"Қазақ қыздары жылқының жалы секілді ұзын шашты ұнатады": Ресейлік блогердің сөзі желіде наразылық тудырды
Әлеуметтік желілерде Алматыны аралап жүрген ресейлік TikTok блогердің қазақ қыздарының сырт келбеті туралы айтқан видеосы қызу талқыға түсті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ресейлік блогер аялдама тұрған қыздарды сырттай видеоға түсірген. Видеода ол қазақ қыздарының ұзын шашты ұнататынын айтып, олардың шашын жылқының жалына теңеген.
Бұл пікірді әлеуметтік желі қолданушылары екі түрлі қабылдады. Бірі блогердің сөзін қорлау деп қабылдап, оны жауапкершілікке тартуға шақырса, енді бірі блогердің ойын сәтсіз жеткізгенін, шын мәнінде қазақ қыздарының ұзын, қалың әрі әдемі шаштарын мақтағысы келгенін айтты.
"Тауып алып, дала заңымен жазалау керек!", "Өзің жылқысың!", "Енді шаштары да жақпай қалды ма", – деп жазды желі қолданушылары.
Ал кейбір пікір қалдырушылар блогер ойын сәтсіз жеткізгенін, шын мәнінде блогер қазақ қыздардың шашы қалың әрі әдемі екенін айтқысы келген болуы мүмкін екенін болжады.
"Ол ойын дұрыс жеткізе алмады. Шаштары жал сияқты қалың екенін айтқысы келген шығар. Ойына не келсе, соны айта салған", – деп жазды қолданушылардың бірі.
Ал кейбіреулер жеке басқа тиісіп, дауды ұлттық мәселеге айналдырмауға кеңес берді.
Желі қолданушыларының көпшілігі қандай мақсатпен болса да, қыздарды өз келісімдерінсіз сыртынан түсіруге болмайтынын айтады.
Еске салсақ, бұған дейін "Павлодар – Ресейдікі" деп Қазақстан туралы даулы мәлімдемелер жасаған ресейлік блогер айыппұл арқалап, елден шығарылғаны туралы жазған едік.
Қазақстандық оқушыны спорттық аяқ киіммен барғаны үшін мектепке кіргізбей қойған
