Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Оралдағы инфекциялық ауруханада 13 жасар қыз көз жұмды: Ата-анасы дәрігерлерді кінәлап отыр

Дамеля Әбдірахманова
Фото: Анасы Ләззат Әбдірахманованың жеке архивінен

13 жасар Дамеля ауруханаға өз аяғымен кіріп, бір күннен соң жан тапсырған. Оралдағы инфекциялық ауруханаға дене қызуы көтеріліп түскен қыздың әкесі қызының өліміне дәрігерлердің салғырттығы себеп болды деп санайды. Оның айтуынша, Дамеля ауруханада тиісті бақылауда болмаған, ал жағдайының күрт нашарлағанын ата-анасы медицина қызметкерлерінен емес, қыздың өзінен естіген. Марқұмның әкесі Stan.kz тілшісімен тілдесіп, қызының өліміне аурухана дәрігерлерін жауапқа тартуды талап етті.

"Ауруханаға өз аяғымен кірді"

Оралдағы инфекциялық ауруханада қайтыс болған Дамеля Әбдірахманова небәрі 12 жаста еді. Ал шілде айында ол 13 жасқа толар еді. Қайғылы оқиға жайлы, әуел баста, анасы әлеуметтік желіге жазды. Кейін қыздың отбасымен байланысып, болған жағдайдың мән-жайын сұрадық. Алайда жақынынан айырылған анаға сол сәттерді қайта еске алып, қызының өмірінің соңғы күндері туралы айту ауыр болған. Дегенмен марқұм қыздың әкесі Қанат Әбдірахманов қызының ауруханаға қалай түскенінен бастап, жағдайы күрт нашарлаған сәтке дейінгі оқиғаны толық айтып беруге келісті.

Әкесінің айтуынша, Дамеляның алғашқы белгілері аптаның ортасында байқалған. Қыздың дене қызуы көтеріліп, тамағы ауырғанымен, бастапқыда жағдайы біршама жақсарған.

"Алғашқы белгілері сәрсенбі, бейсенбі күндері байқалды. Өзі жүріп-тұрып жүрді, тек дене қызуы көтеріліп, тамағы ауырды. Әдеттегі дәрілерді бердік, Нурофен сияқты дәрілер ішті, бастапқыда бәрі өтіп кететіндей көрінді. Бірақ сенбіден жексенбіге қарай дене қызуы түспей қойды. Содан кейін жедел жәрдем шақырдық. Олар келгенде дәрі салып, инфекциялық ауруханаға жатып, тамырға дәрі алып емделгені дұрыс екенін айтты", – дейді марқұмның әкесі Қанат Әбдірахманов.
Дамеля Әбдірахманова
Фото: Әкесі Қанат Әбдірахмановтың жеке архивінен

Қанат Әбдірахмановтың сөзінше, қызы ауруханаға өз аяғымен барып, жағдайы қалыпты болған. Бұған дейін Дамеля денсаулығына байланысты шағым айтпаған, ал жүрегіне қатысты ешқандай мәселе болмағанын әкесі ерекше атап өтті.

"Жедел жәрдемнен кейін қызымды өзіміздің көлігімізбен инфекциялық ауруханаға апардық. Ол кезде өзі жүріп жүрді, жағдайы қалыпты еді. Ауруханаға өз аяғымен кірді. Былтыр, 2025 жылы толық тексеруден өткен, денсаулығы жақсы болған. Иә, созылмалы тонзиллиті болды, бірақ жүрегіне қатысты ешқандай мәселе болған жоқ. Жалпы, қызым дені сау бала еді", – дейді Қанат Әбдірахманов.

"Біз дәрігерлерге сендік"

Әкесінің сөзінше, қызына анасымен бірге ауруханада жатуға рұқсат берілмеген. Дәрігерлер қыздың тамағы ауырып тұрғанын айтып, бірнеше күн тамырға дәрі құйып, кейін үйіне шығаратынын жеткізген. Алайда әкесінің сөзінше, ауруханада жатқан Дамеля жағдайының жақсармағанын айтып, ата-анасына дәрігерлердің тұрақты түрде келмейтінін хабарлаған.

"Бізге “Қызыңыз 12 жаста, өзі үлкен қыз. Мұнда балалар алты-жеті жастан бастап өздері жата береді” деді. Сөйтіп, апасымен Дәрігерлер “Тамағы ауырып тұр, үш-төрт күн тамырға дәрі құямыз да, шығарамыз” деп түсіндірді. Біз дәрігерлерге сендік, қызымызды ауруханаға қалдырдық. Бірақ күн ішінде WhatsApp арқылы сөйлескенде, Дамеля “Жағдайым жақсармай жатыр” деді. “Дәрігерлер келе ме?” деп сұрасақ, дұрыс тексеріп, палата аралап жүрген ешкім жоқ екенін айтты. “Кіріп, градусник қойып кетеді де, қайта келмейді” деп шағымданды", – дейді марқұмның әкесі.

