"10 адамның 10-ы 100 балл алды": Қазақстандық талапкерлер докторантурадағы бағалаудың әділдігіне күмәнданды
Қазақстанда докторантураға түсу үшін талапкерлер жылына екі рет емтихан тапсыра алады. Кезекті қабылдау науқаны қарсаңында әлеуметтік желілерде емтиханды бағалау мен апелляцияның әділдігіне қатысты шағымдар көбейіп келеді. Талапкерлер әсіресе жұмыстарды өздері түсіп жатқан университеттің қызметкерлерінен құралған комиссияның тексеруіне және мүдделер қақтығысы болуы мүмкін екеніне күмән келтіреді. Stan.kz докторантураға түсу емтихандары қалай бағаланатынын және апелляцияның қалай жүргізілетінін анықтады.
Талапкерлердің кейбірі мұндай жүйеде университеттің өзіне кімнің түсетінін таңдауға мүмкіндік пайда болуы мүмкін деп қауіптенеді. Мәселен, кафедрада жұмыс істейтіндерге, университетпен қандай да бір байланысы бар адамдарға немесе танымал талапкерлерге артықшылық берілуі мүмкін деген де күдік айтылады.
Комиссия мүшелері кім?
Талапкер көтеріп отырған негізгі мәселелердің бірі – докторантураға түсу емтиханында талапкерлердің жұмыстарын бағалайтын комиссияның құрамы.
Алишер Омардың айтуынша, комиссия мүшелері туралы ақпарат құпия болып қалады. Сөзінше, бірақ комиссия университет қызметкеркерлерінен құралады.
"Бұл емтиханның әділетті өтуін қамтамасыз ету үшін жасалатын шара. Сондықтан да мен комиссияда кімдер болғанын білмеймін. Тек комиссияның университет қызметкерлерінен құрылғанын білемін. Комиссияның университет жұмысшыларынан құрылатыны Білім министрлігінің бұйрығымен бекітілген факт", – дейді ол.
Талапкердің айтуынша, оның комиссия мүшелерінің аты-жөндерін біліп, жеке тергеу жүргізуге мүмкіндігі де, өкілеті де болмаған. Сондықтан бұл мәселені прокуратураға, ҰҚК-ге, Антикорға, Білім министрлігіне және басқа да уәкілетті органдарға хат арқылы жолдаған.
Оның негізгі сұрағы комиссия мүшелерінің жеке басына емес, бағалау жүйесінің құрылымына қатысты.
"Талапкерлерді іріктейтін комиссияның сол жоғары оқу орнының ішінде жасақталуы әділдік пен тәуелсіздікке күмән келтіреді. Мұндай тәртіп сыбайлас жемқорлық қаупін күшейте түседі. Бұл жердегі әңгіме комиссия мүшелерінің бәрі бірдей алаяқ немесе адал емес деуден аулақпыз. Мәселе – докторантураға түсудің ортақ тәртібінде. Жүйеде ықтимал мүдделер қақтығысына және сыбайлас жемқорлыққа жол беретін олқылықтар қалмауы тиіс", – дейді Алишер Омар.
"Грантты сол университетте жұмыс істейтін қызметкерлер ғана алды"
Айдана (аты-жөні өзгертілген) осыдан екі жыл бұрын докторантураға түсуге талпынған. Оның айтуынша, сол жылы шамамен 10 грант бөлініп, өзі 100 балдың 97-сін жинаған. Алайда грантқа өткен талапкерлердің барлығы 100 балл алған. Олардың арасында өзі құжат тапсырған университетте бұрыннан сабақ беріп жүрген оқытушылар мен қызметкерлер де болған.
