Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда негізгі азық-түлік өнімдерінің бағасы қалай өзгергені белгілі болды

баға
Фото: ChatGpt арқылы жасалды

Соңғы апта мен бір айда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы ел бойынша орта есеппен айтарлықтай өзгермеген. Ал бір жылда азық-түлік бағасы 2,2%-ға өскен. Дегенмен кейбір тауарлардың бағасы жекелеген өңірлерде екі есеге жуық қымбаттаса, енді бірінің бағасы керісінше айтарлықтай арзандаған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Ұлттық статистика бюросы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасына қатысты деректерді жариялады.

Статистикаға сәйкес, негізгі азық-түлік өнімдерінің бағасы бір жылда 2,2%-ға, ал 2026 жылдың басынан бері 1,5%-ға өскен. Ал соңғы апта мен бір айда ел бойынша баға деңгейі орта есеппен өзгермеген.

Апта ішінде баға Жезқазғанда – 0,4%-ға, Қостанайда – 0,2%-ға, Ақтау мен Қарағандыда 0,1%-ға өскен. Алайда жекелеген азық-түлік түрлерінің бағасы бір жыл ішінде айтарлықтай өзгерген. Оның үстіне бағаның өсу қарқыны өңірге қарай әртүрлі болған.

Қай азық-түлік қатты қымбаттады?

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, бір жылда ең көп қымбаттаған азық-түлік түрлері мыналар:

  • картоп – 27,5%- қымбаттаған. Баға Петропавлда ең жоғары қарқынмен өсіп, 115,4%-ға жеткен. Ақтөбеде – 59,8%, Семейде – 42,9%;
  • сәбіз – 26,6% қымбаттаған. Петропавлда – 76%, Семейде – 49%, Қарағандыда – 48%;
  • пияз – 22% өскен. Петропавлда – 51%, Ақтөбеде – 48,2%, Оралда – 46,5%;
  • қой еті, сүйексіз етті қоса алғанда – 21,4% қымбаттаған. Қостанайда баға 45,2%-ға, Оралда – 43,4%-ға, Павлодарда – 35,5% өскен;
  • “Экстра” сортынан басқа тұз – 13,5% қымбаттаған. Таразда – 29,4%, Көкшетауда – 29%, Қызылордада – 22,5%;
  • 5-9% майлылығы бар сүзбе – 10,4% қымбаттаған. Атырау мен Талдықорғанда баға 27,2%, Ақтауда – 26,2% өскен;
  • 2-3% майлылығы бар айран – 11,4% қымбаттаған. Ақтауда баға 23,8%, Оралда – 18,9%, Ақтөбеде – 18,5% өскен;
  • сары май – 10,5% қымбаттаған. Талдықорғанда – 22,2%, Атырауда – 15,6%, Астанада – 15,3%;
  • тартылған ет – 10,5% өскен. Алматыда баға 21,6%, Жезқазғанда – 14,9%, Атырауда – 14,4 қымбаттаған.

Ал осы тауарлардың ішінде соңғы аптада пияздың бағасы 7,2%, сәбіз 4,6%, картоп 3,2% арзандаған.

Қалған азық-түлік өнімдерінің бағасы, қызанақты қоспағанда, 1%-дан аз өзгерген. Қызанақтың бағасы апта ішінде 2,8% қымбаттаған.

Қай азық-түлік арзандады?

Бір жыл ішінде ең қатты арзандаған өнім – қияр. Оның бағасы орта есеппен 44,8% төмендеген.

Қияр Қонаевта ең көп арзандаған – 72,7%. Қарағандыда оның бағасы 62,4%, Түркістанда – 55,8%, Атырауда – 53,7%, Қызылордада – 53% төмендеген.

Сонымен қатар мына өнімдердің бағасы да арзандаған:

  • қызанақ – 5,5%. Ел бойынша баға аздап төмендегенімен, кей өңірлерде айтарлықтай арзандаған. Қызылордада – 43,7%, Атырауда – 42,6%, Қонаевта – 36,1%, Ақтауда – 31,4%;
  • алма – 7,1%. Қонаевта – 30,8%, Петропавлда – 23,2%, Қарағандыда – 22,5%, Түркістанда – 20,8%, Көкшетауда – 18,6%;
  • ақталған күріш – 3,3%. Қарағандыда – 15,5%, Оралда – 9,6%, Қостанайда – 9%, Петропавлда – 8,1%, Семейде – 7,9% арзандаған.

Осылайша, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы 26 тамыз бен 2 қыркүйек аралығында, соңғы бір айда ел бойынша орта есеппен айтарлықтай өзгермеген. Ал бір жыл ішінде олардың бағасы 2,2% өскен.

Сонымен бірге жекелеген тауарлардың бағасы өңірге қарай қатты өзгерген. Мәселен, картоп, сәбіз және пияз кей қалаларда айтарлықтай қымбаттаса, қияр, қызанақ пен алма кей өңірлерде керісінше бірнеше есе арзандаған.

Айта кетейік, бұған дейін Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев Қазақстанда ұн, күнбағыс майы, күріш, картоп, пияз, сәбіз, макарон өнімдері, сиыр және қой еті бойынша өзін-өзі қамтамасыз ету деңгейі 100%-дан асқанын жеткізгені туралы жазған едік. 

Нұрила Жұмаділлә
Жұма, 04 Қыркүйек, 2026 18:14