Түркістандық шаруалар әлі су тапшылығын көріп отыр: Шенділердің қабылдаған шаралары неге нәтиже бермеді?

Оңтүстікте су жетпей ме? Мәселе шынымен судың аздығында ма, әлде оны басқаруда ма? Шаруалар егіні сусыз қурап жатқанын айтса, сарапшылар арналардағы судың жолай жоғалып жатқанын алға тартады. Бірі шекарадағы рұқсаттың кесірінен өнімінен айырылып жатса, енді бірі тамшылатып суару барлық жерге бірдей жарамайды дейді. Ал жасанды жаңбыр жобасы осы түйінді шеше ала ма? Stan.kz тілшісі оңтүстіктегі су мәселесінің төңірегінде не жатқанын зерттеп көрді.
Айта кетейік, бұған дейін Түркістан облысында жауған нөсерден кейін Жетісай ауданының шаруалары қауын-қарбыз алқаптарының бүлінуін "жасанды жаңбыр" жобасымен байланыстырған еді. Олар жауын-шашынның салдарынан өнімнің едәуір бөлігі шіріп кеткенін айтып, шығынға батқандарын мәлімдеді. Алайда облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы өнімнің бүлінуіне жауын емес, бактериялық ауру себеп болуы мүмкін екенін хабарлады. Кейін Түркістан облысының әкімдігі мен "Қазгидромет" те өңірдегі жауын-шашынның "жасанды жаңбыр" жобасына қатысы жоқ екенін, оның табиғи циклондардың әсерінен болғанын ресми түрде мәлімдеді.
Осы ретте жыл басынан бері билік оңтүстік өңірлердегі су тапшылығы мәселесін бірнеше рет көтеріп келе жатқанын айта кеткен жөн. Ақпанда үкімет вегетациялық кезеңге арнап су пайдалану лимиттерін бекітті. Мәселен, Түркістан облысына – 3,8 миллиард текше метр, Қызылорда облысына – 3,2 миллиард текше метр, Алматы облысына – 2,1 миллиард текше метр, Жетісу облысына – 1,8 миллиард текше метр, Жамбыл облысына – 1,2 миллиард текше метр су бөлінді. Ол кезде министрлік бұл шаралар су тапшылығын болдырмауға бағытталғанын айтқан.
Алайда ресми мәліметтер мен қабылданған шараларға қарамастан, су тапшылығы мәселесі Түркістан облысындағы диқандар үшін әлі де өзекті болып отыр. Әсіресе, Келес ауданының шаруалары егістікке қажетті судың жетіспеуі салдарынан өнім көлемі азайып, шығынға батып жатқанын айтады. Диқандардың сөзінше, су тапшылығы олардың күнделікті жұмысына ғана емес, бүкіл маусымдағы табысына тікелей әсер еткен. Осы мәселеге байланысты Келес ауданындағы Ескіқорған ауылының шаруасы Дастан Жолдас өз пікірін білдірді.
"Шекарадағы рұқсат рәсімі егінді күйдіріп жатыр": Келес диқанының жанайқайы
Диқан Дастан Жолдастың айтуынша, кезінде 400 гектарға су жеткізген жүйенің істен шығуы бүгін жүздеген гектар жердің игерілмей қалуына себеп болған.
"Бұрын ауылымызда екі су айдайтын сорғы жұмыс істеп, шамамен 400 гектар жер суарылатын. Қазір сол сорғылардың бірі де жоқ, қараусыз қалып, талан-таражға түсіп кеткен. Соның салдарынан бүгінде суармалы жердің көлемі 100 гектарға да жетпейді. Су жетпеген жерлер сортаңданып, егін егу қиындады. Қазір шаруалардың көбі судың емес, суға қолжетімділіктің мәселесін айтып жүр", – дейді диқан Дастан Жолдас.
Ескіқорған диқандары бүгінде Өзбекстаннан келетін Бозсу өзеніне тәуелді. Алайда шекаралық шектеулер мен каналдарға күтім жасалмағандықтан, өнім көлеміне тікелей әсер етіп отыр.
