BMW компаниясы ақауға байланысты шамамен 30 мың көлікті кері қайтармақ: Жағдай Қазақстанға да қатысты
BMW АҚШ-та 27 720 көлікті кері шақырып жатыр. Бұған кардан білігі мен артқы дифференциал арасындағы қосылыстың тозуы себеп. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Кері шақырту 2022–2026 жылдары шығарылған BMW 840 және 840 xDrive, 2021–2023 жылдардағы 540i, 540i xDrive және M550i xDrive, сондай-ақ 2024–2026 жылдардағы 750e xDrive модельдеріне қатысты. Бұл ақпарат АҚШ-тың Ұлттық жол қозғалысы қауіпсіздігі басқармасы (NHTSA) жариялаған құжатта көрсетілген.
BMW мәліметтері бойынша, қосылымдағы шамадан тыс тозу артқы дөңгелектерге берілетін қуаттың жоғалуына әкелуі мүмкін. Кей жағдайда көлік тұрақта тұрғанда қол тежегіші қосылмаса, автомобиль өздігінен қозғалып кетуі ықтимал.
Компания әзірге осы ақауға байланысты жол-көлік оқиғалары немесе адамдардың жарақат алғаны туралы ақпарат түспегенін хабарлады.
Мәселені шешу үшін дилерлер кардан білігі мен артқы дифференциал арасындағы қосылысты тексереді. Тозу деңгейіне қарай жөндеу тәсілі таңдалады.
Егер тозу деңгейі аз болса, қосылыс арнайы құраммен қосымша өңделеді. Ал шамадан тыс тозса, BMW кардан білігі мен артқы дифференциалды ауыстырады.
Көлік иелері үшін жөндеу жұмыстары тегін жүргізіледі. Компания кері шақырту туралы хабарламаларды 2 қазанға дейін жібере бастамақ.
Қазақстандағы BMW компаниясының ресми өкілдері кері шақырту науқаны Қазақстан аумағындағы көліктерге де таралатынын мәлімдеді. Белгілі бір көліктің кері шақыртуға кіретінін BMW-дің ресми сайтында VIN-коды арқылы тексеруге болады.
Сондай-ақ VIN-код арқылы автомобильге қатысты BMW-дің басқа да қолданыстағы кері шақырту науқандары бар-жоғын білуге болады. Көлікті Қазақстандағы BMW-дің ресми дилерлік орталықтарында да тексеруге болады.
Еске салсақ, германиялық BMW автоконцерні өрт шығу қаупіне байланысты АҚШ-тан 29 мыңнан астам автокөлігін кері қайтаратыны айтылды.
Намаз оқып, қызды салауатпен ұзатқан: Қазақстандықтар арасында тойдағы әрекет талқыға түсті (видео)
