Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандық оқушыны спорттық аяқ киіммен барғаны үшін мектепке кіргізбей қойған

Оқушы крассовкамен келіп мектепке кіргізбеген
Фото: magnific.com

Қазақстандық әйел ұлын мектепке кроссовкамен барғаны үшін сабаққа кіргізбей, үйіне қайтарып жібергеніне шағымданды. Баланы4 анасы мектеп басшылығы баланың құқығын таптап, осылай қауіпсіздігіне немқұрайлылық танытқанына ренжіді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Алматылық әйел оқиғасын желіде бөлсіті. Айтуынша, ұлының киімі барлық талапқа сай болған. 

"Бүгін ұлымды мектепке кіргізбеді. Себебі ауыстырып киетін аяқ киімі туфли емес екен. Иә, ол қою көк спорттық аяқ киім (кроссовка) алып барған. Бірақ кәдімгі спорттық үлгідегі аяқ киім де емес. Мен мектепке барып, бұған қатысты бұйрықты көрсетуді сұрадым. Назар аударыңыздар! Бұйрықта туфли туралы бір ауыз сөз жоқ. Онда тек киімнің түсі мен қандай үлгіде болғаны жөн екені жазылған. Ал ұлымның киімі сол талапқа сай болған”, – деп жазды ол.

Айтуынша, анасы бұйрықты көрсетіп, түсініктеме жазуды талап еткеннен кейін ғана мектеп басшылығы кешірім сұрай бастаған.

“Бірақ кешірімді менің алдымда емес, сабаққа кіргізбей, бір сағат уақытын жоғалтқан баланың алдында сұрау керек деп ойлаймын. Мені ашуландырғаны – баланы "туфлимен кел" деп үйіне қайтарып жібергендері. Жолда оған бірдеңе болып қалса ше? Бұл жерде ең алдымен баланың қауіпсіздігі тұр. Мен оның қоңырауын естімей қалуым мүмкін еді. Телефонын ұмытып кетуі мүмкін. Жалпы, маған хабарласа алмай қалуы да ықтимал. Бұл – қауіпті жағдай. Ең қызығы, кейін баланы үйіне қайтарғандарын да жоққа шығарып, "дұрыс түсінбеген" деп ақталды. Бірақ ол жерде жалғыз менің балам болған жоқ. Көшеде спорттық аяқ киім киіп тұрған бірнеше бала болды”, – деп қосты ол.

Әйел басшылықтың жауапкершілікті мұғалімге артатынына да наразы болды

“Ұстаздарына обал болды. Өйткені қандай жағдай болса да, соңында солар кінәлі болып шығады. Ал басшылыққа кінәні бір мұғалімнен табу ғана керек сияқты. Кеше сынып жетекшісі менен кешірім сұрап жатты. Мен барлығының көзінше: "Менің сізге ешқандай өкпем жоқ. Сізге үлкен рақмет. Мен басшылыққа және баламды мектепке кіргізбеген нақты адамға шағым айтуға келгенімді айттым”, – деп қорытты әйел.

Ол редакциямыз е-otinish-ке шағым жазғысы келгенін жеткізді. Дегенмен мектеп өкілдері кешірім беруін сұрағандықтан мектеп атауы мен оқиғаның қай жерде болғанын жария етпеген. 

 "Туфли міндетті ме?": Оқушы мектеп формасына қатысты нені білуі керек?

ҚР Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, мектеп формасы күнделікті, мерекелік және спорттық болып бөлінеді. Оның үлгісін мектеп ата-аналар комитеті, қамқоршылық кеңес және мектептің өзін-өзі басқару органдарымен бірлесіп анықтайды. Бұл талаптар жалпы мектеп ішілік ата-аналар жиналысының хаттамасымен бекітілген.

Министрліктің 2026–2027 оқу жылына арналған түсіндірмесінде мектеп формасына қатысты негізгі талаптар арасында аяқ киімнің міндетті түрде "туфли" болуы туралы талап көрсетілмеген. Құжатта спорттық форма құрамына спорттық аяқ киім кіретіні ғана нақты жазылған. Сонымен қатар талаптарда ұлдар мен қыздарға арналған күнделікті және мерекелік мектеп формасының құрамы жеке көрсетілген. Ал спорттық форма спорттық костюммен қатар спорттық аяқ киімді кроссовка мен кедыны қамтиды. Құжатта мектеп формасын таңдағанда оқушының жас ерекшелігі, климаттық жағдай, сабақ өтетін орын, ғимараттағы температуралық режим және қауіпсіздік талаптары ескерілуі керектігі жазылған.

Қолданыстағы талап бойынша оқушы белгіленген мектеп формасын сақтауға міндетті. Ал ата-ана оның сақталуын қамтамасыз етуі керек. Бірақ министрліктің ресми түсіндірмелерінен мектеп формасына қойылатын талапты бұзған оқушыны сабаққа кіргізбеу немесе мектептен үйіне жіберу туралы нақты норма көрсетілмеген. Сондықтан мұндай жағдайда мектептің ішкі жарғысы мен нақты бекітілген талаптарға сүйену керек.

Министрліктің бұрынғы ресми түсіндірмесінде де мектеп формасы жоқ оқушылардың таза, ұқыпты классикалық киіммен мектепке бара алатыны айтылған.

Мектеп формасына қатысты талаптарды сақтау оқушы мен ата-ананың міндеттерінің бірі болғанымен, қолданыстағы №26 бұйрықта форманы сақтамаған баланы сабаққа кіргізбеу немесе оны мектептен үйіне қайтару тәртібі жеке норма ретінде көрсетілмеген. Сондықтан бұл жағдайдағы негізгі мәселе – мектептің өзінде бекітілген талаптың қандай болғаны және сол талапты бұзған жағдайда оқушыға қандай шара қолдануға болатыны.

Stan.kz
Бейсенбі, 03 Қыркүйек, 2026 18:02