"Мен тапсырғанға дейін IELTS 5,5-6 балымен ғана өтінім беруге мүмкіндік беретін. Одан кейін менің жылымда Duolingo, TOEFL дегендерді енгізіп, шектік баллды төмендетті. Сол кезде шамамен 8-10 грант бөлінді. Мен тапсырып жатқан университетке бұрыннан сабақ беріп жүрген ағай, апайлар өтінім берді. Менде IELTS 6,6 болды. Жазбаша тапсыру кезінде, яғни тестте мен максималды балл алдым. Негізі бірінші турда бәріміздің баллымыз шамалас болды. Ол жерде төмен балл алған ешкім болмады. Мен де максималды 50 баллды алдым. Екінші кезең шешуші сұхбат кезеңі болды. Сұхбаттасуда 50-ден 47 балл алып қалдым. Комиссия құрамында сол университетте оқытушы болып жүрген ұстаздар болды. Сол кезде сұхбатта аталған университетте жұмыс істемейтіндер, негізінен сырттан келгендер аз балл алып қалды. Негізі аз дейтіндей аз балл емес. 100-ден 97 балл алдым. Бірақ грантқа қабылданғандар 100/100 алғандар болды", – дейді Айдана.
"10 адамның 10-ы 100 баллмен түскені біртүрлі көрінді"
Айдананың айтуынша, оны ең алдымен грантқа өткен талапкерлердің барлығы бірдей максималды балл алғаны ойландырған. Оның пікірінше, 100 баллдың ішінен 99, 98 немесе 97 балл алған талапкерлердің бірде-бірінің грант тізіміне енбеуі күдік туғызған.
"Біріншіден, 100-ден 100 алғанның бәрін өткізу, тіпті 99, 98, 97-нің грант тізімінде болмауы мен үшін біртүрлі көрінді. Яғни грантқа өткен 10 адамның 10-ы 100 баллмен түсті. Бәрі бірдей абсолютті жауап беруі мүмкін емес қой деп ойладым. Жарайды, мен түспей қалдым. Менің деңгейім жетпеді, мүмкін кінә өзімнен деп ойлайын десем, мен сол кезде сол университетке түсе алмаған соң шетелге тапсырып, Еуропаға грант ұтып алдым. Ондай кезде: "Сонда бұл университеттің деңгейі Еуропаның маңдайалды жоғары оқу орындарынан да асып түсе ме?" деген заңды сұрақ туындайтыны анық", – дейді ол.
"ҰБТ-мен салыстыруға келмейді": талапкерлер емтиханның субъективтілігіне алаңдайды
Ал әлеуметтік желідегі пікірлерге қарағанда, докторантураға түсу емтиханына қатысты күдік тек комиссияның құрамымен шектелмейді. Кей талапкерлер емтиханның өзі адам факторына тым тәуелді деп санайды.
Мысалы, әлеуметтік қолданушысы докторантура емтиханын ҰБТ-мен салыстыруға болмайтынын жазған.
"Түйме басып балл алатын тестілеу мен адамның субъектілі бағалауын шатастырмаңыз. ҰБТ – компьютер, ал PhD емтиханы – комиссия. ҰБТ мен докторантураны өзара салыстыруға мүлдем келмейді. Компьютер ешкімге бүйрек бұрмайды, түймені басасың – әділ бағаң шығады. Ал докторантура емтиханы – таза субъектілі бағалау. Ол жерде сен біреудің жеке талғамына, амбициясына және көзқарасына тікелей тәуелдісің. Екеуінің айырмашылығы жер мен көктей", – деп пікір білдірді ол.
Бұл пікір докторантура емтиханына қатысты негізгі мәселенің бірі – адамның жауабын адам бағалайтын жүйеде объективтілікті қалай қамтамасыз ету керек деген сұрақты алға шығарады.
Министрлік болса, бағалаудың объективтілігін қамтамасыз ету үшін талапкерлердің жұмыстары жеке код бойынша тексерілетінін мәлімдеді. Алайда әлеуметтік желідегі пікірлерге қарағанда, талапкерлердің бір бөлігі бұл тетіктің өзі олардың күдігін толық сейілте алмай отыр.
"68 баллдан 84 балға өзгерді": талапкердің оқиғасы
Әлеуметтік желіде Omar Alisher есімді қолданушы докторантураға түсу емтиханына қатысты жазба жариялап, өз тәжірибесімен бөлісті.
Алишер Омар Еуразия ұлттық университетінің 8D03107 – "Этносаясаттағы дипломатия және менеджмент" білім беру бағдарламасына докторантураға түсу үшін емтихан тапсырған.
