Қуаңшылық салдарынан қазақстандық диқандар астық түсімі азаяды деп алаңдап отыр

Қазақстанның бірнеше өңірінде қуаңшылық салдарынан егіннің шығымы төмендеп, астықтың сапасы нашарлауы мүмкін. Сарапшылар елде астық тапшылығы болмайтынын айтқанымен, фермерлер ең алдымен ішкі сұранысты қамтамасыз ету қажет деп дабыл қақты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Информбюро бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Еліміздің бірнеше өңірінде биылғы егін орағы қиын жағдайда өтпек. Ұзаққа созылған қуаңшылық салдарынан астық дақылдарының өсуі баяулап, фермерлер өнім көлемі мен сапасының төмендеуінен қауіптеніп отыр. Әсіресе бидай, арпа және зығыр алқаптары қатты зардап шеккен.
Қарағанды облысының шаруаларының айтуынша, маусым айындағы аптап ыстық пен ылғалдың тапшылығы дәнді, майлы және бұршақ тұқымдас дақылдардың өсуіне кері әсер еткен.
Қазақстан фермерлер қауымдастығының өңірлік өкілі Ерлан Оспановтың айтуынша, соның салдарынан өсімдіктер аласа болып өсіп, дәннің сапасы төмендейді. Ал өнім күткен болжамнан әлдеқайда аз болады.
"Биыл астық та, майлы дақылдар да аласа болып өсті. Дәннің салмағы азайып, сапасы төмендейді. Егер өңірімізде өнім аз болса, экспорт туралы айту қиын. Ең алдымен өз өңіріміздің ішкі қажеттілігін қамтамасыз ету маңызды", – деді Ерлан Оспанов.
ОқыңызАлдағы күндері көптеген шаруашылықтар егін орағына кіріседі. Қазақстанның Астық одағының өкілі Евгений Карабановтың айтуынша, қуаңшылықтың ең күрделі салдары елдің шығыс және орталық өңірлерінде байқалған. Дегенмен бұл аймақтар республикадағы егіс алқабының шамамен 6%-ы ғана болады.
Қазақстанның Астық одағының өкілі Евгений Карабанов мәселе жалпыұлттық емес, негізінен жекелеген өңірлерге тән екенін айтады.
“Батыс Қазақстан мен Ақтөбе облыстарында өнімге қатысты болжам жақсы. Ішкі нарықты қамтамасыз ету үшін шамамен 6 миллион тонна бидай жеткілікті. Ал өткен жылы біз одан үш еседен астам өнім жинадық", – деді Евгений Карабанов.
Сарапшылардың пікірінше, Қазақстан ішкі сұранысты толық қамтамасыз етіп, экспорттық міндеттемелерін де орындай алады. Алайда олар негізгі қауіптің басқа жақтан туындап отырғанын айтады. Қара теңіздегі әскери шиеленістің күшеюі салдарынан кеме қатынасына қауіп артып, сақтандыру компаниялары жүктер мен кемелерді сақтандырудан бас тарта бастады. Соның нәтижесінде Ресей астығының бір бөлігі Қазақстан мен Орталық Азия нарығына бағытталуы мүмкін. Бұл нарықтағы ұсынысты көбейтіп, астық бағасына қысым түсіруі ықтимал.
Еске салайық, бұған дейін "Қазгидромет" шілде айына арналған қорытынды болжамында елдің бірқатар өңірінде орташа деңгейдегі құрғақшылық күтілетінін ескерткен еді. Мамандардың болжамынша, ең жоғары қауіп Абай, Алматы, Жетісу, Жамбыл, Түркістан, Қызылорда, Павлодар, Қарағанды және Шығыс Қазақстан облыстарының бірқатар аудандарында байқалады. Ал Ақмола, Батыс Қазақстан, Атырау, Маңғыстау және Ұлытау облыстарында ылғалдану жағдайы климаттық нормаға жақын болады деп болжанған.
Блогер Бота Мианың Қазақстан туын ат үстіне жабуы заң бұзу болып есептеле ме, ол үшін қандай жазаға тартылуы мүмкін