Жаңаөзенде дене қызуымен ауруханаға түскен үш жасар бала 24 күннен бері жансақтауда жатыр
Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласында дене қызуы көтеріліп, ауруханаға жеткізілген үш жасар баланың жағдайы күрт нашарлаған. Қазір Абылай Жаңаберген жансақтау бөлімінде жатыр. Оның ес-түссіз жатқанына 24 күн болған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Информбюро бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Баланың анасының айтуынша, ауруханаға түскеннен кейін ұлының жағдайы нашарлап, құрысу белгілері байқалған. Туыстары дәрігерлер медициналық көмекті дер кезінде көрсетпеді деп есептейді.
"12 болмай балам уже судорога беріп бастады. Бір нүктеге қарап қалды. Қорқып кеттім. Қасымдағы апа айқайлап, дәрігер шақырды. Содан кейін ғана дәрігер келіп, балаға дәрі салды. Сол уақыттан бері балам оянған жоқ", – деді баланың анасы Гүлімәй Ізтілеуова.
Кейін балаға менингоэнцефалит, яғни ми қабынуы диагнозы қойылған.

Баланың әкесі Серік Жаңаберген Жаңаөзенде қажетті бейінді мамандар тапшы екенін айтып, білікті дәрігерлерді шақыртуды сұраған.
"Өзенде бізге керекті мамандар жоқ. Тапшы. Соның кесірінен бала алғашқы күн түскенде де алғашқы көмек дұрыс көрсетілмегендіктен, баламыз қазір осындай жағдайға түсіп отыр", – деді ол.
Ал Жаңаөзен қалалық көпбейінді ауруханасының директоры Марат Еделхановтың айтуынша, балаға облыстан және Астанадан мамандар кеңес берген. Сондай-ақ үш рет телемедицина арқылы консультация өткізілген.
Дәрігерлер баланың жағдайы өте ауыр әрі тұрақсыз болғандықтан, оны Ақтауға тасымалдау медициналық тұрғыдан тиімсіз деп шешкен. Ауруханада қажетті аппараттар мен ем-дом жүргізуге мүмкіндік бар екенін мәлімдеді.
"Баланың жағдайы өте ауыр. Қажетті ем-домның барлығы жүргізіліп жатыр", – деді аурухана директоры.
Қазір кезекші дәрігердің балаға нақты қашан және қандай медициналық көмек көрсеткені тексеріліп жатыр. Аурухана басшылығы ем-шаралардың ата-анасының келісімімен жүргізіліп жатқанын айтты.
Баланың жағдайы әзірге өзгеріссіз.
Еске салайық, бұған дейін Астанада балалар арасында энтеровирус жұқтыру жағдайы көбейгенін жазған едік. Дәрігерлердің айтуынша, әсіресе 4-13 жастағы балалар жиі ауырады. Инфекция қызу көтеріліп, денеге және ауыз қуысына бөртпе шығуымен, әлсіздік пен іш өтуімен білінеді. Мамандар ата-аналарға ауру белгілері байқалса, баланы балабақшаға немесе мектепке жібермеуді ескертеді.
Бөтен тойға кіріп, тамақтанып кеткен: Шақыртусыз қонақтар қазақстандықтардың ашуына тиді