Оның айтуынша, емтиханның алғашқы нәтижесінде 68 балл алған. Алайда апелляцияға бергеннен кейін нәтижесі 84 баллға өзгерген.
"Емтиханның алғашқы қорытындылары шыққанда, мен өзімнің ҰТО-дағы жеке кабинетіме өтіп қарағанымда 68 деп тұрды. Одан кейін апелляция бергеннен кейін оның орнына “Өңделуде” деп жазылып тұрды. Нәтижесінде бірден 84 баллға өзгертілді", – дейді ол.
Бір жағынан, бұл апелляциялық механизмнің жұмыс істейтінін көрсетуі мүмкін. Алайда дәл осы жағдай талапкердің бағалау жүйесіне қатысты басқа сұрақтар қоюына себеп болған. Алишер Омардың айтуынша, ол апелляция кезінде нақты дәлелдер келтіріп, бастапқы бағалауда кеткен қателіктің неден болғанын сұраған. Бірақ оған бастапқы комиссияның нақты қандай қателік жібергені толық түсіндірілмеген.
"Менің апелляцияда нақты дәлелдер келтіріп, сұрағаныма қарамастан бастапқы комиссия жіберген қате нақты неден болғаны маған түсіндірілмеді", – дейді ол.
"Пысықтар оның да жолын тауыпты"
Әлеуметтік желіде докторантураға қабылдаудың өзіне ғана емес, одан кейінгі ғылыми процестерге қатысты да сыни пікірлер айтылып жүр.
Мәселен, желі қолданушысы докторантураға түсу талаптарының өзгеруіне байланысты пікір білдіріп, білім беру жүйесіндегі басқа да мәселелерге назар аударған.
"Докторантураға Duolingo қосқаны дұрыс па, бұрыс па білмеймін, пысықтар оның да жолын тауыпты! Басқа түсу емтихандарын да ұф-суф жасайды! Оқуға түсіп алып, мақалаларын біреуге жаздырады, диссертациясын екінші біреу… қорғаудағы ұсақ-түйекті үшін үшінші біреу тыңдырады! Шетелге шығатын тұсында өзі кетеді, сөйтіп су жаңа PhD шығады. Біздегі ғылымның сиқы осы әзірге!" – деп жазған ол.
"Комиссия талапкердің кім екенін біле ме?": Әлеуметтік желідегі тағы қандай сұрақтар көтерілді
Талапкерлер мен өзге де қолданушылар комиссияның құрамы, талапкер туралы ақпараттың құпиялығы, сұхбат кезіндегі субъективті бағалау және мүдделер қақтығысы туралы сұрақтар қойған.
Мысалы, желі қолданушысы Ұлттық тестілеу орталығына сауал жолдап, докторантура емтиханында талапкердің өзі жұмыс істейтін кафедра туралы ақпарат комиссияға белгілі бола ма деген мәселені көтерген.
"Докторантураның емтиханы бойынша ҰТО-да тапсырған жұмысымызды нақты кім тексереді? Сұхбаттасуды қабылдаған кафедраның комиссиялық құрамы тексере ме? Тексеру барысында тапсырушының жеке деректері көрініп тұрады ма, әлде анонимді ме? Егер кімнің жұмысы екенін біліп тұрса, сұхбаттасу кезеңіндегідей өз оқу орнының түлектеріне басымдық береді емес пе? Ондай болса сырттан тапсырып түсу мүмкін емес қой. Ықтималдылығы өте аз болады", – деп жазған ол.
Бұл сұрақ докторантураға сырттан түсетін талапкерлердің мүмкіндігіне қатысты тағы бір мәселені алға шығарады. Яғни талапкер университеттің өз түлегі болмаса немесе сол оқу орнында жұмыс істемесе, оның бағалануына әсер ететін факторлар бар ма деген сауал туындайды.
Осы пікірге жауап берген тағы бір желі қолданушысы да сырттан докторантураға түсу қиын екенін естігенін жазған.
"Сырттан барып докторантураға түсу өте қиын екен естуім бойынша. Мүмкін емес деп те айтуға болады. Егер емтихан мынадай автор айтқандай тексерілсе, онда ешқандай әділдік жоқ", – деп пікір білдірген ол.
