Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қызылордада аттракциондағы апаттан кейін 19 жастағы жігіт екі аяғынан да айырылды

Қызылорда аттракцион
Фото: Видеодан скрин

Қызылордадағы "Арай" ойын-сауық паркінде болған қайғылы оқиға салдарынан 19 жастағы жігіт ауыр жарақат алып, екі аяғынан айырылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Қызылорда қаласындағы "Арай" ойын-сауық паркінде болған қайғылы оқиға салдарынан 19 жастағы жігіт ауыр жарақат алды. Оның аяқтары аттракционның дөңгелектерінің астына түсіп кеткен. 

Оқиға орнынан түсірілген бейнежазба әлеуметтік желілерде тарады. Мәліметтерге сәйкес, зардап шеккен жас жігіт өте көп қан жоғалтып, ауыр жарақат алған.

Осы оқиғаға байланысты "Арай" паркінде қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта аттракционды пайдалану кезінде қауіпсіздік талаптарының сақталуы тексеріледі. Облыстық полиция департаментінің хабарлауынша, жағдай егжей-тегжейлі зерттелмек.

"Қазір іс аясында оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты, толық әрі объективті анықтауға бағытталған тергеу әрекеттері жүргізілуде".

Зардап шеккен азамат облыстық көпсалалы ауруханаға өте ауыр жағдайда жеткізілген. Дәрігерлер оның өмірін сақтап қалу үшін екі аяғын да ампутациялауға мәжбүр болған.

2007 жылы туған жасөспірім ауруханаға аса ауыр жағдайда жеткізілген. Облыстық көпсалалы аурухананың бас дәрігері Жасұлан Баймахановтың айтуынша, науқас шұғыл түрде отаға алынған.

"Науқасқа шұғыл хирургиялық операция жасалды. Ота барысында сол аяғы санның жоғарғы үштен бір бөлігі деңгейінде, ал оң аяғы тобық буыны деңгейінде ампутацияланды", – деді бас дәрігер.

Дәрігерлердің мәліметінше, науқастың жағдайы әлі де өте ауыр әрі тұрақсыз күйде қалып отыр.

Қызылорда облыстық полиция департаменті оқиға фактісін растады. Аталған жағдай бойынша абайсызда адамның денсаулығына ауыр зиян келтіруге әкеп соққан еңбек қауіпсіздігі ережелерін бұзу дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Айым Атамбаева
Сейсенбі, 16 Маусым, 2026 11:47