Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Тіс дәрігері жалған ем жүргізіп, сақтандыру қорынан 65,9 миллион теңгені заңсыз алған

МӘМС ақша
Фото: magnific.com

Алматы облысында стоматология басшысы жалған медициналық қызмет көрсетіп, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорынан заңсыз 65,9 миллион теңге. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

 

Алматы облысының прокуратурасы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорынан қаражатты заңсыз алғандардың жолын кесті.

“Екі жеке стоматологиялық клиниканың директоры науқастардың жеке мәліметтерін пайдаланған. Ол медициналық ақпараттық жүйеге туа біткен патологиясы бар балаларға ортодонтиялық қызмет көрсетілді деген жалған ақпарат енгізген. Осы мәліметтердің негізінде МӘМС қорынан клиникаларға ақша аударылған”, – деп мәлімдеді Бас прокуратура.

Прокуратураның тексеру материалдары бойынша Қылмыстық кодексінің 190-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы бойынша қылмыстық іс тіркелген.

Қонаев қаласының соты кінәлі адамға үкім шығарды. Мемлекетке келтірілген 65,9 миллион теңге көлеміндегі шығын толық өтелді.

Бұған дейін Медициналық сақтандыру қорының басшысы МӘМС жүйесіндегі қаржы жымқыру деректеріне қатысты пікір білдірген еді. 

"Біздің ұстанымымыз – заңбұзушылықтарды жасырып қалмау, расталған әрбір дерекке құқықтық баға берілуіне қол жеткізу, келтірілген шығынның өтелуіне ықпал ету және мұндай схемалардың жұмыс істеуіне мүмкіндік берген жағдайларды жою", – деп жазды қор басшысы.

Қордың баспасөз қызметінің мәліметінше, 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында анықталған заңбұзушылықтарға қатысты жалпы сомасы 4,5 миллиард теңгені құрайтын 72 материал құқық қорғау органдарына жолданған

Айым Болатқызы
Сейсенбі, 01 Қыркүйек, 2026 14:45