Қолданушы мұндай жағдайда мүдделер қақтығысы туындауы мүмкін екенін де мысалмен түсіндірген.
"Мысалы бір кафедрада жұмыс жасап, әріптесі докторантураға тапсырып жатса, әрине ол “көмектеседі”", – деп жазған.
Яғни әлеуметтік желідегі пікірлерде бір мәселе бірнеше қырынан қайталанады: комиссияның талапкердің кім екенін білуі, оның университетпен байланысы, сұхбат барысында субъективті баға берілуі және бағалаушы тараптың талапкер түсіп жатқан оқу орнымен байланысы болмауы.
"Комиссия кемінде 5-7 адамнан тұрады"
Алайда пікірлердің барлығы бірдей комиссия жұмысының ашықтығына күмән келтірмейді.
Мәселен, желі қолданушысы емтихан комиссиясының құрамына қатысты өз түсінігін жазып, талапкердің аты-жөні емтихан алушыға көрінбейтінін атап өткен.
"ФИО претендента экзаменаторға көрінбейді. Комиссияда кемі 5-7 адам", – деп жазған ол.
Оның пікірінше, комиссия мүшелерінің саны бірнеше адамнан тұратындықтан, бір адамның жеке көзқарасы бүкіл бағалауға толық әсер ете алмайды деген ұстаным бар.
Алайда әлеуметтік желідегі басқа пікірлермен бірге қарағанда, бұл жерде тағы бір сұрақ туындайды: комиссия мүшелерінің саны көп болғанымен, олардың барлығы бір университеттің қызметкерлері болса, бұл тәуелсіздік мәселесін қаншалықты шешеді?
"Жүйе адамның адалдығына емес, тәуекелдің алдын алуға құрылуы керек"
Алишер өз пікірін "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы" Қазақстан Республикасының заңындағы нормалармен байланыстырады.
Оның айтуынша, заңның 8-бабында мемлекеттік органдар, ұйымдар және квазимемлекеттік сектор субъектілері сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтап, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарға ықпал ететін себептер мен жағдайларды жою бойынша шаралар қабылдауы тиіс екені көрсетілген.
Ал заңның 15-бабы мүдделер қақтығысын болдырмау және оны шешу жөнінде шаралар қабылдауды талап етеді.
Осыған байланысты талапкер докторантураға түсушілердің тағдырын шешетін комиссия сол талапкерлер оқуға түсіп жатқан университеттің ішінде құрылса, объективтілікке қатысты сұрақтардың туындауы заңды деп есептейді.
Оның пікірінше, талапкердің нақты қалай бағаланатыны ғана емес, оның бағалануы сырт көзге де тәуелсіз әрі әділ көрінуі маңызды.
"Меніңше, мұндай жағдайда біз тек комиссия мүшелерінің адалдығы мен тәртіптілігіне сүйеніп қалмауымыз керек. Жүйенің мақсаты – адамның адалдығын ықтимал тәуекелдер жағдайында сынау емес, сол тәуекелдердің өзін барынша болдырмау. Мәселе тек ақша үшін біреуге артықшылық беруде емес. Мысалы, тікелей материалдық пайда болмаса да, комиссия мүшесі өзінің жақынын, туысын, танысын немесе басқа да байланысы бар адамды қолдауы мүмкін. Бұл міндетті түрде осындай жағдай болды деген сөз емес. Бірақ жүйе осындай мүмкіндікке жол берсе, тәуекел бар деген сөз. Бұл жерде кісілік фактор орын алады", – дейді Алишер Омар.
Бірінші басшылардың жауапкершілігі туралы
Талапкер бұл мәселені университет басшылығының жауапкершілігімен де байланыстырады.
Оның айтуынша, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті квазимемлекеттік сектор субъектісі.
"Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы" Заңның 8-бабына сәйкес, мемлекеттік органдардың, ұйымдардың және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің басшылары сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылыққа жағдай жасайтын себептерді жоймағаны үшін тәртіптік жауапқа тартылады. "Өйткені мәселе тек ақша үшін артықшылық беруде емес: адам жақынын, туысын немесе танысын қолдауы мүмкін. Мұндай жағдай орын алды деп айтып отырған жоқпын, бірақ жүйеде мұндай мүмкіндік болмауы тиіс", – дейді Алишер Омар.
