Шымкентте шаруалар егістің бүлінуін жасанды жолмен шақырылған жаңбырмен байланыстырды

Түркістан облысының шаруалары шелектеп жауған жауынан кейін егін алқабындағы қауындар шіріп кетті деп шулады. Ерте көктемгі еңбегі зая кеткен диқандар бұл жағдай жасанды жаңбырдың салдары екеніне сенімді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Шаруалар пайда таппақ түгілі, шығынды да өтей алмай әлекке түсті. Олар жаңа технология әзірге Жетісайға қажеті жоқ дейді.
10 гектар жерге қауын еккен Мәлік Шахалиев еңбегім еш кетті деп ашынып отыр. Өйткені апта бойы тоқтаусыз жауған жаңбырдан кейін жинап аламыз деген жемістің бәрі шіріп кеткен.
“Бұл жаңбыр бір түсініксіз жаңбыр болды. Жоқ жерден бірден құйып кетеді. 1-2 сағаттың ішінде егін алқабы көлге айналып, ертеңіне күн шығып, соның нәтижесі міне көз алдарыңызда. Ешқандай да пайдасын көріп жатқан жоқпыз. Таудағы шөптерге жақсы болмаса, диқандарды шығынға батырып жатыр. Еккеніміздің 80 пайызы құртылды”, – дейді ол.
Жетісайлықтардың негізгі күнкөрісі осы егін шаруашылығы. Ала жаздай мақта мен қауын-қарбыз өсіретін тұрғындар жасанды жаңбырдан кейін титықтап қалдық дейді. Диқандар өнім алу үшін кемі 5 миллион теңге жұмсаған. Жердің өзін жалға алып жұмыс бастаған жұрт енді шығынды кімнен өтерін білмей жүр.
“Анау көктемде егіс егетін кезде үкімет бізге жасанды жаңбыр туралы ескерту керек еді. Біз соған қарап басқа дақыл егетін едік. Солярканың өзі қымбат. Селитраның өзі қазір 180 теңге. Былтыр 100 теңге болған. Аммиак күкірт шашу керек бұған. Былтыр 4 мың болған. Биыл 15 мың теңге. Есептей беріңіз”, – дейді шаруалардың бірі Данияр Серікбаев.
Ауыл шаруашылық басқармасының өкілдері қауындардың шіріп кетуі жаңбырдан емес деп отыр. Өнімнің бұзылуына таралып жатқан бактериялық ауру себеп екен. Мамандар қазір оның пайда болу себебін анықтауға кірісіпті.
“Аталған мәселе бойынша нақты фитосанитарлық диагноз қою, ауру қоздырғышын анықтау және тиісті қорытынды беру жұмыстарын уәкілетті мемлекеттік орган жүзеге асырады. Аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы құрылымдарымен және уәкілетті мемлекеттік органдармен бірлесіп, қауын алқаптарының жағдайын зерттеу және шаруаларға қажет консультативті қолдау көрсету жұмыстарын ұйымдастырылып жатыр”, – деп мәлімдеді Түркістан облысы ауыл шаруашылық басқармасы.
Диқандар күндіз-түні жаңбыр жаумаса деп тілейді. Өйткені нөсерден қарбыздар да шіри бастаған.
Ресейлік қыз қазақ отбасына келін болып түсті: Ол Қазақстан жайлы көзқарасы қалай өзгергенін айтты