Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жамбыл облысында анасы бір ұлына сыйлаған үйге екіншісі таласып, ағайындылар сотқа дейін барды

Меркі сот
Фото: видеодан скриншот/ЖИ жақсартылған

Жамбыл облысының Меркі ауданында бір отбасының үйіне қатысты мұра дауы сотта татуласумен аяқталды. Іске Билер кеңесі араласып, тараптар медиативтік келісімге келді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Іс материалдарына сәйкес, ерлі-зайыпты 1990 жылы Меркі ауылынан үй сатып алған. Үй анасының атына рәсімделген. Әкесі 1992 жылы қайтыс болғаннан кейін оның ортақ мүліктегі үлесі мұра ретінде жұбайы мен балаларына өтуге тиіс болған.

Алайда 2015 жылы анасы үйді толығымен ұлдарының біріне сыйға берген. Кейін анасы 2024 жылы, ал үйді сыйға алған ұлы 2025 жылы қайтыс болған. Осыдан кейін отбасы мүшелерінің арасында мұраға қатысты мәселе қайта көтерілген.

 Талапкерлер үйдің сыйға берілгенін тек 2026 жылғы маусымда білгенін айтып, мәмілені жарамсыз деп тануды сұрап сотқа жүгінген.

"Істі қарау барысында тараптар дауды бейбіт жолмен шешуге келісті. Меркі аудандық Билер кеңесінің қатысуымен медиативтік келісім жасалды. Келісім бойынша жауапкер сот залында талапкерлердің бірінен кешірім сұрады. Талапкер кешірімді қабылдады. Осыдан кейін үш талапкер де өз талаптарынан бас тартты", – делінген сот хабарламасында.

Сот тараптардың келісімін бекітіп, іс жүргізуді тоқтатты. Үш талапкердің әрқайсысына төлеген мемлекеттік баж салығы қайтарылды.

Сот ұйғарымы әзірге заңды күшіне енген жоқ.

Қарлығаш Асқарова
Бейсенбі, 24 Қыркүйек, 2026 17:24