Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

АҚШ Иранға бұрын-соңды болмаған санкциялар салмақ

АҚШ Иранды экономикасын қысымға алады
Фото: REUTERS

АҚШ Иранды соғыспен емес, экономикасын тұншықтыру арқылы тізе бүктіруге ниетті. Вашингтон Тегеранға қысымды бұрын-соңды болмаған деңгейге жеткізбек. АҚШ Қаржы министрінің сөзінше, жаңа санкциялар мен теңіз блокадасы ауқымды әскери операцияның орнын басуы мүмкін. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі cnbc.com порталына сілтеме жасап хабарлайды. 

АҚШ Қаржы министрі Скотт Бессенттің айтуынша, бұл жоспар жүзеге асса, Иранға қарсы ірі әскери операция жүргізудің қажеті болмауы мүмкін.

"Экономикалық қысымды барынша күшейтсек, ауқымды әскери қимылдарды қайта бастау қажеттілігі туындамауы ықтимал", – деді Бессент CNBC-ге берген сұхбатында.

Оның бұл сөзі АҚШ президенті Дональд Трамптың Иранға қатысты жаңа мәлімдемесінен кейін айтылды. Трамп Вашингтон Тегеранға қандай да бір көмек көрсететін елдерге қатаң шара қолданатынын мәлімдеді.

"Бұл экономикалық D-Day болады. Иран қаупін оқшаулап, жеңу үшін барлық одақтастарымыз АҚШ-пен бірге болуы керек", — деп жазды Трамп.

Иранға қарсы соғыс алты айға жуықтап қалды. Алайда әзірге АҚШ-тың әскери немесе дипломатиялық жолмен нақты нәтижеге жеткені байқалмайды.

Бессенттің сұхбатынан кейін мұнай бағасы да көтерілді. Министр АҚШ Иранды "әлем тарихындағы ең ауқымды экономикалық оқшаулауға" ұшырататынын айтты. Оның сөзінше, Вашингтон Иранмен жұмыс істейтін елдерге таңдау жасауға мәжбүрлейді.

"Егер Иранмен сауда жасай берсеңіздер, оның мұнайын сатып алсаңыздар, ақша аударсаңыздар немесе теңіз арқылы жүк тасымалдасаңыздар, АҚШ үкіметі сіздерге қарсы барлық мүмкіндігін пайдаланады", — деді Бессент.

Ол АҚШ-тың мақсаты Иран экономикасын барынша әлсірету екенін жасырмады.

"Одақтастарымыз бен бүкіл әлемнің шешім қабылдайтын уақыты келді. Біз бұл режимнің экономикасын күйретеміз", — деді министр.

Бессент экономикалық қысымның Иран порттарына қойылған АҚШ әскери-теңіз блокадасымен қатар жүретінін айтты.

"Бұл – қос соққы. Бір жағынан блокада, екінші жағынан тарихтағы ең қатаң санкциялар", – деді ол.

Трамп бұған дейін де АҚШ Иранның әскері мен экономикасына айтарлықтай соққы бергенін бірнеше рет айтқан. Оның пікірінше, Тегеран қазір өте қиын жағдайда тұр.

Иран экономикасының жағдайы шынымен де күрделі. Соғыс басталғалы елдің экономикасы қысқарып, инфляция тарихи жоғары деңгейге жетті. Дегенмен сарапшылар Иран экономикасы жақын арада толық күйрейді деуге әлі ерте екенін айтады.

Тегеранның АҚШ-қа қарсы негізгі тетіктерінің бірі — Ормуз бұғазы. Соғыс басталғанға дейін әлемдегі мұнай саудасының шамамен 20%-ы осы маңызды теңіз жолы арқылы өтетін.

Қазір бұғаз арқылы танкерлердің қозғалысы айтарлықтай азайған. Ал Біріккен Араб Әмірліктері жаңа баллистикалық зымыран соққыларынан кейін Иранмен саудасын толық тоқтататынын мәлімдеді.

Иранның сыртқы істер министрі Аббас Арагчи Трамптың мәлімдемесіне жауап беріп, АҚШ-тың бұрынғы саясаты сәтсіз болғанын айтты. Оның сөзінше, қысымды одан әрі күшейту жағдайды ушықтырып, Иран халқының АҚШ-қа деген өшпенділігін арттыра түседі.

Еске салсақ, Иран АҚШ беталысын өзгертпейінше Ормуз бұғазының ашылмайтынын мәлімдеген еді.

Гүлсезім Мұхатай
Жұма, 21 Тамыз, 2026 10:32