Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандық 22 жыл бұрын қайтыс болған әкесінің емханада тіркеуде тұрғанын айтып шағымданды

Қайтыс болған әкесін клиника тіокеуге алған
Фото: Жасанды интеллект көмегімен

Қазақстандық бойжеткен 2001 жылы қайтыс болған әкесінің 2023 жылдан бері емханада "тіркеуде" тұрғанын біліп жағасын ұстады. Айтуынша, клиника тіпті марқұм әкесін Қызылордадағы жекеменшік клиникаға өз ЭЦП-сымен тіркелгенін көрсеткен. Қазақстандық өмірде жоқ адамды тіркеген клиниканың жауапсыздығына ренжіді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Қызылордалық тұрғын оқиғасын желіде жазды. Айтуынша, құжат тексеру кезінде күтпеген ақпаратты көрген. 

“Масқара! 2001 жылы қайтыс болған әкем 2023 жылдан бері емханада "тіркеуде" тұр! Жуырда тексерсем, Қызылорда қаласындағы "ДостарМедLine" жекеменшік клиникасы әкемнің атына ашылған ЖСН-ді тауып алып, оны 2023 жылдан бастап өз емханаларына заңсыз тіркеп қойған! Емханаға барып сұрасам, беттері шімірікпей: "Бұл еркін тіркелу науқанымен тіркелген. Бірақ 2023 жылдан бері емханаға келмеген" деп ақталады. 2001 жылы бақилық болған адам 2023 жылы қалай өз еркімен өтініш беріп, қол қояды?!”, – деп жазды тұрғын.

Бойжеткен марқұм әкесінің деректерінде 2023 жылы өз ЭЦП-сымен (электрондық қолтаңбасымен) емханаға тіркелгенін алға тартты. 

“Түсінесіздер ме? 2001 жылы бақилық болған адам қалай 2023 жылы ХҚКО-ға (ЦОН) барып немесе биометриядан өтіп, ЭЦП алады?! Құзырлы органдардан бұл фактіні шұғыл тексеруді, әкемнің атына 2023 жылы ЭЦП кілтінің кім тарапынан және қай компьютерден (IP-адрес арқылы) шығарылғанын анықтауды және кінәлілерді жауапқа тартуды талап етемін!”, – деп қосты ол. 

Желі қолданушылары да осыған ұқсас жағдайларға тап болғандарын айтты. 

“Мен сол клиникада жұмыс жасағанмын. Бастығы күнде біздерді, медбикелерді, көшеге мәжбүрлеп шығаратын. "Күніне минимум 5 адам тіркеңдер" деп, аптап ыстыққа да қарамайтын. Мен төрт ай ғана істеп, шығып кеттім. Не үшін адам тіркейді? Себебі үкіметтен әр адамға ақша бөлінеді екен. Сұмдық! Ол клиникаға жоламаңыздар!”;
“Мені де олар басқа поликлиникадан деректерімді алып, өздеріне тіркеп алған. Осы жағдай екінші рет қайталанып отыр. Ауырып, өз поликлиникама барғанымда, "тіркеуде емессіз, ДостарМедте тұрсыз" деп шығарып салған”;
“Мені де тіркеп қойған. Ешқайда кірмесем де, аяқ астынан телефоныма хабарлама келеді. Тек мені ғана емес, қасымдағы адамдарды да рұқсатымызсыз өздеріне тіркеп алған”;
“Адам өзі барып тіркелмесе, оны өздігінен тіркей алмайтындай етіп қою керек! Заң мүлде жоқ сияқты. Менде де бірнеше рет болды. Өзіміздің ауруханада тіркеуде тұрған жерімнен жекеменшік ауруханалар өздері тартып алып, тіркей береді. Сұмдық қой!”

Редакциямыз "ДостарМедLine" клиникасымен байланықа шықты. Жеке меншік клиника әзірге ресми жауап жібермеді.

Дегенмен клиника аталған мәселе бойынша талдау жұмыстары жүргізіліп, қосымша хабарланатынын мәлімдеді. 

Гүлсезім Мұхатай
Бейсенбі, 03 Қыркүйек, 2026 17:00