Ұлдана Мырзуан ісі: прокурор Сәуле Жұбаниязоваға 2 жыл бас бостандығын шектеу жазасын сұрады
Астанада фельдшер Ұлдана Мырзуанның қазасына қатысты сотта жарыссөз басталды. Мемлекеттік айыптаушы соттан МИБ төрайымы Сәуле Жұбаниязованы кінәлі деп танып, оған 2 жылға бас бостандығын шектеу жазасын тағайындауды сұрады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Мемлекеттік айыптаушы жаза тағайындау кезінде сотталушының бұған дейін сотталмағанын, кәмелетке толмаған балалары барын және жауаптылықты ауырлататын мән-жайлар анықталмағанын ескеруді сұрады. Осыған байланысты прокуратура ең қатаң жаза тағайындауды қажет деп санамайтынын жеткізді.
"Жұбаниязованы Қылмыстық кодекстің 254-бабында көзделген қылмыстық құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танып, оған екі жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасын тағайындауды сұраймын. Сондай-ақ кондоминиум нысандарын басқаруға байланысты кез келген қызметпен айналысу құқығынан үш жылға айыруды сұраймын. Жұбаниязова бұрын сотталмаған. Жауаптылық пен жазаны жеңілдететін мән-жай ретінде кәмелетке толмаған балаларының болуын ескереміз. Жауаптылық пен жазаны ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ. Сондықтан мемлекеттік айыптау тарапы ең қатаң жаза түрін талап етуді қажет деп санамайды", – деді мемлекеттік айыптаушы.
Прокурордың пайымынша, Жұбаниязова үйдің техникалық жағдайы мен қасбетті жөндеу қажеттігі туралы мәліметтерге ие бола тұра, оның жағдайын тиісті деңгейде бақылауды ұйымдастырмаған. Айыптау тарапы сот сараптамасына сүйеніп, қасбеттің бұзылу процесі ұзақ уақыт жүргенін және ақауларды тиісті тексеру кезінде анықтауға мүмкіндік болғанын мәлімдеді.
Мемлекеттік айыптаушы Ұлдана Мырзуанға кондиционер құлап жарақат салды деген нұсқа сотта зерттелген дәлелдермен расталмады деп мәлімдеді. Прокуратураның нұсқасы бойынша, фельдшерге қасбеттің қаптама кірпіштерінің бөлшектері түскен. Сондай-ақ айыптау тарапы құрылыс кезінде жіберілуі мүмкін кемшіліктер кейін үйді басқарған тұлғаны ортақ мүлікті күтіп ұстау міндетінен босатпайды деген ұстаным білдірді.
Прокурор соттан Калиеваның азаматтық талабын ішінара қанағаттандырып, өкілге кеткен шығын мен материалдық залалды толық, ал моральдық зиян ретінде 3 миллион теңге өндіруді сұрады. Нұрпейісованың азаматтық талабын да ішінара қанағаттандыру туралы өтініш айтылды.