"Басқа ЖОО өкілдерін қою керек"
Талапкер комиссия құрамына басқа мамандарды енгізу қажет деп санайды. Бірақ ЖОО өкілдерін емес. Ол жоғары оқу орындарының бір-бірімен бақталас болатынын да ескеру керек деп есептейді.
"Университеттер бір-бірімен бақталас болады, соны ескеру керек. Сондай бақталастық жағдайында қарапайым талапкерлер зардап шегуі мүмкін. Мысалы, бақталас университеттің талапкерлеріне әдейі төмен баға қою арқылы өткізбеу. Мұндай жағдай бұрын болған. Университеттер бір-бірінің студенттерін құлатқан, сосын бағалауды әр университеттің өзіне беріп қойды. Бұл туралы мен видео жазып айтқанмын", – дейді ол.
Алайда бұл айтылғандар талапкердің жеке тәжірибесі мен пікірі екенін, нақты заң бұзушылықтың дәлелі ретінде қабылданбауы керегін атап өткен жөн.
Министрлік не дейді?
Талапкерлердің шағымдары мен бағалау жүйесіне қатысты күдіктерге байланысты Stan.kz редакциясы Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігіне сауал жолдады.
Министрліктің Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті докторантураға түсу емтихандарын өткізу, бағалау және апелляция тәртібіне қатысты түсініктеме берді.
Ведомствоның жауабында Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2018 жылғы 31 қазандағы №600 бұйрығымен бекітілген Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарына оқуға қабылдаудың үлгілік қағидаларына сәйкес докторантураға түсу емтихандарын өткізу және түсушілердің жұмыстарын бағалау жоғары оқу орындарының емтихан комиссиялары арқылы жүзеге асырылатыны айтылған.
Яғни қолданыстағы тәртіп бойынша талапкерлердің жұмыстарын бағалайтын комиссияның университет ішінде құрылуы – ережеге қайшы емес.
Сонымен қатар министрлік бағалаудың объективтілігін қамтамасыз ету үшін арнайы механизм қарастырылғанын атап өтті.
"Бағалаудың объективтілігін қамтамасыз ету мақсатында түсушілердің жұмыстары түсушінің жеке коды бойынша тексеріліп, қарау нәтижелері цифрлық жүйе арқылы нәтижелерді одан әрі жариялау үшін Ұлттық тестілеу орталығына жіберіледі", – деп хабарлады ведомство.
Демек, комиссия талапкердің аты-жөніне қарап емес, оның жеке коды арқылы жұмысын тексеруі тиіс.
Апелляциялық комиссия қалай құрылады?
Министрліктің мәліметінше, түсу емтиханының нәтижелерімен келіспеген тұлғалардың өтініштерін қарау үшін апелляциялық комиссиялар құрылады.
Үлгілік қағидалардың 22-тармағына сәйкес, білім беру бағдарламаларының топтары бойынша емтихан және апелляциялық комиссиялар тиісті бейін бойынша жоғары оқу орнының профессор-оқытушылар құрамы, ғылым докторы немесе кандидаты ғылыми дәрежесі не философия докторы (PhD) дәрежесі бар қызметкерлер қатарынан қалыптастырылады.
Комиссия құрамы комиссия төрағасы көрсетіле отырып, жоғары оқу орны басшысының бұйрығымен бекітіледі және уәкілетті органға жіберіледі.
Бұл жерде министрлік маңызды бір талапты атап өтті: апелляциялық комиссия мүшелері емтихан комиссиясының құрамына кірмейді.
Яғни талапкердің жұмысын бастапқыда бағалаған комиссия мүшесі кейін сол бағалауға қатысты апелляцияны қарамауы керек.
Министрліктің жауабына сәйкес, апелляция қорытындысы бойынша тиісті негіздер болған жағдайда бастапқы бағалау нәтижесі өзгертілуі мүмкін.
Ал апелляциядан кейін бағаның өзгеруінің негізділігі талапкердің апелляциялық өтінішін қарау материалдары негізінде бағаланады.
