандықтан, оған алғыс айтуға мүмкіндік болмаған. Оның өзі үшін ең маңыздысы қыздың аман қалуы. Хасен-Сұлтан оқиға дүкендегі бейнебақылау камерасына түсіп қалғанын айтады.
"Кешке үйге барған соң бұл жағдайды әйеліме айтып бердім. Ертеңіне әйелім сол дүкенге барып, иелерінен “Күйеуім осындай жағдайға тап болыпты, видеоны түсіріп алсам бола ма?” деп сұраған. Сөйтіп, видеоны алып, өзінің парақшасына салған. Сол жерден тарап кеткен", – деді Хасен-Сұлтан Сәрсенбеков.
Әскери қызметкер оқиға болған сәтте өзінің де бұл жағдайды көп ойламағанын айтты. Сол күні отбасылық шараға дайындалып жүрген.
"Жұбайыммен 2018 жылы Қостанай қаласында әскери қызметімді бастаған кезде таныстым. 2019 жылы шаңырақ көтердік. Бір қызым бар, қазір ол екі жаста. Сонымен қатар ұлым бар. Сол күндері баламызды қырқынан шығару рәсіміне дайындалып жүрген едік. Балам содан бір ай бұрын туған еді. Соған байланысты басымда онсыз да көп шаруа болды. Дүкенге азық-түлік алуға барған кезде осы жағдай болып, қызға көмектесіп қалдым. Кейін бұл оқиғаны өзім де ұмытып кеткем. Қазір сол жағдайдың бүкіл Қазақстанға тарап кеткенін көріп отырмын", – деді ол.

Қазір майор кезекті еңбек демалысында жүр. Жұмысқа келесі аптада шығатынын айтты. Бұдан бөлек Хасен-Сұлтан Сәрсенбековтен оқиғадан кейінгі әсері және әлеуметтік желідегі күтпеген танымалдығы туралы да сұрадық. Себебі соңғы уақытта оның қызға көмектескен сәті түсірілген видео кеңінен тарап, көпшіліктің назарын аударған.
"Негізі өзімді көпшілікке көрсеткенді ұнататын адам емеспін. Әлеуметтік желіге шығып, осылай танымал болып кеткеніме өзім де ыңғайсызданып жүрмін. Соңғы күндері біртүрлі күйдемін. Туған-туыстарым, достарымның бәрі хабарласып жатыр. Қазақстан азаматтарына қызмет ету біздің басты міндетіміз. Өз елімізді, жерімізді және азаматтарымызды қорғау біздің бірінші міндетіміз. Біз осы мақсатта қызмет атқарамыз", – дейді Хасен-Сұлтан Сәрсенбеков.
Әңгіме барысында әскери қызметкерден басшылық тарапынан марапат күтіле ме деген сұрақ та қойылды. Хасен-Сұлтан Сәрсенбеков бұл мәселеге сабырмен қарайтынын, бәрін уақыт көрсететінін айтты. Ал жұбайының әлеуметтік желідегі марапат туралы жазбасын ол оның жеке пікірі екенін жеткізді.
Айта кетейік, Хасен-Сұлтан Сәрсенбеков 1994 жылы 12 қарашада Абай облысының Аягөз қаласында дүниеге келген. 9-сыныпқа дейін туған жерінде білім алған. Кейін Қарағандыдағы республикалық әскери мектеп-интернатта 10-11 сыныптарды оқып, әскери бағытта білім алған.
Мектепті тәмамдаған соң Алматыдағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетіне оқуға түсіп, сол жерде әскери кафедрада білім алған. Университетті аяқтағаннан кейін Қарулы Күштерге әскери қызметке шақырылып, 2018 жылдан бастап әскери салада қызмет етіп келеді.
Алматыда әскери қызметкер сағызға қақалған қыздың өмірін қалай құтқарып қалғанын айтып берді