"Біз қазір Бозсу өзенінен сорғы арқылы су алып отырмыз. Бірақ сорғы бейтарап аймақта орналасқандықтан, істен шықса немесе қоқысқа толып қалса, бірден бара алмаймыз. Шекарадан өтуге рұқсатты кейде бір апта, тіпті он күн күтеміз. Сол уақыт ішінде егін сусыз қалып, өнім азаяды. Былтыр 12 гектар қызылшам дәл осындай себептен қурап, үлкен шығынға баттым. Одан қалды біздің ауылға Киров және Аққойлы каналдары арқылы су келеді. Аққойлы каналы уақытында тазаланбаса, су көлемі күрт азайып, егін сусыз қалады. Кейде миллиондаған теңгеге сатып алған сорғыларымыз да күйіп кетеді. Мұның бәрі шаруалардың шығынын көбейтіп, өнімнің сапасы мен көлеміне әсер етеді", – дейді Дастан Жолдас.
Диқанның айтуынша, мәселені шешудің нақты жолы бар. Ол үшін мемлекет тарапынан инженерлік қолдау қажет екен.
"Қазір әкімшілік жағынан тағы 10 гектар жер алып отырмын. Бірақ оған да су жоқ. Енді амалсыздан артезиан суын пайдалануға тура келетін шығар. Біз су мәселесін шешу үшін бірнеше рет тиісті мекемелерге жүгіндік, бірақ нәтижесіз. Шекараның астымен құбыр өткізіп, суды сыртқы жаққа шығарса, шамамен 300 гектар жерді суаруға мүмкіндік туады деп ұсыныс та айттық. Оның құны небәрі 7-8 миллион теңге шамасында, ал су өткізгіш науа мен сорғыны шаруалардың өздері орнатып, әрі қарай пайдалана алады. Мемлекет қолдау көрсетсе, жүздеген гектар жерді қайта айналымға қосуға мүмкіндік берер еді", – дейді диқан.
Дастан Жолдастың сөзінше, Келес ауданы аграрлы өңір, халықтың негізгі күнкөрісі осы диқаншылықта. Келестік диқандар үшін су тапшылығынан бұрын оған қол жеткізу қиынға айналған. Диқанның сөзінше, шекарадағы рұқсат рәсімдері егінді күйдіріп жатыр.
"Қазір бізге ең керегі су мәселесінің шешілуі. Кейінгі жылдары өнім де бұрынғыдай болмай қалды, бағасы да көңіл көншітпейді. Сондықтан жазғы дақылдарды егіп, шаруашылықты дамытуға ниет бар. Бірақ оған су жеткіліксіз. Жазда ауа райы өте ыстық болады. Бүгін өтініш берсек, "ертең, бүрсігүні" деп жүріп, рұқсат кеш беріледі. Сол уақыттың ішінде өнімнен айырылып қаламыз. Егер сорғы істен шығып, оны ауыстыру қажет болса, ескі сорғыны алып шығуға бір рұқсат, жаңасын кіргізуге тағы бір рұқсат алу керек. Оған тағы бірнеше күн, кейде бір апта кетеді. Мұндай жағдайда егінді сақтап қалу мүмкін емес", – дейді Дастан Жолдас.
Диқан жұрт арасында шекарада су бөлісте кейбір шаруаларға артықшылық беріледі деген пікірдің жансақ екенін айтады. Оның сөзінше, мәселе су бөлуде емес, шекарадағы сорғыларға уақытында жете алмауында болып отыр. Соған қарамастан шаруалар мемлекет алдындағы міндеттемелерін орындап келеді.
Өз жері үшін жылына шамамен 56 мың теңге жер салығын төлейді, ал жалға алған жерлері үшін 300 мың теңгеге жуық қаржы аударып отырады.
"Егер мемлекет шекара маңындағы су мәселесін реттеп берсе, ауылдағы жағдай айтарлықтай жақсарар еді. Бұрын шамамен 400 гектар жер суарылса, қазір оның едәуір бөлігі игерілмей жатыр. Ауылдың жартысына жуығы су тапшылығын көріп отыр. Кейбіреулер тамшылатып суаруға көшуді ұсынады. Бірақ біздің жер оған қолайлы емес. Топырағымыз сортаң. Тамшылатып суарсаң, жердің астындағы тұз жоғары көтеріліп, топырақтың бетіне шығып кетеді де, өнімге зиянын тигізеді. Сондықтан бізге ағын сумен суару әлдеқайда тиімді. Ашық каналмен келген су жердің тұзын шайып кетеді. Егер тамшылатып суару біздің жерге тиімді болса, біз де соған әлдеқашан көшер едік. Өйткені ол еңбек жағынан да, шығын жағынан да қолайлы. Бірақ біздің жердің ерекшелігі оған мүмкіндік бермейді", – деп қынжылды шаруа.
