Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жамбыл облысында төрт адам көз жұмған жол апатына белгілі спортшының қатысы бар деген ақпарат тарады

апат
Фото: Видеодан скрин

Жамбыл облысында жантүршігерлік жол апаты болып, төрт адам қаза тапты. Марқұмдардың туысы рөлде Арнайы жедел әрекет ету жасағының қызметкері болғанын айтып, тергеудің әділ өтетініне күмән келтіріп отыр. Себебі апатқа қатысты бейнежазбалар өшіп, барлық кінә қаза болған екінші жүргізушіге жүктелген.  Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Жантүршігерлік апат биыл 20 қыркүйекте Жамбыл облысы Меркі ауданы Костаған ауылында болған. Салдарынан төрт адам қаза тапқан. Жол-көлік оқиғасына қатысты марқұмдардың туысы Threads желісіндегі парақшасында мән-жайды жазды. Оның сөзінше, апат болған күні рөлде  Арнайы жедел әрекет ету жасағының қызметкері, блогер Сая Әуелбекова болған. 

"Блогер Саяның көлікті бар жылдамдықпен жүргізгенін бірнеше адам көрген. Апат салдарынан төрт адам қаза тапты. Анамыздан, әпкемізден және әжемізден айырылдық. Сол күні көлік жүргізген әйел анамыздың телефонын алып, оның жарақат  бөлімінде екенін айтқан. Ол блогер апаттан аман қалған жалғыз адам болған. Алайда қазір әлеуметтік желіде өзін ауыр жағдайда, ес-түссіз жатқан адам ретінде көрсетіп, Reels жариялап жүр. Желіде оның жағымсыз пікірлерді өшіретіні де айтылып жатыр", - деп жазды марқұмдардың туысы.

Оның айтуынша, қайғылы жағдай болған күні жол бойындағы бейнебақылау камераларына түсіп қалған жазбалар өшірілген. Ал жол-көлік оқиғасына қатысты барлық кінә қаза болған басқа жүргізушіге жүктелген.

“Біздің әлі де сұрағымыз көп. Әділдік күтеміз. Бірақ Қазақстанда осындай қызметкерлер қатысқан істердің немен аяқталғанын бәрі біледі. Апат болған күні аудандық полиция бөлімшесіне жақындарымызды іздеп барған едік. Сол кезде қабылдау бөлмесінде отырған қызметкерлер қарап отырып күлген. Олар қаза болғандардың жеке басы анықталғанына қарамастан, бізге оны хабарламаған”, – деп жазды ол.

апат
Фото: Сая Әуелбекованың жеке архивінен

Сонымен қатар ол Жамбыл облысы Меркі ауданындағы полиция бөлімшесіне сұрағы барын айтты. 

“Олардың азаматтарға қарым-қатынасы осындай ма? Жақынынан айырылып, күйзеліске түскен адамдарға неліктен күліп қарайды? Осы жағдайды көріп, іс жабылып қала ма деп қорқамыз. Сондықтан мұның бәрін тиісті органдар тексеруі қажет. Біз тек әділдікке үміт артамыз”, – деп жазды ол.

Threads желісінде жол-көлік оқиғасына қатысты тағы бір жазба пайда болды. Онда да Сая Әуелбекованың аты аталған. 

“Меркі ауданында жол-көлік оқиғасы болды. Мәліметке сәйкес, көліктердің бірін полицей, Арнайы жедел әрекет ету жасағының қызметкер, бес баланың анасы әрі жекпе-жек спортынан танымал спортшы Сая Әуелбекова басқарған. Оны Қазнетте “батыр ана” деп атап жүр", – делінген жазбада.

Полиция не дейді?

Аталған жағдайға қатысты Stan.kz тілшісі Жамбыл облысы полиция департаментінен мән-жайды сұрады. Олар Сая Әуелбекованың ішкі істер органы қызметкері емес екенін айтты. Жол апатына қатысы бар-жоғын айтпады. 

“Мәліметке сәйкес, TANK 500 көлігінің жүргізушісі қарсы қозғалыс жолағына шығып кетіп, “ВАЗ-2107” көлігімен соқтығысқан. Жол апаты салдарынан “ВАЗ” көлігінің жүргізушісі мен жол талғамайтын көліктің үш жолаушысы қаза тапты. Шетелдік көліктің жүргізушісі аудандық ауруханаға жеткізілді. Ол ішкі істер органдарының қызметкері емес”, – делінген жауапта. 

Қазір тергеу амалдары жүріп жатыр екен. 

“Іс Жамбыл облысының полиция департаментінің өндірісіне берілді. Қазір оқиғаның барлық мән-жайын объективті анықтауға бағытталған тергеу амалдары жүріп жатыр. Тергеу барысы полиция департаменті басшылығының бақылауында. Тергеу нәтижесі бойынша қолданыстағы заңнамаға сәйкес тиісті процессуалдық шешім қабылданады”, – делінген жауапта. 

Блогердің жағдайы қалай?

23 қыркүйек күні Сая Әулбекованың Instagram парақшасында оның әпкесі жазба жариялады. Онда спортшының жол-көлік оқиғасына түскені айтылған.

“Әпкем ауыр жол апатына түсті. Қазір жағдайы өте ауыр. Ол өзіне қарсы бағытта келе жатқан көліктен жалтаруға тырысқан. Салдарынан жол апатына ұшырады. Бес кішкентай баласы үйде анасыз қалмауы үшін оған қолдау көрсетулеріңізді сұраймын. Қызымыздың елгезек әрі мейірімді қазақ қызы екенін, ешкімге жамандық жасамағанын және ешқашан біреудің жолын кеспегенін білесіздер”, – делінген жазбада.

Спортшының туысы болған оқиғаға қатысты тексерілмеген, жалған ақпарат таратпауды сұрады. 

Айта кетейік, бұған дейін Алматыда электрсамокат мінген ер адам жоғары жылдамдықта жол апатына түсіп, қаза тапқаны туралы жазған едік.

Нұрила Жұмаділлә
Бейсенбі, 24 Қыркүйек, 2026 18:40