Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстан астық экспорты үшін Ресей мен Иран порттарында жаңа терминалдар салмақ

астық терминалы
Фото: depositphotos.com

Қазақстан өз астығын әлемдік нарыққа шығару үшін Қара, Азов немесе Балтық теңіздерінің біріндегі портта астық терминалын салуды жоспарлап отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, осы мақсатта Азық-түлік корпорациясы шетел порттарының бірінде астық терминалын салу жобасын пысықтап жатыр.

Ведомствоның мәліметінше, жаңа нысан қазақстандық астықты халықаралық нарықтарға жеткізу мүмкіндігін кеңейтіп, экспорттық инфрақұрылымды күшейтуге көмектеседі. Бұл бастама астық саудасындағы байланыстарды нығайтып, жаңа өткізу бағыттарын қалыптастыруға бағытталған.

Қазір Азық-түлік корпорациясы астық сақтау және жөнелту инфрақұрылымын бірнеше елде дамытып отыр. Компанияның Қазақстандағы Ақтау портында, Иранның Амирабад портында және Әзербайжанның Баку қаласында терминалдары жұмыс істейді.

Сонымен қатар Қазақстан Ирандағы Шахид-Раджаи портында жаңа терминал салу мүмкіндігін де қарастырып жатыр. Маусым айында бұл жоба үшін Иран тарапы жер телімін бөлген. Жоспар бойынша, аталған бағыт қазақстандық астықты оңтүстік нарықтарға Маңғыстау арқылы және Түрікменстан аумағымен жеткізуге мүмкіндік береді.

Астық экспортының көлемі артқан сайын Қазақстан тасымал инфрақұрылымын кеңейтуге кірісті. Астық одағының дерегіне сәйкес, былтыр қыркүйек пен биыл мамыр аралығында Қазақстан 12,01 млн тонна бидай мен ұн экспорттаған. Бұл бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 19%-ға жоғары.

Қазақстан астығына сұраныс артқан негізгі елдердің қатарында Түркия, Иран, Алжир және Ауғанстан бар. Сонымен бірге Еуропа нарығында Бельгия, Нидерланд және Ұлыбритания қазақстандық бидай импортын көбейткен.

Гүлсезім Мұхатай
Сәрсенбі, 05 Тамыз, 2026 17:34