"Біз егістік жұмыстарын желтоқсанның соңы мен қаңтар айында бастаймыз. Ең қиын кезең шілде мен тамыз, дәл осы уақытта су жетіспесе, қызылшаның көп бөлігі қурап, өнім күрт азаяды. Биыл көптеген шаруа үлкен шығынға ұшырады. Мысалы, бір шаруаның 30 гектардан астам қырыққабаты болды. Бір гектарға 2,5-3 миллион теңге жұмсап, жалпы 75-90 миллион теңге шығын шығарғанымен, өнімін сата алмады. Қырыққабат егістікте шіріп кеткен соң оны техникамен жерге көмуге мәжбүр болды, соның өзіне гектарына тағы 25 мың теңге жұмсалды. Осылайша оның жалпы шығыны шамамен 100 миллион теңгеге жетті. Делдалдар өнімді нарықтағы 50 теңгенің орнына 20-25 теңгеден ғана алғысы келеді. Соның салдарынан барлық тәуекел мен шығын диқанның мойнында қалып отыр", – дейді Дастан Жолдас.
Келестік шаруалар су тапшылығымен қатар, тиімсіз жобалар мен инфрақұрылымның жоқтығынан да зардап шегіп отыр. Дастан Жолдастың айтуынша, миллиондаған теңгеге салынған нысандардың өзі бүгінге дейін ел игілігіне жарамаған.
"Ауылда өнім сақтайтын қойма жоқ болғандықтан, өнімді ұзақ ұстай алмай, амалсыздан делдалдарға арзан бағаға сатамыз. Әкімдік инвестор тартамыз дейді, бірақ халыққа шын пайдасы тиетін жобалардың орнына қажеті шамалы нысандар салынып жатыр. Соның бірі шамамен 25 миллион теңгеге орнатылған екі сорғы. Бірақ олар су келмейтін жерге қойылғандықтан, 2015-2016 жылдары орнатылса да, бүгінге дейін бір тамшы су берген жоқ. Оның үстіне бір сорғы сағатына 150 киловатт электр энергиясын тұтынады, сондықтан оны пайдалану шаруалар үшін тиімсіз. Ең өкініштісі, мұндай жобалар диқандармен ақылдаспай жасалды. Ал субсидияға келсек, өзім де, ауылдағы көпшілік шаруалар да ешқандай мемлекеттік қолдау алған жоқпыз, барлық шығынды өз қалтамыздан көтеріп келеміз", – дейді диқан Дастан Жолдас.
Айта кетейік, сортаң топырақ – құрамында натрий тұздары көп, физикалық қасиеті нашар топырақ түрі. Құрғақшылықта ол қатайып, жарылып кетсе, ылғал түскенде жабысқақ балшыққа айналып, суды өткізбейді. Соның салдарынан өсімдіктердің тамыр жүйесі дұрыс дамымай, егіннің өнімділігі төмендейді. Сондықтан мұндай жерлерді арнайы мелиорациялық шаралар жүргізбей ауыл шаруашылығында тиімді пайдалану мүмкін емес.
Тұзданған жерлер қалай қалпына келтіріліп жатыр?
Өңірдегі су тапшылығы мен жердің сортаңдану мәселесінің себептері және оны болдырмау бағытында қандай жұмыстар атқарылып жатқанын білу үшін редакция "Қазсушардың" Түркістан филиалына сауал жолдаған еді. Мекеме өкілі трансшекаралық суларды бөлу тәртібі мен Жетісай және Мақтаарал аудандарында жүргізілетін қысқы тұз шаю жұмыстары туралы түсінік берді.
"Трансшекаралық сулар вегетациялық кезеңде бекітілген кестеге сәйкес беріледі. Ал вегетациядан тыс уақытта, әсіресе Жетісай мен Мақтаарал аудандарында жерді тұздан тазарту мақсатында тұз шаю жұмыстары жүргізіледі. Жер асты суларының деңгейі көтерілгенде топырақ бетіне тұз шығып, оның құнарлылығы төмендейді. Сондықтан қыс мезгілінде жерді сумен шайып, тұзды төменгі қабатқа түсіру жұмыстары жоспарға сай жүзеге асырылады", – деп жауап берді "Қазсушар" РМК Түркістан филиалының өкілдері.
