Қазақстанда мектеп директорларын тағайындау тәртібі өзгереді
Қазақстанда мемлекеттік білім беру ұйымдарының бірінші басшыларын және педагогтерін қызметке тағайындау және босату қағидаларына өзгерістер енгізілді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Жаңа талапқа сәйкес, емлекеттік білім беру ұйымының бірінші басшысы лауазымы бос немесе уақытша бос болған жағдайда, аудандық немесе қалалық білім бөлімі облыстық білім басқармасына конкурс өткізу туралы жазбаша өтінішхат жолдауы тиіс. Өтінішхат лауазым бос болған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде беріледі.

Конкурс аяқталғанға дейін басшының міндетін сол білім беру ұйымының басшы орынбасарына немесе педагогіне жүктеуге болады. Бұл мерзім алты айдан аспауы тиіс. Егер конкурс өтпей қалса, басшы міндетін атқару мерзімін тағы бір рет, алты айға дейін ұзартуға рұқсат етіледі.
Кімдер сертификаттаудан өтпейді?
Жаңа ережеге сәйкес, сертификаттаудан босатылатын кандидаттардың тізімі кеңейді.
Олардың қатарында:
- Президенттік жастар кадр резервіне кіргендер;
- Назарбаев Университетінің түлектері;
- “Болашақ” халықаралық стипендиясы бойынша білім алған шетелдік жоғары оқу орындарының түлектері бар.
Сонымен қатар QS World University Rankings, Times Higher Education (THE) және Academic Ranking of World Universities (ARWU) рейтингтеріндегі әлемнің үздік 100 университетінің түлектері де сертификаттаудан босатылады. Кандидаттың жоғары немесе жоғары оқу орнынан кейінгі педагогикалық білімі болуы керек. Оған қоса педагогикалық қайта даярлаудан өткенін растайтын құжаты болуы қажет. Қалған кандидаттар бірінші басшы қызметіне үміткер ретінде сертификаттаудан өтеді. Олар нормативтік құқықтық актілерді білуі және мемлекеттік тілді меңгеру деңгейі бойынша тест тапсырады. Конкурсқа қатысу үшін кандидат қазақ тілінен ҚАЗТЕСТ немесе QAZAQ RESMI TEST жүйелері бойынша кемінде В1 деңгейінде тестілеуден өз бетінше өтуі керек. Сертификаттаудан өту үшін әрбір нормативтік құқықтық акт бойынша дұрыс жауаптардың кемінде 50%-ын жинау қажет. Сертификаттауға 96 минут беріледі. Уақыт аяқталған соң бағдарлама автоматты түрде жабылады.
Конкурс жеңімпазы қалай анықталады?
Конкурс қорытындысы бойынша шешімді комиссия кандидаттардың жинаған балл санына қарай қабылдайды. Ең көп балл жинаған кандидат конкурс жеңімпазы деп танылады. Егер бірнеше кандидаттың жинаған балы бірдей болса, соңғы шешім комиссия мүшелерінің ашық дауыс беруі арқылы қабылданады. Дауыстар тең түскен жағдайда комиссия төрағасының дауысы шешуші болады. Комиссия мүшелерінің арасында мүдделер қақтығысы туындаған жағдайда оның құрамы қайта қаралады. Мүдделер қақтығысы туындаған немесе оның пайда болу мүмкіндігі бар комиссия мүшесі бұл туралы комиссия төрағасына немесе конкурсты жариялаған мемлекеттік органның басшысына жазбаша түрде хабарлауы тиіс. Өтініш бойынша қабылданған шешім хаттамамен рәсімделеді. Ал комиссия құрамына қатысты өзгерістерді мемлекеттік орган бір жұмыс күні ішінде енгізуі керек.
Құжаттарды электрондық немесе қағаз түрінде тапсыруға болады
Конкурсқа қатысу үшін құжаттарды қабылдау хабарландыру жарияланған соң келесі жұмыс күнінен бастап жеті жұмыс күні ішінде жүргізіледі. Кандидаттар өтініш пен қажет құжаттарды электрондық немесе қағаз түрінде тапсыра алады.
Құжаттарды:
- “Азаматтарға арналған үкімет” мемлекеттік корпорациясы;
- қызмет көрсетушінің кеңсесі;
- “цифрлық үкімет” веб-порталы арқылы беруге болады.
Директордың еңбек шарты аяқталған соң не болады?
Жаңа ережелерде директордың еңбек шартының мерзімі аяқталған соң оның міндетін атқару мәселесі де реттелген. Бірінші басшының және білім беру ұйымын басқару органының келісімімен ол конкурс рәсімі аяқталғанға дейін басшы міндетін атқарушы болып тағайындалуы мүмкін. Алайда бұл мерзім алты айдан аспауы тиіс. Басшы міндетін уақытша атқару еңбек шартына қосымша келісім жасау және тиісті бұйрық шығару арқылы рәсімделеді. Белгіленген мерзім аяқталған соң еңбек шарты бұзылуы тиіс. Бұл ретте еңбек шартын бұзу туралы хабарламаның болмауы оны автоматты түрде белгісіз мерзімге ұзартуға негіз болмайды.
Кадр резерві және “Жайлы мектептер”
Өзгерістерде ұлттық жоба аясында салынған “Жайлы мектептерге” кадр резервіне енгізілген мамандарды басым тәртіппен тағайындау да қарастырылған. Кадр резервіне енгізілген бірінші басшылардың орынбасарлары мұндай мектептерге бірінші басшы немесе бірінші басшының орынбасары лауазымдарына бірінші кезекте тағайындалады. Ал кадр резервіндегі педагогтер жоба аясында салынған мектептердегі бірінші басшы орынбасары лауазымына тағайындалу кезінде басымдыққа ие болады. Сонымен қатар өзгерістермен педагогтерді конкурстық және конкурстан тыс тәртіппен тағайындау қағидалары да жаңартылды. Жаңа өзгерістер 6 қыркүйектен бастап күшіне енеді.
Айта кетейік, бұған дейін Елдегі жалғыз ұлттық мектеп оқу жылын директорсыз бастағаны туралы жазған едік. Мектеп ұжымы білім ордасында мәселенің шешілмей жатқанына наразы.
Тазы мен төбеттің қазақ үшін қадірі неде және тұқымы қалай сақталып келеді