"Тілге қарсы күресу – Жаратқанға қарсы шығу": Тоқаев тіл мәселесін тағы көтерді

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Халық Кеңесінің алғашқы сессиясында мемлекеттік тілдің рөліне тоқталып, қазақ тілінің қоғамдағы қолданысы мен тіл мәселесіне қатысты арандатушылықтар туралы айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Президент қазақ тілінің ешқандай әкімшілік немесе саяси мәжбүрлеусіз кеңейіп, көпшіліктің тіліне айналғанын мәлімдеді.
"Осыған дейін бірнеше мәрте айтқанмын: ұлтты ұйыстырып, мемлекетіміздің іргесін бекемдейтін ең маңызды фактор – мемлекеттік тіл. Бұрын болжаммен, долбармен ғана айтылатын жағдай қазір шындыққа айналды. Қазақ тілі қандай да бір әкімшілік, тіпті саяси мәжбүрлеусіз өрісі кеңейіп, көпшіліктің тіліне айналды. Әсіресе, жастарымыздың қазақ тілінде еркін, сауатты сөйлейтіні қуантады. Ана тіліміз мемлекеттік тіл ретінде сұранысқа ие, ұлттық мәдениетімізді, болмысымызды шырайлы да шұрайлы туған тіліміз арқылы көрсетеміз. Қазақ тілінде бір ауыз сөз айта алмау білімсіздіктің белгісіне айналды", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сонымен қатар мемлекет басшысы қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту өзге тілдерден бас тарту немесе оларды шеттету дегенді білдірмейтінін атап өтті. Президент Конституцияда азаматтарды тіліне, тегіне, ұлтына, діни көзқарасы мен нанымына байланысты кемсітуге тыйым салынғанын еске салды.
"Соған қарамастан ара-тұра кейбір тісқаққан арандатушылар әлеуметтік желіде ұлтараздықты қоздырып, әдейі отқа май құяды. Мына нәрсені түсінген жөн. Олардың көздегені біреу – қоғамды әлсіретіп, Қазақстанның Егемендігіне нұқсан келтіру, елді бірліктен айырып, бейбіт, алаңсыз өміріміздің астаң-кестеңін шығару. Сондықтан құқық қорғау органдары мен тұтас қоғам бұған табанды түрде қарсы тұруы керек. Конституцияда бекітілген "Заң мен тәртіп" қағидатына сай әрекет етуіміз қажет", – деді Президент.
Тоқаев сөз арасында қандай да бір тілге қарсы күрес жүргізуге болмайтынын айтып, түрлі ұлт өкілдерінің қазақ тілі мен мәдениетін насихаттап жүргеніне тоқталды.
"Тіл – Жаратқанның адам баласына берген ең үлкен игілігі, теңдессіз сыйы. Қандай да бір тілге қарсы күрес жүргізу – Жаратқанға, оның нығметіне қарсы шығу. Сірә, бұдан асқан ақымақтық болмас. Сондықтан тіл, қандай тіл болса да, бірлік пен өркениеттің өлшемі болуға тиіс. Бүгінгі таңда түрлі ұлттың жастары қазақ тілі мен мәдениетін кеңінен насихаттап жүр. Бұған қалай қуанбайсың?" – деді Мемлекет басшысы.
Президент мұндай азаматтардың қоғамдағы тұрақтылықты сақтауға үлес қосатынын айтып, оларды мемлекет те елеусіз қалдырмайтынын жеткізді. Сондай-ақ "Ел бірлігі" орденіне лайық азаматтарды Қазақстан Халық Кеңесі ұсынғаны дұрыс деп есептейтінін айтты.
Аптап ыстық 450 мың адамның өмірін қиюы мүмкін: Эль-Ниньо Қазақстанға қалай әсер етеді?