"Арналардағы судың жоғалуы нақты есептелмейді"
Осы ретте тәуелсіз сарапшы Кирилл Павлов Түркістан облысындағы суару арналарының бірінен су шөлге ағып жатқан ірі тесікті анықтағанын айтады. Оның сөзінше, мұндай жағдайлар негізінен Түркістан, Жамбыл және Қызылорда облыстарындағы суармалы алқаптарда кездеседі. Сарапшы бұл мәселені әлеуметтік желіде де көтеріп, каналдан сыртқа ағып жатқан судың суретін жариялаған.
"Осындай бір ғана тесіктен жыл сайын қанша көлемде су ысырап болады деп ойлайсыздар? Енді екінші сұрақ – осы шығынның өтемін кім төлейді? Бұл тесік шөлдің ортасында шағын көл пайда болуына себеп болған. Дәл осысы Түркістан облысындағы Бөген каналында орналасқан. Бірақ Қызылорда облысында да мұндай жағдайлар аз емес. Сол жерден шөлдің ортасында шағын көл пайда болған. Мұндай жағдайлар Қазақстанның барлық өңіріне тән емес. Себебі еліміздің басым бөлігінде суармалы егіншілік жоқ. Мұндай мәселе негізінен Түркістан, Жамбыл және Қызылорда облыстарына тән. Тесік нысандарды біз спутниктік талдау арқылы анықтадық. Зерттеу әдістемесін жарияламаймыз, өйткені оның өз ерекшеліктері бар. Осы материалдар жарияланғаннан кейін министрмен де, вице-министрлермен де бірнеше рет кездестім. Оларға барлық деректі көрсеттім. Бірақ олар мұны жекелеген жағдай ғана деп есептейді. Ал мен бірнеше каналдың өзінен осындай ондаған су жоғалту нүктелерін көрдім. Кейбір каналдардың тармақтарында бес-алтыдан осындай тесік кездеседі", – дейді Кирилл Павлов.
Кейбір әкімдіктер шөлдің ортасында пайда болған жасыл аймақтарды "жаңа оазис" деп мақтанышпен көрсетеді, дейді сарапшы Кирилл Павлов. Алайда шын мәнінде ол Аралға немесе егістікке жетуі тиіс судың жолда жоғалған бөлігі екен.
"Судың не үшін әдейі солай жіберілгенін нақты айта алмаймын. Менің міндетім – осы мәселені қоғамға көрсету. Ал оның себебін анықтау – тиісті мемлекеттік органдардың жұмысы. Егер үкіметке су тапшылығын азайту үшін үш ұсыныс айту мүмкіндігі болса, ең алдымен суды нақты есепке алуды енгізуді ұсынар едім. Себебі өлшенбейтін нәрсені басқару мүмкін емес. Қазір "көлеңкелі су нарығы" туралы көп айтылады. Бірақ оның нақты көлемін ешкім білмейді. Кейбір адамдар фермерлерге қосымша су беруді заңсыз жолмен ұйымдастырады дейді. Ал ресми жүйе фермерге қажетті көлемнен аз су береді. Соның салдарынан шаруалар қосымша суды қолма-қол ақшаға сатып алуға мәжбүр болады", - дейді тәуелсіз сарапшы Кириль Павлов.
Кирилл Павловтың айтуынша, арналардағы су шығыны нақты есептелмегендіктен, жоғалған суды сол шығындардың есебіне жаза салу оңай. Егер нақты шығын көлемі қағаздағы көрсеткіштен аз болса, айырмашылықтағы суды басқа біреуге сатып жіберуге мүмкіндік туады дейді ол.