Әкесінің айтуынша, келесі күні Дамеляның жағдайы күрт нашарлаған. Қыз ата-анасына өзі хабарласып, өзін өте нашар сезініп тұрғанын айтқан. Сол сәтте телефон оның қолынан түсіп кетіп, байланыс бірнеше минут бойы үзілмеген.

"Таңертең сағат ондар шамасында хабарласқанда, қызымның дене қызуы әлі түспегенін, жағдайының жақсармағанын айтты. Ал кейін, сағат он бір жарымдар немесе он екілер шамасында өзі қоңырау шала бастады. “Анашым, өзімді өте нашар сезініп тұрмын, маған бірдеңе болып жатқан сияқты” деді. Сол сәтте телефон қолынан түсіп кетті. Байланыс шамамен төрт минут бойы үзілмеді, ар жақтан бір дүрбелеңнің болғаны естілді. Қызыммен бір палатада жатқан әйел дәрігерлерді шақыра бастады, ал біз болған жағдайды телефон арқылы ғана естіп, бірден ауруханаға қарай жүгірдік", – дейді Қанат Әбдірахманов.

"Қызымызға жақындатпады"

Қызының жағдайы күрт нашарлағаннан кейін отбасы бірден ауруханаға жеткен. Алайда әкесінің сөзінше, сол жерде оларды қызымен кездестірмей, ұзақ уақыт күттірген. Кейін отбасы қылмыстық іс материалдарындағы бейнежазбаларды көргенде, қыздың қайтыс болған уақытына қатысты өздерінде жаңа сұрақтар туындағанын айтады.

"Бізге хабарласқаннан кейін бірден бәріміз жүгіріп шықтық, ауруханаға жеттік. Бірақ бізді қызымызға жақындатпады, “күте тұрыңыздар” деп отырғызды. Біз шамамен екі сағаттай күттік. Кейін сағат 13:00 шамасында келіп, қандай да бір пункцияға байланысты құжатқа қол қоюды сұрады. Ал кейін қылмыстық іс материалдарындағы бейнежазбаларды көргенде, қызым шамамен сағат 12:30-да қайтыс болғанын түсіндік. Сонда неге бізге бәрін бірден айтпады, неге жарты сағаттан кейін келіп құжатқа қол қойдыруға тырысты деген сұрақтар туындады. Сол кезде не болғанын сұрағанымызда, бізге нақты ешнәрсе түсіндірмеді", – дейді марқұмның әкесі Қанат Әбдірахманов.
Дамеля Әбдірахманова
Фото: Әкесі Қанат Әбдірахмановтың жеке архивінен

Қанат Әбдірахманов қызы ауруханада жатқан уақытта дәрігерлер отбасы мүшелеріне емдеу барысы мен қыздың жағдайы туралы толық ақпарат бермегенін айтады.

"Біз жағдайдың өте ауыр екенін қызымыз өзі қоңырау шалғанда ғана түсіндік. Ол анасына “Анашым, анашым, өзімді нашар сезініп тұрмын" деді. Сол сәтте телефон қолынан түсіп кетті. Телефонды ешкім өшірмеген сияқты, байланыс әлі қосулы тұрды. Сол кезде қызыммен бір палатада жатқан әйелдің дәрігерлерді шақыра бастағаны естілді. Бізге ауруханадан ешкім хабарласқан жоқ, ешкім қызымыздың жағдайы күрт нашарлағанын айтпады. Болған жағдайды өз қызымыздың соңғы қоңырауы арқылы ғана білдік", – дейді Қанат Әбдірахманов.

Қызы қайтыс болғаннан кейін Қанат Әбдірахманов барлық тиісті органға арыз жазғанын айтады. Әкенің сөзінше, қазіргі уақытта оқиғаға байланысты тексеру жүріп жатыр. Ол қызын ауруханаға түскен кезде толық тексерді ме, қажетті талдаулар алынды ма деген сұрақтарға жауап іздеп отыр.

"Қызым қайтыс болғаннан кейін біздің сұрағымыз өте көп болды. Барлық жерге арыз жаздық, қазір тексеру жүріп жатыр. Ол жексенбі күні күндіз ауруханаға түсті, шамамен сағат бір-екілерде болған шығар. Менің түсінуімше, ауруханаға түскен әрбір науқасты тексеріп, талдауларын алып, жағдайына қарай емге жіберу керек. Ал қызымның нақты қалай тексерілгенін білмейміз, осыған байланысты күмәніміз көп. Егер жағдайы ауыр болса, оны жансақтауға немесе ерекше бақылауға алып, бізге бірден хабарласуы керек еді. Бірақ дәрігерлер бізбен байланысқа шықпады, жағдайының күрт нашарлағанын өз қызымыз қоңырау шалып айтқанда ғана білдік", – дейді марқұмның әкесі Қанат Әбдірахманов.

