Қазақстанда 3 қазаннан бастап жұмысшылардың медициналық тексеруден өту тәртібі өзгереді
Қазақстанда 3 қазаннан бастап қызметкерлердің міндетті медициналық тексеруден өту тәртібі өзгереді. Зиянды өндірісте істейтіндер жыл сайын тексеруден өтеді, ал 075/у анықтамасы тек электронды түрде беріледі. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қазақстанда қызметкерлердің міндетті медициналық тексеруден өту тәртібі өзгереді. Жаңа талаптар денсаулық сақтау министрінің 2026 жылғы 16 қыркүйектегі бұйрығымен бекітілген. Ауыр және зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтін қызметкерлер медициналық тексеруден жылына бір рет өтеді. Қажетті дәрігерлер мен тексерулер жұмыс түріне қарай белгіленеді.
Қоғамдық тамақтану саласындағыларға талап күшейеді. Аспаздар, кондитерлік өндіріс пен балалардың сүт асханаларында жұмыс істейтіндер флюорографиядан жылына бір рет өтеді. Сифилис пен бірқатар ішек инфекцияларының қоздырғыштарын тасымалдауға қатысты тексерулер әр алты ай сайын жүргізіледі.
Мемлекеттік бақылау және қадағалау органдарының тексерілетін нысандарға баратын қызметкерлері де алғаш рет міндетті медициналық тексеруден өтеді. Олар флюорографияны 12 айда бір рет тапсыруы тиіс.
Зиянды еңбек жағдайында кемінде сегіз жыл жұмыс істеген және жалпы аурулары асқынған немесе өндірістік зиянды факторлардың әсер ету белгілері бар қызметкерлер бес жылда бір рет кәсіби патология бойынша мамандандырылған ұйымдарда тексеруден өтеді.
Кәсіби ауруға күдік болған жағдайда қызметкер кәсіби жарамдылығын анықтау үшін сараптамаға жіберілуі мүмкін. Бұған қоса, қызметкер, жұмыс беруші немесе сақтандыру компаниясы дәрігер қорытындысымен келіспеген жағдайда да сараптама тағайындалады. Енді жұмыс беруші қызметкерді аурудың соңғы диагнозы қойылғаннан кейін ғана емес, алдын ала диагноз анықталған кезде де сараптамаға жіберуге тиіс.
075/у анықтамасы электронды болады
Жұмысқа орналасу кезінде талап етілетін алдын ала медициналық тексеру мемлекеттік қызмет ретінде көрсетіледі. Медициналық ұйым қажетті құжаттарды қабылдап, дайын 075/у нысанындағы анықтаманы eGov арқылы береді. Анықтама тек электронды түрде рәсімделеді. Медициналық ұйым оны ақпараттық жүйеге енгізіп, дәрігердің электронды цифрлық қолтаңбасымен бекітеді.
Қызмет ақылы болып қала береді. Ал 18 жасқа толмаған балалар оқу орнына түсу немесе жұмысқа орналасу кезінде тіркелген жері бойынша медициналық тексеруден тегін өте алады.
Артериялық гипертензияның 2 және 3 дәрежесі, жоғары немесе өте жоғары қауіп деңгейі бар адамдар, сондай-ақ ем қабылдап жүргеніне қарамастан қан қысымы 150/90 мм сынап бағанасынан жоғары болған жағдайда зиянды және қауіпті еңбек жағдайларына жіберілмейді. Кейбір мамандықтар бойынша тексеру нақты өндірістік факторға байланысты жүргізіледі. Мысалы, қорғасынмен жұмыс істейтін қызметкерлердің медициналық тексеруіне психиатр да енгізіледі. Себебі қорғасын жүйке жүйесіне зиян келтіретін зат болып саналады.
Ал бес жылдан астам уақыт бойы қолмен жүк көтеріп жұмыс істейтіндерге электромиография, электронейромиография және бел омыртқасының рентгенографиясы қарастырылады. Кәсіби аурулар мен уланулардың, оның ішінде оларға күдік болған жағдайлардың өндірістік қызметпен байланысы арнайы тәртіппен зерттеледі. Сараптама қорытындысы қағаз және электронды түрде рәсімделіп, пациенттің медициналық құжаттарында сақталады.
Еске салайық, бұған дейін 2022 жылы Астанада жалған медициналық анықтамалар берген деген күдікпен екі емхананың басшысы ұсталған еді. Полиция мәліметінше, олар клиенттермен алдын ала келісіп, еңбекке уақытша жарамсыздық парағы, денсаулық паспорты, санитарлық кітапша және басқа да медициналық анықтамаларды ақылы түрде берген. Аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің 385-бабы (Жалған құжаттарды дайындау, жасау немесе өткізу) бойынша қылмыстық іс қозғалған.
Түлкілер неге қала ішіне емін-еркін кіріп, қар барыстары төмен түсті: Зоолог Алматыдағы жағдайды түсіндірді