"Қырғызстан төменгі ағыста орналасқан мемлекеттер су шаруашылығы инфрақұрылымын күтіп ұстау шығындарына белсендірек қатысуы керек екенін бірнеше рет көтеріп келеді. Сондай-ақ суды жинақтап, реттеп беретін қызметі үшін өтемақы төлеудің түрлі тетіктері де талқыланып жатыр. Меніңше, осы мәселе бұрыннан-ақ саяси сипатқа ие болған. Бұл бүгін ғана туындаған проблема емес. Егер осы тақырыпты зерттесеңіздер, халықаралық ұйымдар мен еуропалық сарапшылардың Орталық Азия елдерін көп жылдан бері келіссөз үстеліне шақырып келе жатқанын көресіздер. Олар су мәселесін кейінге қалдырмай, қазірден бастап ортақ келісімге келу қажеттігін айтып келеді. Мысалы, Египет сияқты бір өзеннің суын бөлісетін басқа мемлекеттер де осындай қиындықтарға тап болып отыр. Әзірге осыған қатысты ортақ әрі тиімді халықаралық саясат қалыптасқан жоқ. Сондықтан бізге өзіміз шешім іздеуге тура келеді. Егер көрші елдермен ортақ келісімге келе алсақ, бұл бағытта алғашқылардың бірі болуымыз мүмкін", - дейді Кирилл Павлов.
Оңтүстіктегі және солтүстіктегі ауыл шаруашылығын салыстыруға болмайды, дейді тәуелсіз сарапшы. Оңтүстікте шаруалардың жер көлемі шағын. Көпшілігінің небәрі жарты гектардан бірнеше гектарға дейін жері бар. Ал солтүстікте тіпті 500 гектар суармалы жердің өзі шағын шаруашылық саналады.
"Солтүстікте негізінен жаңбырлатып және тамшылатып суару сияқты су үнемдеу технологиялары қолданылады. Мысалы, Павлодар облысында суармалы алқаптардың 80-85%-ы осындай технологиямен суарылады. Ал оңтүстікте көбіне дәстүрлі арықпен суару тәсілі сақталған. Әрине, оңтүстікке де су үнемдеу технологияларын енгізу керек. Бірақ оған қаржы қажет. Бір гектар жерге тамшылатып суару жүйесін орнатудың өзі сорғы мен ұңғыма шығындарын есептемегенде кемінде 5 мың долларға түседі. Мемлекет шығынның бір бөлігін субсидиялағанымен, шаруалар алдымен өз қаражатына сатып алып, кейін ғана өтемақы алады. Оның үстіне несие алу үшін жеткілікті кепілзат керек. Ал ауылдағы мүлік өте төмен бағаланатындықтан, көптеген фермердің мұндай мүмкіндікке қолы жетпейді. Сондықтан қаржыландыру мәселесі шешілмейінше, су үнемдеу технологияларын кеңінен енгізу қиын болады", – дейді сарапшы Кирилл Павлов.
Тәуелсіз сарапшы Кирилл Павлов Түркістан облысында жасанды жауын-шашын технологиясын енгізу бастамасының тиімділігіне күмән келтірді. Оның пікірінше, бұл жоба өңірдегі су тапшылығын түбегейлі шеше алмайды.
"Жасанды жауын-шашын технологиясына қатысты ұстанымым өзгерген жоқ. Бұл тақырыпты арнайы зерттеп, деректі фильм де түсірдім. Мемлекеттік органдардың бұл технологияға қатысты көзқарасы неге өзгергенін олардың өзінен сұраған дұрыс, мен олардың атынан жауап бере алмаймын. Менің ойымша, Түркістан облысында бұлттарды жасанды түрде көбейту су тапшылығын шешпейді. Бір қондырғының қамту аумағы өте шағын, ал жауын-шашын көлемінің ықтимал артуы өңірдегі жоғары буланудың орнын толтыра алмайды. Сондықтан бұл бастаманы ғылыми тұрғыдан дәлелденген әрі тиімді шешім деп санамаймын", – дейді Кирилл Павлов.
Министрлік оңтүстіктегі су тапшылығына қатысты қандай жауап берді?
Дегенмен су тапшылығы қаупі туралы мәлімдемелерге қарамастан, редакция су ресурстары және ирригация министрлігіне қазіргі жағдайдың қалай реттеліп жатқанын және оңтүстік өңірлерді сумен қамтамасыз ету үшін қандай нақты шаралар қабылданып жатқанын қайта сұрадық. Оңтүстіктегі су тапшылығы тек құрғақшылықтың салдары емес. Министрлік негізгі мәселе суармалы егіншіліктің шоғырлануы мен трансшекаралық өзендерге тәуелділікте екенін айтады.
