"Ұмай" форумы: Отбасы банк әйелдерге баспана алудың мүмкіндіктерін таныстырды

Астанада әйелдердің қаржылық сауаты мен кәсіби дамуына бағытталған "ҰМАЙ" форумы өтті. "Отбасы банк" АҚ ұйымдастырған шара әйелдерді бір алаңға жинап, баспана алу, қаржыны басқару, кәсіпті дамыту және мансапта өсу мүмкіндіктерін талқылауға жол ашты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Форумға кәсіпкер әйелдер, түрлі сала мамандары, басшылар, сарапшылар, девелоперлер, дизайнерлер мен әйелдер қауымдастықтарының өкілдері қатысты. Бағдарлама да осы аудиторияның сұранысына сай құрылып, қаржылық тәуелсіздік, жылжымайтын мүлік, кәсіпкерлік, мансап пен әйелдер көшбасшылығы секілді бірнеше бағытты қамтыды. Қатысушылар сарапшылардың пікірін тыңдап қана қоймай, өздерін қызықтырған мәселелер бойынша мамандардан кеңес алуға мүмкіндік алды.

Форум алаңында жылжымайтын мүлік жәрмеңкесі де ұйымдастырылды. Мұнда девелоперлер баспана нарығындағы ұсыныстарын таныстырып, үй алуды жоспарлап жүрген әйелдер тұрғын үй бағдарламалары мен ипотека шарттары жөнінде тікелей ақпарат алды. Ал панельдік пікірталастар мен арнайы сессияларда қаржыны дұрыс жоспарлау, кәсіби даму мен жаңа технологияларды игеру мәселелері сөз болды.

Әйелдерге арналған "Ұмай" бағдарламасының шарттары қандай
Шараның негізгі тақырыптарының бірі – әйелдердің баспанаға қол жеткізу мүмкіндігі. Осы ретте "Отбасы банк" АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Нұрлан Ақшанов сөзін өз әулетіндегі әйелдердің өмір жолынан бастады. Әжелері, нағашы әжесі мен анасының тағдырын еске алған ол бірнеше буынның өмірінен үй мен баспананың әйел үшін қаншалықты маңызды болғанын аңғаруға болатынын айтты.

Ақшановтың сөзінше, жеке баспана әйел үшін тек тұрмыстық жайлылық емес, ертеңгі күнге деген сенім мен дербестіктің кепілі. Осы ойды жалғаған ол ер азаматтарға да үндеу жасап, мүмкіндік болса, қызын 18 жасқа толғанға дейін баспанамен қамтуды ойлаған жөн деген пікір білдірді. Өмірде түрлі жағдай болуы мүмкін, ал бәрі жақсы болып, қызының өмірі өз арнасымен жалғасса (лайым солай болсын) бұл баспана кейін қосымша табыс көзі болып қала береді деді ол.
"Отбасын құрып, оны дамытып, бала тәрбиелеп отырған әйел үнемі жаңа бағыт іздейді. Сондықтан бүгін бір жерде бас қосып, бір-бірімізді тыңдап, тәжірибе алмасуымыз маңызды. Бұл әрқайсымызға жаңа мүмкіндік көруге жол ашады. Форум – қаржылық еркіндік, бизнес, мансап және жаңа технологиялар туралы ашық сөйлесетін алаң", – деді Нұрлан Ақшанов.
Осы тұста банк өкілі әйелдердің баспана алуына арналған "Ұмай" ипотекалық бағдарламасына тоқталды. Оның айтуынша, Азия даму банкімен бірлесіп жүзеге асырылатын екі тұрғын үй бағытына жалпы 90 миллиард теңге қарастырылған.
"Ұмай" арқылы 50 миллион теңгеге дейін несие алуға болады, ал қарызды өтеу мерзімі 25 жылға дейін созылады. Бастапқы жарна Астана мен Алматыда баспана құнының 20%-на, басқа өңірлерде 15%-на тең. Бағдарламаның тағы бір ерекшелігі – Отбасы банктің басқа тұрғын үй бағдарламаларындағыдай үй құнының 50%-ын алдын ала жинау талап етілмейді. Қажетті бастапқы жарна жиналса, өтінім беруге болады.
Бағдарламаға сұраныстың жоғары екенін алғашқы транштың нәтижесі де көрсеткен. Ақшановтың айтуынша, 31 тамызда Қазақстан бойынша 800-ден астам өтінім қабылданған.

