Жеті шелпек пісіру, марқұмға Құран бағыштау, ас беру дұрыс па: ҚМДБ мәлімдеме жасады
Жеті шелпек пісіру, марқұмға Құран бағыштау, ас беру дұрыс па? ҚМДБ осы мәселеге арнайы түсініктеме беріп, қазақ арасында қалыптасқан дәстүрлердің қайсысы дінге қайшы, қайсысы рұқсат етілетінін түсіндірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Діни басқарманың мәліметінше, марқұмдарға Құран бағыштау, олардың атынан садақа беру және игі істер жасау – қазақ қоғамында ғасырлар бойы қалыптасқан діни-дәстүрлі құндылықтардың бірі. Алайда ҚМДБ соңы кездерде теріс ағым өкілдері мұндай амалдарды біржақты түрде "бидғат" деп атап, қате пікір қалыптастырып жүргенін жеткізді.
“Пайғамбардың заманында болмаған іс — бидғат. Алайда оның жақсысы да, оған қарама-қайшысы да бар. Исламдағы жаман болған бидғат — шариғатта негізі жоқ нәрсе, ал шариғатта негізі болса, ол рұқсат етілген нәрселерден саналады Ибнул Әсир "Ән-Ниһәя" еңбегінде бидғаттың екі түрі барын айтады: бірі — жақсы жолға бастайтын, екіншісі — адасуға алып баратын амал. Яғни дінде кейін пайда болған кез келген істі бірден "бидғат" деп, теріс деп қабылдауға болмайды. Егер қандай да бір амал исламның негізгі қағидаларына қайшы келсе, ол құпталмайды. Ал керісінше, шариғатқа қарсы келмей, діндегі жалпы талаптарға сай болса, оны рұқсат етілген амал ретінде қарастыруға болады. Пайғамбарымыздың хадисінде де жақсы істі бастаған адамға және сол істі кейін жалғастырғандарға сауап жазылатыны айтылған”, – деді басқарма.
ҚМДБ-ның мәліметінше, кейбір теріс ағым өкілдері өз ұстанымына сәйкес келмейтін діни және дәстүрлі амалдардың бәрін "бидғат" деп бағалап, жеті шелпек пісіру, марқұмдарға Құран бағыштау, олардың атынан садақа беру сияқты қалыптасқан дәстүрлерді де жоққа шығарған. Басқарма мұндай көзқарас қоғамда діни түсініспеушілік туғызып, адамдардың арасына алауыздық салғанын атап өтті.
"Бабаларымыздың шариғат аясында жасап келе жатқан садақа дастарханын бидғат санап, үзілді-кесілді теріске шығару дұрыс емес. Мұндай садақаның марқұмға сауабы тиетіні туралы Әбу Һурайра жеткізген хадисте де айтылады. Онда бір адам “қайтыс болған әкесінің атынан садақа берсе, оған сауабы тие ме?” деп сұрағанда, Пайғамбарымыз "Иә" деп жауап берген. Яғни дүниеден өткен жақын адамның атынан садақа жасауға исламда негіз бар”, – делінген хабарламада.
Басқарма бұл ұстанымын Пайғамбарымыздың хадисімен де түсіндірді. Онда адам қайтыс болғаннан кейін оның кейбір амалдарының сауабы жалғаса беретіні, соның ішінде артынан дұға жасайтын салиқалы ұрпағы мен берген садақасы да бар екені айтылады. Осыны негізге алған қазақ халқы дүниеден өткен жақындарын еске алып, олардың атынан садақа беріп, Құран бағыштап, көптің батасын алуды игі амал санаған.
ҚМДБ-ның түсіндіруінше, қазақ халқы дүниеден өткен жақындарын еске алып, Құран бағыштап, садақа беру дәстүрін бұрыннан ұстанып келеді. Соның бір түрі – марқұмның рухына арнап дастархан жайып, ағайын-туыстың басын қосу және олардың дұғасын алу. Басқарма мұны да садақаның бір түрі ретінде қарастыруға болатынын айтады.

“Сахаба Абдулла ибн Аббас жеткізген риуаятта Сағид ибн Убада анасы қайтыс болғаннан кейін Пайғамбарымыздан оның атынан садақа берсе, сауабы тие ме деп сұрайды. Пайғамбарымыз "Иә" деп жауап берген. Осыдан кейін Сағид анасының атынан бағын садақа ретінде беретінін айтқан. Қазақ қоғамындағы ас-садақаның қалыптасуына ұлттық дәстүрдің де әсер етті. Алыста тұратын туыстар жаназаға келе алмаған жағдайда жетісі, қырқы, жүзі немесе жылдығына арнайы келіп, көңіл айтып жатады. Осындай кезде ағайынның басын қосып, келген қонақты күтіп, дұға жасау – халық арасында қалыптасқан дәстүр. Ас-садақа дастарханы мақтану үшін жасалмайды. Оны сауапты іс, яғни нәпіл садақаның бір түрі деп түсінген дұрыс", – делінген ҚМДБ мәлімдемесінде.
Басқарма бұл дәстүрдің түпкі мәні марқұмның отбасын ауыр жағдайында қолдау көрсету екенін де түсіндірді. Пайғамбарымыз Жағфар ибн Әбу Тәліптің отбасы қара жамылып отырған кезде, оларға өзге адамдардың тамақ дайындап беруін тапсырғаны айтылады. Осыдан қазақтың "Қазалы үйде қазан көтерілмесін" деген ұстанымының мәнін де аңғаруға болады.
Сондықтан ҚМДБ дәстүрдің сыртқы формасына ғана қарап, оны бірден "бидғат" деп бағалаудың дұрыс емес екенін айтып, оның діни негізі мен тәрбиелік мәніне назар аударуға шақырды. Басқарманың пікірінше, бабадан қалған осындай имандылық пен ізгілікке негізделген дәстүрлерді сақтау – кейінгі ұрпақтың міндеті.
Намаз оқып, қызды салауатпен ұзатқан: Қазақстандықтар арасында тойдағы әрекет талқыға түсті (видео)