Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Теңге нығайып, доллар түсті: Ұлттық банк валюта нарығына қатысты жағдайды айтты

доллар мен теңге
Фото: depositphotos.com

Қыркүйекте теңге нығайып, валюта нарығында доллар ұсынысы артты. Ұлттық банк нарықтағы жағдайға байланысты бірқатар операцияларды кейінге қалдырғанын айтып, алдағы уақытта теңге бағамы нарықтағы сұраныс пен ұсынысқа қарай қалыптасатынын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Ұлттық банктің мәліметіне сенсек, қыркүйек айының қорытындысы бойынша теңге долларға шаққанда 4,6%-ға нығайып, 1 доллар 440,49 теңге болды. Валюта нарығындағы сауда көлемі де артқан. Қазақстан қор биржасында қыркүйекте күніне орта есеппен 474 миллион доллар (209 миллиард теңге) сатылған. Бір айдағы жалпы сауда көлемі 10,4 миллиард долларға (4,58 триллион теңге) жетті.

Ал Ұлттық қордан нарыққа 200 миллион доллар (88,1 миллиард теңге) шығарылды. Бұл жалпы сауда көлемінің небәрі 1,9%-ы. Ұлттық банк қыркүйекте Ұлттық қор операцияларына қатысты "айна" операцияларын бастауды жоспарлаған. Яғни бір операция арқылы нарыққа түскен валютаның әсерін екінші операциямен теңестіру көзделген. Жоспарланған көлемі 200-300 миллион доллар (88,1-132,1 миллиард теңге) болған.

Алайда нарықта доллар ұсынысы жеткілікті болғандықтан, бұл операциялар уақытша кейінге қалдырылды. Ұлттық банк алдағы шешімдерді нарықтағы жағдайға қарай қабылдайтынын мәлімдеді. Тағы бір маңызды дерек. Алтын сатып алу операцияларын "айналау" механизмі арқылы қыркүйекте шамамен нарықтағы 374 миллиард теңгені айналымнан уақытша шығарды. Ал IV тоқсанда осы механизм аясында 907 миллиард теңгеге жуық шетел валютасын сату жоспарланып отыр. Осы ретте Ұлттық банк қыркүйекте валюталық интервенция жүргізбегенін атап өтті.

Сонымен қатар Ұлттық банк Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының активтерін басқарушы ретінде қыркүйекте биржадан 986 миллион долларға (434,3 млрд теңге) шетел валютасын сатып алған. Осы айдағы барлық валюта саудасының шамамен 9,4%-ына тең.

Ұлттық банк алдағы уақытта да валюталық нарықтағы операциялары туралы ақпаратты ашық жариялайтынын айтты. Ал теңгенің алдағы қозғалысына салық төлемдері, әлемдік нарықтағы жағдай, нарық қатысушыларының күтулері және геосаяси ахуал әсер етпек. Бұдан өзге, Ұлттық банк теңге бағамын еркін қалыптастыру режимін сақтайтынын мәлімдеді.

Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда 1 қазаннан бастап ұзақ мерзімді валюталық депозиттер бойынша шекті мөлшерлеме өсетінін жазған едік. Бір жылдан астам мерзімге ашылатын жинақ депозиттері үшін ең жоғары мөлшерлеме 1%-дан 2,5%-ға дейін көтеріледі. Бұл өзгеріс долларлану деңгейінің төмендеуіне байланысты енгізіліп отыр. 2015 жылы валюталық депозиттердің үлесі 80% болса, 2026 жылғы 1 қыркүйекте бұл көрсеткіш 19,2%-ға дейін түскен.

Айым Атамбаева
Бейсенбі, 01 Қазан, 2026 14:31