"Түркі мемлекеттері ұйымы әскери одаққа айналмауы керек": Тоқаев Қазақстанның ұстанымын айтты
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Түркі мемлекеттері ұйымын әскери одаққа айналдыруға қарсы екенін мәлімдеді. Мемлекет басшысының айтуынша, ұйымның негізгі мақсаты – мүше елдердің ынтымақтастығын нығайту, ал әскери-саяси бірлестік құру оның бағытына сай келмейді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Тоқаев Түркі мемлекеттері ұйымын институционалдық тұрғыдан дамытуға айрықша назар аударуға шақырды. Айтуынша, соңғы жылдары Ұйым қызметінің аясы кеңейді, бұл құрылым 60 түрлі бағытта жұмыс жүргізіп жатыр.
“Дегенмен олардың кейбірі бір-бірін қайталайтыны жасырын емес. Сондықтан ортақ істе басымдық берілуге тиіс салаларды анықтап алуымыз керек. Жалпы, алдымызда тұрған міндеттер мен басымдықтарды айқындау қажет. Сонымен қатар ұйымымыздың ең жоғары деңгейінде қол қойылған шарттардың ережелерін бұзуға болмайды деп санаймыз. Сондай-ақ ұйым жанындағы Тұрақты өкілдер кеңесін құру маңызды екенін тағы да айта кеткен жөн. Биыл мамыр айында Түркістанда өткен ең жоғары жиында мен Түркі мемлекеттері ұйымы әскери альянс емес, болашақта да болмауы керек деп айтқан едім. Бұл – Қазақстанның ұстанымы”, – деді президент.
Тоқаев сонымен қатар қазақта "Береке – бірлікте, ырыс – ынтымақта" деген мақал бар екенін еске салып, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, ортақ мақсат жолында бірлесе әрекет ету керектігін айтты.
“Бүгінгі басқосу Ұйым жұмысына жаңа серпін беріп, ықпалдастығымызды нығайта түседі деп сенемін. Осы орайда, Әзербайжан мемлекеті Ұйымға былтырдан бері төрағалық етіп, оның абырой-беделінің артуына мол үлес қосқанын баса айтқым келеді. Мен Әзербайжан тарапына ризашылығымды білдіремін. Енді төрағалық ету міндеті Түркияға жүктеледі. Алдағы уақытта да Ұйым аясында тың бастамалар жүзеге асырылады деп сенемін. Сондай-ақ Кубанычбек Омуралиев мырзаға табанды қызметі үшін алғыс айтамын. Ал жаңа Бас хатшы Мирвохид Азимов мырзаға сәттілік тілеймін. Алқалы жиынды жоғары дәрежеде өткізгені үшін Түркия Республикасының Президентіне тағы да ризашылығымды білдіремін”, – деді ол.
Еске салсақ, бұған дейін президент Тоқаев Ресейді Түркі мемлекеттері ұйымына бақылаушы ретінде қосылуға шақырған еді. Айтуынша, Бұл барлық елге пайдалы болады.
Алматылықтар автобус мен метродағы адамдар кептелісіне шағымданды: Әкімдік мәселені қалай шешпек
Басқарма: "Қарбалас уақытта жолаушылардың 30%-дан астамы жол ақысын төлемейді"
1 қарашадан бастап Қазақстанда педиатрия бөлімшелер жабыла ма: Денсаулық сақтау министрлігі ата-аналарға жауап берді
Денсаулық сақтау басқармасы жалпы практика дәрігерлері, содан кейін керек болған жағдайда педиатр тексеретінін мәлімдеді.
