Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда ЛГБТ насихатына қарсы шығып, кейін АҚШ-қа көшіп кеткен Нұртас Адамбай өзіне қатысты сынға жауап берді

Нұртас Адамбай
Фото: Instagram.com/nurtasadambay

Қазақстанда ЛГБТ насихатына қарсы шығып, бұл тақырыптағы контентке тыйым салуды ұсынған қазақстандық режиссер, актер әрі продюсер Нұртас Адамбай АҚШ-қа көшіп кеткеніне қатысты сынға жауап берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Продюсер бұл туралы "Кино Солидарность" подкастында айтты. Нұртас Адамбай АҚШ-та студент мәртебесімен тұрып жатқанын атап өтті. Ол ағылшын тілін меңгеріп, өнер саласы бойынша білім алуда. Сонымен қатар продюсер АҚШ-тың "таланттар визасын" алуға да құжат тапсырған көрінеді.

Сұхбат барысында Нұртас Адамбай көшіп кеткеніне қатысты айтылған сын-пікірлерге жауап берді. Бұған дейін желі қолданушылары продюсердің ЛГБТ-ны насихаттауға қарсы жасаған мәлімдемелері, "Базз Лайтер" мультфильмін көрсетуге тыйым салуға шақырғаны және соңғы жылдары ұстанған белсенді діни көзқарасынан кейін АҚШ-қа көшкені туралы жаңалықты сынап тастаған еді.

“Шын мәнінде, мен ешқашан қандай да бір адамдарға қарсы болған емеспін. Негізі бұл – менің шаруам емес. Кімнің қандай адам екені, немен айналысатыны – әркімнің жеке ісі. Мен тек осындай дәстүрлі емес құндылықтарды насихаттауға ғана қарсымын. Иә, бәлкім, ондай адамдарды көрген шығармын. Бірақ бұл – олардың жеке өмірі. Оларды бағалайтындай немесе сынайтындай мен кіммін?”, – дейді Нұртас Адамбай. 

Сондай-ақ ол АҚШ-та ЛГБТ насихатын байқамағанын айтады.

Оның айтуынша, осы тақырып төңірегіндегі шу АҚШ-қа қарағанда Қазақстанда әлдеқайда көп. 

АҚШ-қа келгеннен кейін, шынын айтсам, мұнда ондай құндылықтарды насихаттау байқамадым. Кейбіреулер: "Өзі сондай мультфильмдерге қарсы сөйлеп жүріп, АҚШ-қа барып алды" дейді. Бірақ бұл мәселеге де ақылға қонымды түрде қарау керек деп ойлаймын. Өйткені АҚШ президенті Дональд Трамп та осындай құндылықтардың насихатталуына қарсы екенін айтып жүр. Егер АҚШ пен Қазақстанды салыстыратын болсақ, дәл осы тақырыптың төңірегіндегі шу Қазақстанда әлдеқайда көп. Ал мұнда, шын мәнінде, әркім өз өмірімен өмір сүреді, өз қалауымен айналысады”, – дейді продюсер. 

Нұртас Адамбай шығармашылыққа деген көзқарасы түбегейлі өзгергенін айтты. Осыған байланысты ол бұрын түсірген барлық фильмдерін, соның ішінде "Келінка Сабина" картинасын да ресми платформалардан толық алып тастау туралы шешім қабылдағанын мәлімдеді.

"Қазір мен мұндай фильмдерді түсірмеу және көрсетпеу керек деп есептеймін. Яғни ер адамның әйелдің киімін киіп шығатын туындыларды. Осы мәселеге қатысты көзқарасым өзгерді. Бұл фильмдерді өшіріп тастадым, қазір олар еш жерде ресми түрде қолжетімді емес. Әрине, біреулер рұқсатсыз өз бетінше жариялап жүрген шығар, бірақ ресми платформалардың ешқайсысында жоқ", – деді Нұртас Адамбай.

Еске салсақ, бұған дейін желіде қазақстандықтар Нұртас Адамбайдың “Барби” фильміне қарсы шығып, “Базз Лайтер” мультфильмін сынағанын және дәстүрлі құндылықтарды жиі сөз еткенін еске салып, кейін АҚШ-қа қоныс аударуын сынға алған еді.

Дана Русланқызы
Сәрсенбі, 05 Тамыз, 2026 21:25