"Негізгі су тұтыну үлесі ауыл шаруашылығы саласына тиесілі, ол жалпы су алудың шамамен 65%-ын құрайды. Оның 97%-ы бес оңтүстік өңірге тиесілі. Бұл өңірлердегі суармалы жерлердің жалпы ауданы 1,64 миллион гектарды алады. Бұл республикадағы суармалы жерлердің 71%-ына тең. Қазақстанның оңтүстігін сумен қамтамасыз ету негізінен Сырдария, Шу және Талас секілді трансшекаралық өзендерге тәуелді. Сонымен қатар климаттың өзгеруі, ауа температурасының көтерілуі мен буланудың артуы су ресурстарына түсетін жүктемені күшейтіп отыр", – деп жауап берді министрлік.
Су министрлігі биыл бес өңірге су пайдалану лимитін бекітіп, суды электронды жүйе арқылы бөлуді бастаған. Ведомство бұл бақылауды күшейтіп, судың жоспардан тыс жұмсалуына жол бермеуі тиіс екенін айтады.
"Өңірлер бойынша су пайдалану лимиттері бекітілді. Атап айтқанда, Қызылорда облысы үшін 3,2 км³, Түркістан облысы үшін – 3,8 километр³ (км), Алматы облысы үшін – 2,1 км³, Жетісу облысы үшін – 1,8 км³ және Жамбыл облысы үшін 900 миллион текше метр көлемінде белгіленді. Биллингтік жүйе шеңберінде шаруа қожалықтарымен электронды келісімшарттар жасалып, су беру жұмыстары сол келісімшарттарда көзделген көлемдерге сәйкес жүзеге асырылуда. Қазіргі таңда бес оңтүстік өңір бойынша 31 мыңнан астам келісімшарт жасалды. Жалпы вегетациялық кезең Министрліктің тұрақты бақылауында", – деп пікір білдірді
Су тек аз болғандықтан емес, ескірген инфрақұрылымның кесірінен де ысырап болып жатыр. Министрлік енді каналдарды жаңғырту мен цифрландыруға басымдық беретінін мәлімдеді.
"Бүгінде елімізде жалпы ұзындығы шамамен 47 мың шақырым ирригациялық канал бар. Инфрақұрылымның едәуір бөлігі 1960-1970 жылдары салынған және ұзақ жылдар бойы күрделі жөндеуді қажет етеді. 2024–2028 жылдарға арналған жоспар аясында бірінші кезеңде 14,4 мың шақырым каналды реконструкциялау көзделген. 2021–2025 жылдары шамамен 6 мың шақырым канал жөнделді, ал биыл жеті өңірде тағы 96 жоба бойынша құрылыс жұмыстары басталды. Сонымен қатар су бөлуді реттеу үшін биллингтік жүйе енгізіліп, су ресурстарын есепке алу мен басқаруды цифрландыру жұмыстары жүргізілмек", – делінген ведомство жауабында.
Министрлік ұзақмерзімді шешім ретінде су үнемдеу технологияларын кеңейтуге басымдық беріп отыр. Ведомствоның мәліметінше, мемлекет субсидия көлемін ұлғайтып, алдағы жылдары осы бағыттағы қаржыландыруды бірнеше есе арттырған.
"Су үнемдеу технологияларын енгізген фермерлердің шығындарын өтеу үлесі 50%-дан 80%-ға дейін ұлғайтылды. Ал суару суының құнын субсидиялау көлемі мұндай технологияларды қолданған жағдайда 60%-дан 85%-ға дейін жетеді. 2026-2028 жылдарға су үнемдеу технологияларын енгізуді қаржыландыру көлемі алдыңғы үш жылдық кезеңмен салыстырғанда төрт есе ұлғайтылып, 214,6 миллиард теңге болады. 2025 жылдың қорытындысы бойынша мұндай технологиялар 543,5 мың гектар алқапта қолданылып, нәтижесінде шамамен 874 миллион текше метр су үнемделді. Министрлік 2030 жылға қарай су үнемдеу технологиялары енгізілген алқап көлемін 1,3 миллион гектарға дейін жеткізуді жоспарлап отыр", - деп түсіндірді су ресурстары және ирригация министрлігі.
Түркістандық шаруалар әлі су тапшылығын көріп отыр: Шенділердің қабылдаған шаралары неге нәтиже бермеді?