"Сержанттар ұрды": Ақтөбедегі әскери бөлімде борышын өтеп жүрген сарбаз соққыға жығылғанын айтты (видео)
Ақтаудан әскерге шақырылған сарбаз Ақтөбедегі №6655 әскери бөлімінде соққыға жығылғанын мәлімдеді. Осыған байланысты Ұлттық ұлан өкілдері қызметтік тексеру жүргізіп жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ұлттық ұланның “Батыс” өңірлік қолбасшылығы мәліметінше, №6655 әскери бөлімінде мерзімді әскери қызмет өткеріп жүрген сарбазға қатысты оқиға бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Тергеуді Ішкі істер министрлігі Батыс өңірлік әскери-тергеу басқармасының Ақтөбе бөлімі жүргізіп жатыр.

“Тергеу органдары болған оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатыр. Жан-жақты әрі объективті тексеру нәтижесінде оқиғаға құқықтық баға беріледі”, – делінген хабарламада.
Бұған дейін сарбаздың анасы Гүлдана Кетібаева 18 жастағы ұлы Досымбеттің 3 шілдеден бастап Ақтөбедегі Ұлттық ұланның №6655 әскери бөлімінде қызмет етіп жүргенін айтқан.
Әйелдің сөзінше, 4 қыркүйекте оған ауруханадан қоңырау шалып, ұлының үш күннен бері медициналық мекемеде жатқанын хабарлаған.
Алдымен сарбазды уролог тексерген. Алайда талдаулардан инфекция анықталмаған. Кейін травматолог шақырылып, Гүлдана Кетібаеваның айтуынша, дәрігер қуыққа қатысты мәселелерді алған жарақатпен байланыстыруы мүмкін екенін айтқан.
Дәрігермен сөйлескен соң жігіт анасына әскери бөлімде өзін бірнеше рет ұрып-соққанын айтқан. Содан соң травматолог полиция шақырған. Сарбаз полицияға арыз жазған.
Кейін анасымен бейнебайланыс кезінде сарбаз оны аға сержант пен тағы екі сержант ұрғанын мәлімдеген.
Сарбаздың анасы туыстарымен бірге Ақтөбеге шұғыл аттанбақ. Ал әскери бөлім өкілдері журналистерге Досымбет Еркебұланның осы бөлімде қызмет етіп жүргенін және қазір ауруханада жатқанын растады.
Айта кетейік, бұған дейін Өскеменде жоғалған сарбаз үйін сағынғандықтан гарнизоннан кетіп қалғаны туралы жазған едік.
"Шай құймаймын, сәлем салмаймын, бір рет те тамақ пісірмедім": Түрікке тұрмысқа шыққан қазақ келіні енесімен қарым-қатынасы туралы айтты