"Бөлісерім көп": Нұртас Адамбай ұзақ үзілістен кейін АҚШ-тағы өмірі туралы айтты
Желіде АҚШ-қа қоныс аударғаны үшін қызу талқыға түскен режиссер әрі продюсер Нұртас Адамбай ел алдына шықты. Ол ұзақ үзілістен кейін кино өндірісі туралы сұхбат беруге дайын екенін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Өнер иесі Threads желісінде жазба жариялап, БАҚ өкілдеріне жүгінді.
Оның сөзінше, кейінгі уақытта ол өзін режиссер әрі продюсер ретінде қайта тану кезеңінен өткен. Қазір Нұртас Адамбай бір жарым жылдан бері АҚШ-та тұрып, жергілікті заманауи киноиндустриямен жақынырақ танысып жүр.
“Құрметті БАҚ өкілдері! Мен кино өндірісі тақырыбында көптен бері сұхбат берген жоқпын. Өйткені режиссер әрі продюсер ретінде кино әлемі тез өзгеріп жатқан кезеңде өзімді іздеудің маңызды уақытын бастан өткердім. Қазір АҚШ-та тұрып жатқаныма бір жарым жыл болды. Осы уақыт ішінде жергілікті қазіргі киноиндустриямен таныстым. Айтарым да, бөлісерім де көп жиналды. Бәрі қатты өзгеріп жатыр, бұл өте керемет! Қызығушылық болса, мазмұнды сұхбат ұйымдастыруға болады. Қуана келісемін. Рақмет”, – деп жазды Нұртас Адамбай.
Айта кетейік, бұған дейін желіде “Келінка Сабина” фильмінің авторы Нұртас Адамбайдың АҚШ-қа қоныс аударуына қатысты пікірталас қызған еді. Қолданушылар оның кезінде “Барби” фильміне қарсы пікір білдіріп, “Базз Лайтер” мультфильмін сынағанын және дәстүрлі құндылықтар туралы жиі сөз қозғағанын еске салған.
Әлеуметтік желіде тараған видеода актер ағылшын мектебіне сұхбат беріп, Америка Құрама Штаттарында біраз уақыттан бері тұрақты тұрып келе жатқанын айтқан. Ол шетелге көшу туралы шешімді саналы түрде қабылдағанын жеткізген.
Сондай-ақ Нұртас Адамбай өзінің атасы, белгілі жазушы Балтабай Адамбаев туралы айтып, атасының жолын жалғап, кітап жазуға кіріскенін бөліскен. Режиссер жаңа кітабы “Тимми Дженнер” деп аталатынын және оның тоғыз жастағы мейірімді, ақылды әрі дарынды бала туралы болатынын айтқан.
“Жаңа нәрсе бастаудан қорықпау керек. Алға қойған мақсатыңа жете алатыныңа сен. Өзіңе тым қатал болма, өзіңді жақсы көріп, құрметте және арманыңның соңынан ер”, – деген еді ол.
Алайда желі қолданушылары оның шығармашылық жоспарынан гөрі АҚШ-қа көшуіне көбірек назар аударды. Кейбірі америкалық мәдени өнімдерді сынаған адамның кейін АҚШ-ты тұрғылықты мекен ретінде таңдағанын түсінбейтінін жазды. Ал енді бірі мұнда ешқандай қайшылық жоқ деп санайды. Олардың пікірінше, адамның белгілі бір фильмге сыни көзқарас білдіруі оның сол елде тұруына кедергі болмауы керек.
Еске салайық, 2022 жылы Нұртас Адамбай Disney және Pixar студиялары түсірген “Базз Лайтер” мультфильміне қарсы пікір білдірген. Ол туындыдағы бірнеше секундтық көріністі ЛГБТ тақырыбын насихаттау деп бағалап, мультфильмді Қазақстан кинотеатрларында көрсетпеуге шақырған еді.
Кейін режиссер “Тор” және “Барби” секілді танымал фильмдерге де қатысты сыни ойын айтқан. Ол мұндай туындылар дәстүрлі құндылықтарға кері әсер етуі мүмкін деп санайтынын жасырмаған.
Бұған дейін Нұртас Адамбайға Instagram парақшасында Құран аяттарының аудармасын жариялағаны үшін айыппұл салынғаны да хабарланған. 2024 жылы Астана қаласының Дін істері басқармасы актерді діни материалдарды тарату тәртібін бұзды деп сотқа берген. Сот шешімімен ол 184 600 теңге айыппұл төлеген.
Балалар құсып, іші өтіп жатыр: Қазақстанда инфекция таралып жатыр ма?
