Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақтауда тоғыз әскери қаза тапқан жағалаудың видеосы жарияланды

ақтау
Фото: Видеодан скрин

Видеода қаза тапқан әскери қызметкерлер қатысқан оқу-жаттығу сәттері көрсетілген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Кадрлар 22 қыркүйекте Ақтауда басталған "Хазар қорғаны – 2026" әскери оқу-жаттығуы кезінде түсірілген. Оған 500-ден астам әскери қызметкер, әскери кемелердің экипаждары, жағалау бөлімшелері, ҰҚК Шекара қызметінің Жағалау күзеті және Әуе қорғанысы күштері қатысқан.

Оқу-жаттығуға қатысқан әскери қызметшілердің арасында қаза тапқандар да болған. Олардың әскердегі қызметін аяқтауына 8-9 күн қалғаны белгілі болды.

Оқиғаға байланысты Ақтауға премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев аттанды.

Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің өкімімен Маңғыстау облысында әскери оқу-жаттығулар өткізу барысында әскери қызметшілердің қаза болу себептерін тергеп-тексеру бойынша үкіметтік комиссия құрылды.

Комиссия құрамына қорғаныс министрі, Маңғыстау облысының әкімі, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Төтенше жағдайлар, Денсаулық сақтау, Көлік министрліктерінің басшылығы, Бас әскери прокурор, сондай-ақ шекара қызметінің өкілдері кірді.

“Премьер-министр Олжас Бектенов Комиссия төрағасы Қанат Бозымбаевқа оқиға орнына шұғыл барып, әскери қызметшілердің қаза болу себептерін тергеп-тексеруді қамтамасыз ету және қаза тапқандардың отбасыларына қажетті көмек көрсету шараларын қабылдауды тапсырды”, – делінген хабарламада.

Еске салайық, бұған дейін Маңғыстау облысында Әскери-теңіз күштерінің оқу-жаттығуы кезінде 19 әскери қызметшіні теңізге алып кеткен. Алдын ала мәлімет бойынша, олардың тоғызы қаза тапты, үшеуі құтқарылды. Қалған жеті адамды іздестіру жұмыстары жалғасып жатыр. Оқиғаның мән-жайын анықтау және іздестіру-құтқару жұмыстарын үйлестіру үшін Маңғыстау облысына қорғаныс министрі Дәурен Қосанов бастаған арнайы комиссия аттанды.

Айым Атамбаева
Бейсенбі, 24 Қыркүйек, 2026 15:07