Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Сайлау қарсаңында 8 заңбұзушылық анықталды: Бас прокуратура қазақстандықтарға үндеу жасады

сайлау
Фото: Stan.kz

Бас прокурорының орынбасары Ерлан Өтегенов қазақстандықтарға үндеу жасап, сайлау кезінде қандай әрекеттерге тыйым салынатынын ескертті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Конституциялық өкілеттіктер шеңберінде прокуратура органдары Құрылтай депутаттарын сайлаудың барлық кезеңінде заңдылықтың сақталуына жоғары қадағалауды жүзеге асыруды жалғастырып келеді.

Сайлау қарсаңында 8 заңбұзушылық тіркелді

Ерлан Өтегеновтің сөзінше, прокуратура органдары сайлау заңнамасын бұзудың 8 фактісін тіркеді. Оның ішінде 3 факт сайлауға байланысты қоғамдық пікірге сауал салуға және 5 факт тыйым салынған кезеңде үгітжүргізуге байланысты.

“Әкімшілік жауаптылыққа прокурорлар қысқартылған тәртіппен 7 жеке тұлғаны және 1 заңды тұлғаны тартты. Олардың барлығы кінәсін мойындады, әрекеттеріне өкінді және онлайн-платформалардағы заңсыз жарияланымдарын жойды”, – делінген хабарламада.

Бас прокурордың орынбасары "Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" Конституциялық заңының 27-бабы 2-тармағына сәйкес сайлау алдындағы үгіт 22 тамыз сағат 00:00-де аяқталатынын еске салды. 

22 және 23 тамызда кез келген сайлау алдындағы үгiтке тыйым салынады. 

Сайлау комиссияларының үй-жайларынан және дауыс беруге арналған үй-жайлардан тыс жерлерде бұрыннан ілулi тұрған және интернет желісінде бұрын орналастырылған баспа үгiт материалдарын сол орындарында қалдыруға болады.

Алайда бұрын салынған материалдарды интернет-ресурстардың басты беттеріне шығаруға жол берілмейді. Сондай-ақ толтырылған бюллетеньді фото немесе видеоға түсіруге және оны дауыс беру күні таратуға тыйым салынады.

Үгіт жүргізуге тыйым салынған кезеңде салынса, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 102-бабы “Сайлау алдындағы үгітті оған тыйым салынған кезеңде жүргізу” бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылуы мүмкін.

  • Жеке тұлғаларға — 15 АЕК,
  • шығын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға — 20 АЕК,
  • орта кәсіпкерлік субъектілеріне — 25 АЕК,
  • ірі кәсіпкерлік субъектілеріне — 35 АЕК айыппұл салуды көздейді.

Сондай-ақ сайлау күні дауыс беруге арналған үй-жайда немесе пунктте қоғамдық пікірге сауал салуға тыйым салынады.

"Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" Конституциялық заңының 28-бабы 9-тармағына сәйкес, қоғамдық пікірге сауал салу нәтижелерін, сайлау нәтижелерінің болжамдарын, сайлауға байланысты өзге де зерттеулерді, кандидаттарды не саяси партияларды қолдап дауыс беру нәтижелерін дауыс беруден 5 күн алдында және дауыс берілетін күні БАҚ-та жариялауға жол берілмейді.

"Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы" Заңының ережелерін қатаң сақтау қажет, оған сәйкес жиналыстарды, митингілерді және пикеттерді ұйымдастыру және өткізу үшін хабарлама жасау тәртібі, ал демонстрациялар мен шерулер үшін келісу тәртібі көзделген.

“Жоғарыда көрсетілген белгіленген тәртіпті бұза отырып өткізілетін бейбіт жиналыстарды ұйымдастырғаны және оларға қатысқаны үшін айтарлықтай мерзімге қамаққа алуға дейінгі жаза көзделген. Егер бұл әрекеттер азаматтардың, ұйымдардың, қоғамның немесе мемлекеттің құқықтары мен заңды мүдделеріне елеулі зиян келтірумен ұштасса, қылмыстық жауаптылық туындайды”, – деп мәлімдеді Бас прокуратура. 

Бас прокурордың орынбасары масс-медиада жалған мәліметтер мен құқыққа қайшы контенттің таратылуына ерекше назар аударды. Сөзінше, ол үшін қауіптілік дәрежесіне және келтірілген зиянға қарай Қылмыстық кодекстің 274-бабы бойынша қылмыстық жауаптылық та, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 456-2-бабы бойынша әкімшілік жаза да көзделген.

Қырмызы Скендір
Жұма, 21 Тамыз, 2026 15:19