68 баллдың 84 балға өзгеруі қалай түсіндіріледі
Алишер Омардың жағдайында бастапқы 68 балл апелляциядан кейін 84 баллға өзгерген.
Министрлік мұндай өзгерістің қолданыстағы тәртіп бойынша мүмкін екенін растады.
Яғни апелляциялық комиссия бастапқы бағалауда қате немесе қайта қарауға негіз болатын жағдай бар деп тапса, нәтиже өзгеруі мүмкін.
Алайда талапкердің негізгі сұрағы – нәтиженің өзгергені ғана емес, бастапқы бағалаудағы қате нақты неден кеткені және оның не себепті болғаны.
Алишер Омардың айтуынша, ол осы мәселе бойынша түсініктеме сұрағанымен, өзіне бастапқы комиссияның нақты қандай қателік жібергені толық түсіндірілмеген.
Бұл жерде 68 және 84 балдың арасындағы 16 балдық айырмашылық та назар аудартады.
Бір жағынан, апелляцияның нәтижесінде бағаның өзгеруі – ережеде қарастырылған қалыпты рәсім. Екінші жағынан, талапкерлер үшін бағалаудың не себепті өзгергені туралы ақпараттың ашық болуы жүйеге деген сенім тұрғысынан маңызды.
Министрлік бақылау жүргізе ме?
Ғылым және жоғары білім министрлігі өз жауабында бұл мәселе назардан тыс қалмайтынын мәлімдеді.
"Жоғары оқу орнының докторантураға түсу емтихандарын ұйымдастыру және өткізу мәселелері білім алушыларды жоғары оқу орнына қабылдау қорытындылары бойынша жүргізілетін мониторинг шеңберінде қарастырылатын болады", – деп хабарлады министрлік.
Яғни докторантураға қабылдау қорытындысы бойынша жүргізілетін мониторинг барысында емтихандарды ұйымдастыру және өткізу мәселелері де қаралуы мүмкін.
Түйткіл неде?
Бұл жерде бір-біріне қарама-қайшы екі позиция пайда болады. Бір жағында – қолданыстағы ереже. Ол бойынша докторантураға түсу емтиханын университеттің емтихан комиссиясы өткізеді, жұмыстар жеке код арқылы тексеріледі, ал келіспеген талапкер апелляция бере алады.
Екінші жағында – талапкерлердің жүйеге деген сенімі. Өйткені емтиханды ұйымдастыратын, комиссияны қалыптастыратын және апелляцияны қарайтын құрылымдардың барлығы университет жүйесінің ішінде орналасқан.
Бұл ретте комиссия мүшелерінің барлығы университет қызметкерлері екені олардың міндетті түрде тәуелсіз емес екенін білдірмейді. Сол сияқты талапкерлердің күдігі де нақты заң бұзушылықтың дәлелі бола алмайды.
Бірақ жоғары білім саласындағы кез келген іріктеу рәсімінде нәтиженің ғана емес, бағалау процесінің сырт көзге де әділ әрі тәуелсіз көрінуі маңызды.
Әсіресе докторантура жағдайында бұл мәселенің салмағы ауыр. Себебі әңгіме қарапайым емтихан бағасына келіп тірелмейді. Бірнеше жыл бойы ғылыми зерттеу жүргізетін, кейін ғылым мен жоғары білім саласында жұмыс істейтін мамандарды іріктеу туралы сөз болып отыр.
Ал алдағы қарашадағы қабылдау науқаны қарсаңында әлеуметтік желіде мұндай сұрақтардың қайта көтерілуі жүйенің талапкерлерге бағалау тәртібін барынша ашық түсіндіру қажеттігін көрсетеді.
Министрлік өз жауабында қолданыстағы механизмдерді атап өтті. Ендігі мәселе – сол механизмдердің талапкерлердің күдігін сейілтіп, олардың емтихан нәтижесіне деген сенімін қамтамасыз ете алуында.
Stan.kz редакциясы докторантураға түсу емтихандарына қатысты талапкерлердің пікірін, сарапшылардың бағасын және қолданыстағы ережелердің қалай жұмыс істейтінін зерттеуді жалғастырады.