"Олар кінәсі бар екенін өздері де біледі"

Әбдірахманов қызының қайтыс болуына байланысты кінәлілер жауапқа тартылуы керек деп есептейді.

“Біздің қолда барлық дәлел бар. һМенің ең басты сұрағым қызым неге қарапайым палатада жатып қайтыс болды? Қарапайым палатаға, менің түсінуімше, өміріне қауіп төніп тұрған жоқ, жағдайы тұрақты науқастар жатады. Егер қызыма ерекше бақылау қажет болса, оны басқа бөлімге ауыстырып, бізге жағдайын түсіндіруі керек еді. Бірақ бізге ештеңе айтылған жоқ. Бірақ бізбен ешкім сөйлеспеді, ешкім жағдайы туралы хабарлаған жоқ. Қазір істі Батыс Қазақстан облысының медициналық және фармацевтикалық бақылау департаменті қарап жатыр, біз тексерудің әділ өтіп, барлық сұраққа жауап берілгенін қалаймыз", – дейді Қанат Әбдірахманов.

Әкесі дәрігерлер тарапынан үлкен салғырттық болған деп есептейді. Оның сөзінше, медицина қызметкерлері не істерін білмегендей көрінген, қажетті көмекті де дер кезінде көрсете алмаған. Әкесінің пікірінше, олар қызына көмектесу үшін бар мүмкіндікті пайдаланбаған.

"Оқиғадан кейін де ешкім бізге келіп, көңіл айтқан жоқ. Не болғанын түсіндіріп, қандай да бір пікір білдірген де жоқ. Бізбен сөйлесуге де келмеді. Меніңше, олар кінәсі бар екенін өздері де біледі", – дейді Қанат Әбдірахманов.

"Қайғымызды сөзбен жеткізу өте қиын"

Марқұмның әкесі отбасы үшін бұл қасіреттің әлі де ауыр екенін айтады. Дамеляның артында өзінен кіші екі інісі қалған. Қанат Әбдірахманов пен жұбайы балалардың көзінше қайғысын білдірмеуге тырысқанымен, үлкен ұлы отбасындағы жағдайды сезіп жүргенін жеткізді.

"Қайғымызды сөзбен жеткізу өте қиын. Біз әзер күш тауып жүрміз, өйткені тағы екі баламыз бар, солар үшін өмір сүруіміз керек. Жұбайым да бар қайғысын ішіне сақтап, балалардың көзінше жыламауға тырысады, кейде сыртқа шығып барып жылап аламыз. Өз балаңды жерлеу – өте ауыр екен, мен әке ретінде қасіретті қалай жеткізерімді де білмеймін. Кейде дүкенге не басқа жаққа бара жатсаң да, “мұның бәрі не үшін, қызымды бәрібір қайтара алмаймын ғой” деген ой келеді. Үйіміздің берекесі кетіп, бәрі мүлде өзгеріп кетті. Үлкен ұлым біз жыламасақ та, жүзімізге қарап бәрін түсінеді", – дейді Қанат Әбдірахманов.

Әбдірахмановтар отбасы
Фото: Әкесі Қанат Әбдірахмановтың жеке архивінен

Қанат Әбдірахмановтың айтуынша, қызының жексенбі күні ауруханаға жатқанына байланысты кей таныстары демалыс күндері дәрігерлердің аз болатынын айтқан.

Алайда ол медициналық және фармацевтикалық бақылау органына жүгініп, науқасқа аптаның күніне қарамастан тәулік бойы тиісті медициналық көмек көрсетілуі тиіс екенін білгенін айтады.

"Үлкен ұлым 7 жаста, бәрін түсінеді, әпкесін сағынып, күнде жылайды. Ал 5 жасар кенжеміз әлі не болғанын білмейді, күнде “Апатай қайда? Қашан келеді? Әпкемді ауруханадан алып қайтайықшы” деп сұрайды. Дамеля өте көңілді, сабырлы, шығармашылыққа жақын қыз еді, сурет салғанды жақсы көретін. Тенниспен, бимен айналысты, кейін пианино үйрене бастады, небәрі екі ай барып үлгерді", – дейді Қанат Әбдірахманов.

Әкесі Дамеляны отбасының тірегі, екі інісіне қамқор болған мейірімді қыз ретінде еске алады. 

Осы жайттан кейін редакция Батыс Қазақстан облысының денсаулық сақтау басқармасына және Оралдағы инфекциялық ауруханаға хабарласып, оқиғаға қатысты түсініктеме сұрады. Алайда екі мекеме де нақты жауап беруден жалтарып, болған жағдайға қатысты барлық мән-жай тергеу аяқталғаннан кейін белгілі болатынын айтты.

Айым Атамбаева
Сәрсенбі, 26 Тамыз, 2026 14:32