"Бірінші траншқа бөлінген 9 миллиард теңге сол күні-ақ игерілді. Бірақ қамықпаңыздар, бағдарламаның екінші траншы қазан айында жүзеге асады деп жоспарланып отыр", – деді ол.
Ақшановтың сөзінше, клиент бейнебанкинг арқылы қашықтан кеңес алып, құжаттарын рәсімдей алады. Бұл ретте маман несие шарттары мен төлем тәртібін түсіндіріп, бүкіл үдеріс барысында клиентпен бірге жұмыс істейді.
"Ипотека – 20 жылдан астам уақытқа созылатын маңызды қаржылық шешім. Сондықтан біз клиентті компьютер алдында жалғыз қалдырмаймыз. Мамандар барлық шартты, төлемдерді және рәсімдеу кезеңдерін түсіндіріп, шешім қабылдауға көмектеседі", – деді Нұрлан Ақшанов.
Оның айтуынша, бейнебанкир қызметі Қазақстанның барлық өңіріндегі азаматтарға қолжетімді.
Баспанаға жеткізетін жол қаржылық жоспардан басталады
Форум аясында кәсіп бастау мен оны дамыту, жеке және кәсіби өсу, бала тәрбиесі мен отбасылық құндылықтар секілді бірнеше бағытта пікірталастар өтті. Осы мазмұнды әңгімелердің қатарында қаржыгер Сұлтан Елемесов баспананы ұзақ жыл күтпей, бірнеше жыл ішінде алуға мүмкіндік беретін қаржылық жоспарлау тәсілдерін түсіндірді.

Оның айтуынша, үй алуды жоспарлаған адам ең алдымен нақты мақсатын, оған жететін мерзімді және ай сайын қанша қаражат жинай алатынын есептеп алғаны жөн. Қаржылық тәртіп те осы қарапайым қағидадан басталады.
"Егер адамның мақсаты мен оған жететін мерзімі белгілі болса, қажет қаражатты да есептеуге болады. Осыдан кейін жинақ жоспарын құру жеңілдейді. Қаржы мәселесінде эмоцияға емес, есепке сүйенген дұрыс. Сонда ипотеканың отбасы бюджетіне қаншалықты салмақ түсіретінін де алдын ала бағалауға болады", – деді Сұлтан Елемесов.
Қаржыгер бұдан кейін Отбасы банктегі тұрғын үй, аралық және алдын ала қарыз түрлерінің айырмашылығына тоқталды. Оның сөзінше, бір жағдайда баспана құнының 50% алдын ала жинау қажет болса, арнайы бағдарламалар арқылы бұдан аз жинақпен де несие рәсімдеуге мүмкіндік бар.
"Қарыз түрін таңдағанда тек пайыздық мөлшерлемеге қарау жеткіліксіз. Депозитте қанша қаражат жиналғанын, оның мерзімін және бағалау көрсеткішін бірге есептеу керек. Алдын ала қарыз кезінде төлемнің бір бөлігі пайызды өтеуге, екінші бөлігі депозитті толықтыруға жұмсалады. Сондықтан әр адам өз мүмкіндігіне сай келетін нұсқаны таңдауы қажет", – деді қаржыгер.
Кеңестен нақты шешімге дейін

“Жалақы түскенде бірден Отбасы банктегі депозитті толықтырамын”
Іскерлік бағдарламамен қатар, шара алаңында жылжымайтын мүлік жәрмеңкесі өтіп, девелоперлер тұрғын үй нарығындағы ұсыныстарын таныстырды. Ал "Отбасы банк" мамандары баспана алуды жоспарлап жүрген қатысушыларға жеке кеңес беріп, олардың мүмкіндігіне қарай ипотекалық бағдарламалардың шарттарын түсіндірді. Кеңес алуға келгендердің арасында журналист Назгүл Пахман да болды.
"Қазір жасым 27-де, бес жылдан бері тұрақты түрде ақша жинап келемін. Жалақым түскен сайын оның шамамен 20-30%-ын міндетті түрде Отбасы банкіндегі депозитіме аударамын. Бұл ақшаны күнделікті қажетіме жұмсамауға тырысамын, өйткені алдыма нақты мақсат қойдым. Соның арқасында қазір “Ұмай” бағдарламасы арқылы алғым келетін пәтердің бастапқы жарнасына жететіндей қаражат жиналып қалды. Астанада әкем алып берген пәтерім бар, бірақ өз еңбегіммен, өз жинағыммен де баспана алғым келеді. Маған көмектескен ең қарапайым қағида – жалақы түскен бойда жинаққа арналған соманы бірден бөліп қою. Қалған ақшаны содан кейін ғана күнделікті шығынға жұмсаймын. Бүгін банк мамандарынан “Ұмай” бағдарламасының талаптарын нақтылап алдым, енді келесі транш ашылғанда өтінім беруді жоспарлап отырмын", – деді ол.
Осылайша, шарада айтылған қаржылық жоспарлау мен баспанаға қол жеткізу мүмкіндіктері кей қатысушылар үшін жай ақпарат күйінде қалмай, нақты әрекетке бастайтын шешімге айналды.
Түлкілер неге қала ішіне емін-еркін кіріп, қар барыстары төмен түсті: Зоолог Алматыдағы жағдайды түсіндірді