Солтүстік Корея хакерлері Binance-тен 20 минутта 6,3 миллиард доллар ұрлады деген күдікке ілінді
Солтүстік Кореямен байланысы бар хакерлер Binance криптовалюта биржасынан 6,36 миллиард долларды жымқырды деген күдікке ілінді. Ақпаратқа сәйкес, қаражаттың басым бөлігі небәрі 20 минут ішінде шығарылған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Оқиға 29 қазанда болған. АҚШ-тың TRM Labs компаниясы жүргізген талдау нәтижесінде шабуылға Солтүстік Кореяның TraderTraitor хакерлік тобының қатысы болуы мүмкін екені анықталған. Мамандар мұндай қорытындыға криптовалюта аударымдарын тексеру және басқа да деректерді салыстыру арқылы келген. TRM Labs мәліметінше, хакерлер Binance-ке тиесілі электрондық әмияндардан қаражатты он түрлі криптовалюта желісі арқылы шығарып алған. Бұл операциялардың басым бөлігі шамамен 20 минутта жүзеге асқан екен.
Мамандар шабуылдың бұрын болған ірі криптовалюта ұрлықтарына ұқсайтынын анықтағанын жеткізді. Мәселен, 2025 жылдың ақпанында Bybit биржасынан шамамен 1,5 миллиард доллар ұрланған еді. Сол кезде АҚШ-тың Федералдық тергеу бюросы шабуылға Солтүстік Корея хакерлерінің қатысы бар екенін мәлімдеген.
Егер Binance-тен шығарылған қаражаттың ұрланғаны толық расталса, бұл тарихтағы ең ірі криптовалюта ұрлығы болмақ. Өйткені шығын Bybit биржасындағы оқиғадан төрт есе көп болып отыр.
Шабуылдан кейін Binance бірнеше криптовалюта желісінде ақша шығару операцияларын уақытша тоқтатты. Сонымен қатар криптовалюта нарығындағы компаниялар күдікті аударымдарға байланысты қаражаттың бір бөлігін бұғаттауға кірісті. TRM Labs дерегінше, шамамен 2,7 миллиард доллардың қозғалысы тоқтатылған. Алайда хакердің бақылауында әлі де 2,4 миллиард долларға жуық криптовалюта бар. Бұл қаражатты тікелей бұғаттау мүмкіндігі шектеулі.
Binance компаниясы оқиғаны растағанымен, шабуылды нақты кім ұйымдастырғанын әзірге анықтаған жоқ. Биржаның алғашқы тексеруіне сәйкес, хакерлер қызметкердің компьютеріне заңсыз қол жеткізу арқылы жүйеге енген болуы мүмкін. Компания пайдаланушылардың қаражаты қауіпсіз екенін және шығынды өзінің резервтік қоры мен жеке қаражаты есебінен өтейтінін мәлімдеді.
Қазір оқиғаның мән-жайы мен нақты шығын көлемі анықталып жатыр. Тергеуге құқық қорғау органдары мен криптовалюта операцияларын зерттейтін мамандар қатысуда.
Алматылықтар автобус мен метродағы адамдар кептелісіне шағымданды: Әкімдік мәселені қалай шешпек
